Accessibility links

Қазақстан ұлттық танкерлік флотын құрып жатыр


Ақпанның 21-і күні парламентте сөйлеген Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник елдің ұлттық танкерлік флотын құру жобасы жүзеге асырылып жатқаны туралы депутаттарды хабардар етті.


Министр Владимир Школьник қазіргі уақытта Қазақстан мұнайы тасымалының негізгі бағыты ресейлік бағыт болып қалып отырғанын, өткен жылы экспортқа 52, 6 миллион тонна мұнай тасымалданғанын айтты.

Владимир Школьник, сондай-ақ мұнай тасымалында Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан транспорттық жүйесі жобасын құруға дайындық жұмыстарының жасалып жатқанын және Қытай еліне табиғи газды жеткізу мүмкіндіктерінің қаралып, Қазақстан-Қытай газ құбырының құрлысын салу нұсқаларын бірлесіп зерттеу өткізіліп жатқандығын хабарлады.

Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, ұлттық танкер флотын жасау жобасында екі қазақстандық танкер құрылып, олардың бірі сынақтан өтіп жатыр, ал екіншісі Выборгте суға жіберілген және үшінші танкерді жасау жұмыстары қолға алынған. Ол биылдың соңына қарай дайын болмақ.

- Қазіргі заманғы бұл кемелердің бірі көктемде Ақтауға Каспий теңізіне түседі, - деді министр Школьник.

Ол сондай-ақ, «Орта Азия-Орталық» газ транспорттық жүйесін модернизациялау жобасы бойынша да жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты.

- Біз Түркіменстан мен Ресей Федерациясы арасында газ өндірісінде батыс Еуропаға ресей газ жүйесі, біз арқылы газды тасымалдауды ұлғайту жөнінде келісім жасалғанын білеміз. Бұл газ құбыры жүйесі қуатын арттыруға мүдделіміз және Қазақстан бұл жұмысты өз қаржысы есебінен іске асыруы тиіс деп есептеймін, - деді Владимир Школьник.

Министр қазіргі уақытта табиғи газды жеткізу үшін Қазақстан-Қытай газ құбырын салу нұсқаларының мүмкіндіктерінің қаралуын келешегі үлкен нарық деп есептейді.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы министрге елді-мекендерді газдандыру бағдарламасы көп жағдайда қағаз жүзінде қалып отыр деген сайлаушы реніші барын, Ақтөбе облысындағы елді мекендер жанып жатқан газ қызығын көре алмай отырғандығын жеткізді.

Ал, депутат Нұрпейіс Махашев мұнайлы өңір Атырау аймағында жастарды жұмыспен қамту үшін жаңа кен орындары керек деген мәселені көтерді. Депутаттар тарапынан бұрын жасалған келісім-шарттарды қайта қарау жөнінде пікір айтылды. Алайда, министр Владимир Школьник бұнымен келіспейтінін білдірді.
XS
SM
MD
LG