Accessibility links

Көкшетау қалалық соты сейсенбі күні «Хизб ут-тахрир» ұйымымен байланысы болған 6 адамға үкім шығарды. Осы үкімді шығарған сот төрешісі Асқарбек Жакулиннің Азаттық радиосына айтуынша, айыпкерлердің екеуі 5 жылға қамау жазасына, 3 жылға шартты жазаға кесілген. Ал кәмелетке жасы толмаған біреуіне 10 мың теңге айыппұл салынған.

Былтырғы жылдың наурыз айында Көкшетау қаласында діни бағыттағы «Хизб ут-тахрир» ұйымының үнпарақтары тарала бастаған. Осыдан дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық басқармасы жарты жылға жуық тексеру жұмыстарын жүргізіп, қыркүйек айының 13-інде осы діни ұйымның 12 мүшесінің үйін тінткен.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық басқармасының аты-жөнін толық айтудан бас тартқан Букен есімді қызметкері Азаттық радиосына былай деді:

- Прокуратурадан заңды түрде санкция алып, тінту жасадық. Барлық 12 адамның үйінен «Хизб ут-тахрирдің» әдебиеттері мен үнпарақтары шықты. Оларды Алматыға сараптау жасауға жібердік. Сараптама ол қағаздарда конституцияға қарсы бағытталған тұстар бар екендігі туралы қорытынды берді. Сол бойынша біз қылмыстық іс қозғадық.

Осыдан кейін діни ұйымның белсенді деген алты мүшесі ұсталып, тергеу кезінде әлгілердің 3-і қамауда қалып, 3-і қолхатпен шығарылған. Желтоқсан айында олардың ісі Көкшетау қалалық сотына тапсырылған. Ақпанның 22-де олардың бесеуін қылмыстық, ал енді біреуін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сот үкімі шықты.

Оларға осы үкімді шығарған Көкшетау қалалық сотының төрешісі Асқарбек Жакулин сәрсенбі күні Азаттық радиосына былай деді:

- Қылмыстық кодекстің 164-бабының 2-ші, 337-баптың 3-ші тармағы бойынша екі адамды 5 жылға бас еркіндігінен айыруға, үшеуін шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдадық. Біреуінің жасы қылмыс жасау кезінде кәмелетке толмағандығы ескеріліп, оған 10 мың теңге айыппұл салынды.

Айыпталушылардың екеуі – студент, біреуі – шаруа қожалығының басшысы, қалғандары – жұмыссыз. Олардың үлкені 37-і жаста болса, ең кішісінің жасы 17-де екен. Сот мәжілісі барысында бүгінде 5 жылға бас бостандығынына айырылған жасы 37-дегі Қайнетов пен 23 жастағы Әбішев өздерінің «Хизб ут-тахрир» ұйымының мүшесі екендіктерін ашық мәлімдесе, қалғандары – жаңылысқандарын мойындаған.

- Қайнетов пен Әбішевтің: «Алланың алдында ант бергенбіз, соны бұзбаймыз» деуімен сот аяқталды ғой. Ал қалғандары «Біздікі дұрыс емес екен. Кінәмізді мойындаймыз, антымыздан теріс қараймыз» деп қателескендерін айтты, - дейді Көкшетау қалалық сотының төрешісі Асқарбек Жакулин.

Сот төрешісінің сөзіне қарағанда, әлгі адамдар таратқан үнпарақтарда әскери қақтығыс пен төңкеріске, зорлық-зомбылыққа шақыратын ешқандай уағыз айтылмаған. Бірақ олар ортақ ислам халифатын құру идеясын тарату арқылы Қазақстан республикасы мен конституцияға қарсы шыққан деген тұжырым жасайды үкім шығарған сот төрешісі.

- Бар айтқандары: «Біздің мақсатымыз – халифат, ислам мемлекетін құру. Бірақ оған әлі жеткен жоқпыз. Жұмысымыздың бірінші кезеңі – «Хизб ут-тахрир» ұйымына мүшелер тарту» болды, - деді судья Асқарбек Жакулин.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Букен әлгі сотталғандардың жастар арасында үгіт-насихат таратқанын айтып отыр.

- 5 жылға сотталған белсенді екеуі жастарға, «Хизб ут-тахрир» ұйымының жоғарыда айтылған 12 мүшесі арасында уағыз айтып, сабақ беріп жүрген, оларға «Хизб ут-тахрир» ұйымының мақсаттарын түсіндірген. Бірақ, дәріс алып жүргендер әлі ант қабылдап үлгермеген. Біз олармен профилактика жұмыстарын жүргіздік. Олар өз қателіктерін түсінді, мойындады, кешірім сұрады, - өзін "Букен" деп қана таныстырған ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері.

Алайда, адам құқығын қорғаушылар адамды идеялары үшін ғана соттау - Қазақстанның заңнамасы мен адам құқығы саласындағы халықаралық келісімдерге қайшы екендігін айтады.

- Ал «Хизб ут-тахрир» ұйымының Қазақстан ауқымындағы іс-әрекеттерінен әзірге ешқандай зорлық -зомбылықты байқап отырған жоқпын, - дейді қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

Сонымен бірге сарапшылар мемлекет тарапынан қатты қуғын-сүргінге ұшырағандардың түптің түбінде ондай саясатқа қатыгездікпен жауап беруіне апарып соғатындығын ескертеді.

- «Хизб ут-тахрир» ұйымы мүшелерін аясыз қуғындау олардың іс-әрекеттерін ширықтырып, ашу-ызаны Өзбекстанға ғана емес, Қазақстанға да бағыттауына түрткі болуы мүмкін, - дейді «Соғыс және бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының» Қазақстандағы бөлімінің жетекшісі Эдуард Полетаев.

Сарапшының пікірінше, дүйсенбі күні қабылданған «Экстермистік іс-әрекетке қарсы тұру туралы» заң Қазақстандағы «Хизб ут-тахрир» ұйымының мүшелерімен күресті күшейте түседі. Тіпті, осы заңмен кез-келген күдікті ұйымды «экстремистік» деп тану құзіреті берілген Астана қалалық соты көптеген елдерде заңды түрде жұмыс істейтін «Хизб ут-тахрирдің» Қазақстандағы қызметіне мүлдем тыйым салуы ықтимал. Ал оның салдары Қазақстан үшін қатерлі болуы мүмкін деп ескертеді халықаралық сарапшы.
XS
SM
MD
LG