Accessibility links

Алматыда Ислам конференциясы ұйымы атқару комитетінің мәжілісі өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Ақпанның 21-22 күндері Алматыда Ислам конференциясы ұйымына мүше мелекеттердің ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі атқарушы комитеттің (COMSTECH) ХХІІІ мәжілісі өтті.

COMSTECH –ке мүше болғанына бір жыл болған Қазақстан осы комитеттің кезекті мәжілісін Алматыда өткізуге келісіп, жиынды ұйымдастыруға ат салысып отырғанын Пәкістан Ислам Республикасының жоғары білім жөніндегі комиссиясының төрағасы, COMSTECH-тің бас үйлестірушісі Атта-ур-Рахман мырза мәжілістің ашылуында арнайы атады. Мәжіліс барысында COMSTECH –тің соңғы екі жылғы жұмыс қорытындылары бойынша баяндамалар тыңдалып, 2003 жылғы желтоқсанның 24-інде Исламабадта болған атқарушы комитеттің 22-ші мәжілісінің хаттамасына қол қою рәсімі болып өтті.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың айтуынша COMSTECH пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту және бір-біріндегі ғылым мен технология жағдайын зерделеу, сараптау мәселесі, соған сай бірлескен ғылыми жоба бағдарламаларды жасап іске асыру мәселесі осы жолға мәжілісте кеңінен талқыланған.

Алматыдағы басқосуға Пәкістан ислам республикасының, Сауд Арабиясы корольдігінің, Йемен республикасының, Оман сұлтандығының, Малайзия, Бангладеш және Қазақстанның білім, ғылым және технология министрлері, сондай-ақ Ислам конференциясы ұйымы атынан және COMSTECH атынан арнайы өкілдері қатысты.

Малайзияның ғылым, технология министрлігінің бас хатшысы доктор Мохд Руддиннің айтуынша, осы жолғы басқосуда көптеген тың пікірлер айтылды.

- Жалпы, Малайзия Қазақстанмен медицина саласында ынтымақтастықта жұмыс істеуге көңіл бөлмекші, сол үшін жақын арада Малайзия студенттерін Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін де ойластырып жатырмыз, - деді Малайзия министрі.

Алматыдағы Санжар Асфандияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Момыновтың айтуынша, Пәкістан, Малайзия секілді мұсылман елдері бүгінгі күні ғылыми технология саласында биік жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Сондықтан да қазақстандық ғалымдар үшін олардан үйренер нәрсе көп болмақ.

- Бүгінгі күні Қазақстанның үш бірдей ғылыми-зерттеу институты Пәкістандағы сондай институттармен тікелей байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеп жатыр, алдағы уақытта бұндай байланыс түрлерін көбейтуге екі жақ та мүдделі болып отыр, - дейді Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова.

COMSTECH-тің 23 мәжілісі сейсенбі күні кешкісін өз жұмысын аяқтады.
XS
SM
MD
LG