Accessibility links

Қар құрсауында қалған Бәйдібек ауданы үкіметтен жәрдем сұрайды


Оңтүстік Қазақстан облысының 50 мыңнан артық халқы бар Бәйдібек ауданында төтенше жағдай қалыптасып отырғанына бір ай болды. Қалың жауған қардың астында үйлері қалған тұрғындар үкіметтен жәрдем сұрайды.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 23-інен басталған дауылды желдің арты қарлы боранға айналып, соның салдарынан Бәйдібек ауданындағы 439 шақырым жолдың 383 шақырымы толық жабылып, ауданның ауылды мекендеріндегі үйлер қалың қар астында қалып қойған. Оның үстіне жақын күндері бұл өңірге тағы қар жауғаны белгілі.

Бір ай бойы төтенше жағдай қалыптастып отырған Бәйдібек ауданында бес шұғыл топ құрылып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Дегенмен жағдай әлі қиындап тұр дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы әкімінінің көмекшісі Нұрбол Үсенұлы сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Қазір қар жауып жатыр, оның соңы жаңбырға ұласуы да мүмкін. Онда аудандағы балшықтан салынған үйлердің бұзылу қаупі бар. Барлық жерде қардың қалыңдығы үйдің шатырына дейін жеткен. Қар басып қалған үйлердің адамдары үйлеріне төбеден тесік жасап кіріп, заттарын алып басқа үйлерге көшіп жатыр. Облыстан көмек шамасынша келіп жатыр. Бірақ, әлі де төтенше жағдайда отыр. Бәйдібек ауданында бұл жағдайдың қалыптасқанына бір ай болды.

Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Зоя Әлімжанованың айтуынша, ақпанның 22-і күні Бәйдібек ауданына көмекке жауынгерлер және техника жіберілген.

- Ол жаққа 12 техника, 200 жауынгер жіберілді көмекке. Қазір олар аудан жолдарын қардан тазартып жатыр. Ауылдарда үй арасын да қардан аршып жатыр. Әйтеуір, адам шығыны жоқ, - деді Зоя Әлімжанова.

Үйінді қар мен бұрқасын боранның салдарынан Бәйдібек ауданында мектептер жабылып, оқу тоқтатылды. Аудан әкімшілігінің мәліметтері бойынша, 936 тұрғын үйдің, 44 мектеп, 3 аурухана және 21 мәдениет орталықтарының шатырлары қардың қалыңдығына шыдамай опырылып түскен. Науқастарды құтқару үшін облыстан екі тікұшақ арнайы әкелінген.

Парламент мәжілісінің депутаты Ермек Абасовтың айтуынша, Бәйдібек ауданындағы төтенше жағдайды жоюға бүгінгі күннің өзінде 1,6 млрд теңге жұмсалған.

- Бірақ табиғат апатынан келген зардапты жоюға әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен Бәйдібек ауданының өз қаржы-күші жетпейді. Сол себепті, үкімет басшысы Даниал Ахметов төтенше жағдайда берілетін қаржыдан осы ауданға ақша бөлсе, - дейді депутат Ермек Абасов.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Бәйдібек ауданындағы 439 шақырым жолдардың 383 шақырымы толық жабылып қалған, елді мекендер арасындағы қатынастар тоқтаған. 60-тан астам ауылды мекені бар Бәйдібек ауданында қарлы боран әлі де толастаған жоқ дейді аудан әкімшілігінің өкілі.
XS
SM
MD
LG