Accessibility links

Баспасөзге шолу. 22 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбілік басылымдарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауына қатысты мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ, газеттер “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов жайлы жазыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымында “Мақтанамыз, мерейленеміз” деген тақырыппен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі жолдауына байланысты оқырман хаттары ұйымдастырылыпты. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов президент жолдауының үлкен әсер қалдырғандығын, президенттің сөзіне өзінің тәнті болғандығына қуанғандығын жеткізіпті.

“Жолдаудан Қазақстанның әр азаматы өз отбасына келетін жақсылықтарды ғана бағамдап қоймай, елдің ертеңіне көз жүгіртіп, тәуелсіздіктің баянды болатынына көз жеткізді. Сол көптің бірі ретінде президенттің салиқалы саясатының жемісі үшін қуандым” деп жазыпты қазақ мемлекеттік педагогика институтының ректоры Шәмша Беркімбаева. Ал, екіші дүниежүзілік соғыстың ардагері Қабдолла Есенжолов “Егемен Қазақстан” арқылы Жеңістің 60 жылдығына орай Қазақстан басшысының 30 мың теңге көмек ретінде бір жолғы ақшалай көмек жасалатындығы туралы айтқанына алғысын білдіріпті.

“Жас Алаш” газетінде ресейлік “Время новостей” басылымынан көшіріліп басылған “Арманшыл президент” атты мақала жарық көріпті. Мақалада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “экономикалық мүдделеріміз, мәдени-тарихи тамырымыз, тіліміз, дініміз, экологиялық мәселелеріміз, сыртқы қауіп-қатер, - бізде осының бәрі ортақ. Мұндай алғышарттар Еуропа одағын құрушылардың түсіне де кірмеген шығар. Біз тығыз экономикалық интеграцияға көшіп, ортақ нарық, ортақ валюта бағытына қарай жылжуымыз керек” деген сөзі мысалға келтіріліп, мақала авторы шекараларына мина қойылған, соңғы бірнеше жылдың ішінде ондаған адам қаза тапқан, қарапайым адамдардың еркін жүріп-тұруы туралы әңгімелердің аяқсыз қалып жатқан мемлекеттерді біріктіру қиынға соғады деген қорытынды жасапты.

Газет тілшісі бұл деректердің бәрінен мемлекет басшысының хабары жоқ екендігіне сенімсіздік білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан бас болатын жаңа одақ туралы сөз етіп, өз отандастарын, көршілерін және бүкіл әлемді күлкіге батыруының қажеті қанша деген пікір білдіріпті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі жолдауын оқыған кезде жарты сағат бойы жарықтың сөніп қалғандығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланған болатын. “Комсомольская правда газетінің “Қазақстан” қосымшасында осы оқиғаға қатысты Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің сенбі күні шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, жарықтың сөніп қалуына немістің “Крюгер” құрылыс компаниясының себепші болғандығын хабарлағандығы айтылыпты.

Өмірзақ Шүкеевтің айтуынша, “Крюгер” компаниясы Астана заңдарын бұзып, құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде, тоқ беретін кабельді үзіп жіберген. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазір бұл оқиғаны тексеру Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырына тапсырылыпты. Мақала авторының айтуынша, "әлі тергеу аяқталмай жатып Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің барлық айыпты “Крюгер” компаниясының мойнына ілуге тырысып, журналистердің алдында мәлімдеме жасауы мүлде қисынсыз".

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің “Барлығы Президент айтқан тапсырмаларды орындауға” атты тақырыппен жиналыс өткізгендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Өмарзақ Шүкеев президент тапсырмасын орындауға қатысты қала әкімшілігіне жоспар жасап әкелуге тапсырмалар берген.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов та мерзімді басылымдардың негізгі қаһармандарының біріне айналыпты. “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген түсініктемесінде Әлихан Бәйменов партияның орталық кеңес мүшелерінің Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіру керек деп шешкендігін айта келіп, "кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлын төрағалыққа өткізу үшін қиын келіссөздер жүргізгендгін" тілге тиек етіпті. Ал, Алтынбек Сәрсенбайұлы болса “Ақ жол Қазақстан” басылымы арқылы өзіне байланысты сенімсіздік білдіру мәселесін мойындамайтындығын мәлімдепті.

“Мегаполис” апталығында жарық көрген Сергей Туниктің мақаласында “Ақ жол” партиясының екі төрағасының арасындағы теке-тірестің әзірше не себептен туындап жатқандығының белгісіз күйде қалып отырғандығы баяндалыпты.

“Айқын” басылымын сейсенбі күнгі санында өткен жетіде “Ақ жол” партиясы президиумының үш мүшесі – Қазақстан республикасы қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Берік Имашев, “Ақ жол – Қазақстан” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және фермерлер одағының төрағасы Әділхан Өмірбаевтың “өз еріктерімен” партия қатарынан кеткендігі хабарланыпты.

“Жас Алаш” басылымында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовты сынға алған мақалалар көбірек жарық көріпті. Сондай-ақ “Жас Алаш” басылымы 13-ақпан күнгі “Ақ жол” партиясының орталық кеңес пленумының тең төраға Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіруі партия жарғысына қайшы келеді деп тапқандығы да айтылыпты. Сонымен қатар төралқа мүшелері Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлының “Сөз” газетіне моральдық және материалдық көмек беру туралы бастамасын қолдапты.
XS
SM
MD
LG