Accessibility links

Баспасөзге шолу. 23 ақпан 2005 жыл.


Сәрсенбі күнгі газеттер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Еуразиялық өндіріс ассоциациясының” басшылары Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимовты қабылдағандығын, ал Атырауда түрік және қазақстандық жұмысшылардың өзара төбелескенін жазыпты.

“Казахстанская правда”, “Егемен Қазақстан” басылымдарында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық өндіріс ассоциациясының” басшылары Александр Машкевич, “Қазақстан алюминийі” компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Патох Шодиев пен “Казхром” трансұлттық компаниясының президенті Алиджан Ибрагимовты қабылдағандығы хабарланыпты.

Газет тілшісінің айтуынша, “Еуразиялық өндіріс ассоциациясының” басшылары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты соңғы он жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырған. Александр Машкевичтің айтуынша, соңғы он жылдың ішінде “Еуразиялық өндіріс ассоциациясы” Қазақстан экономикасына 2 миллиардтан астам доллар кіріс енгізген.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Экспресс К” басылымы мемлекет басшысымен кездескен “Еуразиялық өндіріс ассоциациясы” басшыларының олардың республикадағы ең көп салық төлейтін мекеме болып табылатындығын жеткізгендігін хабарлапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Еуразиялық өндіріс ассоциациясындағы” жұмысшылар айлығының орташа көлемі 42 мың теңгені құрайды екен. Сондай-ақ мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Еуразиялық өндіріс ассоциациясы” басшыларының көптеген ұсыныстарын жылы қабылдағандығы да тілге тиек етіліпті.

Ал, “Жұма-таймс/Дата недели” басылымының соңғы санында жарық көрген “Машкевичтің майшелпегі” деген мақалада автор Астанадағы кеден саласында жүрген сенімді көздерден “Қорғас” кеден бекетін Еуразиялық-өнеркәсіптік топтың өз қарамағына алғаны белгілі болғаны туралы жазыпты. Ақпарат көздерінің айтуынша, бұл кеден бекеті арқылы Алматыдан Қытайға қарай өтетін, одан кері жүк тиеп келетін көліктерден алынатын салық бір көлікке шаққанда 25 мың долларды құрайды екен.

Сондай-ақ, “Жұма-таймс/Дата недели” апталығы Александр Машкевичтің медиа-империясының “Түркістан” газетімен толығуы мүмкін екендігіне тоқталыпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, президент сайлауы қарсаңында ауылдардағы адамдардың арасында саяси үгіт-насихат жүргізу үшін, “Азаматтық партия” Александр Машкевичтің көмегімен қазақ тілінде газет шығармақ деген сөз бұрын да шыққан. Осыған орай мақала авторы, сайлау қарсаңында қысқа мерзімде газетті танымал ету оңай болмағандықтан, “Азаматтық партия” енді Александр Машкевичтің көмегімен “Түркістан” басылымын сатып алуы ықимал деп пайымдайды. Сонымен қатар мақалада “Еуразиялық банктің” елдегі тәуелсіз басылымдардың бірі - “Қазақстан” газетін сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқандығы туралы әңгіменің бар екендігі де тілге тиек етіліпті.

“Литер” және “Айқын” басылымдарында Атырауда Түркия мен Қазақстан жұмысшыларының арасында төбелес болғандығы баяндалыпты. “Айқын” газетінің ақпараттарына сүйенсек, төбелес салдарынан екі жақтан да бірнеше адам жеңіл жарақат алған, бірнеше автокөлікке зиян келген. Жұмысшылардың үлкен шоғырын көтеріп жіберген төбелеске Түркияның 400-дей, Қазақстанның 200-ге жуық адамы қатысқан. Төбелес іздеп келгендер, сым темірмен, кірпішпен қаруланып алған.

Осы оқиғаға орай арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры Талғат Байтазиев мырза төбелестің тууына мұнай өңдеу зауытының құрылыс алаңында дүйсенбі күнгі түрік азаматтары Абдурахман Гепнар, Сервет Даг, Наим Ашқын мен қазақстандық жұмысшы Жәнібек Тоқбасовтың арасындағы қақтығыстың себеп болғандығын айтқан.

Қақтығыс қарапайым ғана негізден туған. Жәнібек өзінің түрік әріптесінің сұраған қажетті құралын әпере қоймаған. Арада кикілжің басталып, төбелес туған. Оған өзге де түрік азаматтары болысқан. Нәтижесінде қазақстандық азамат жарақат алып, ауруханаға түскен. Ертеңіне қазақстандық жұмысшылар жұмыс орындарын тастап, түрік азаматтары – компания жұмысшылары тұратын қалашыққа барған. Ашуға булығып келген қазақтар мен түріктердің арасында төбелес салған жерден тұтанып кеткен. Осыған орай компания басшылары полиция шақыруға мәжбүр болған. Сондай-ақ мақалада қазір оқиға орын алған жерде полиция қызметкерлерінің күзетті күшейткендігі де хабарланыпты.

“Литер” басылымы болса осы төбелестің басталуына себепші болған үш түркиялық азаматтың қамауға алынғандығын хабарлапты. Алдын-ала алынған мәліметтерге жүгінсек, үш түрік азаматы өз еліне қайтарылады, тіпті, оларға қатысты қылмыстық істің қозғалуы да ықтимал. Газет тілшісінің жазуынша, жалпы компанияда барлығы 1132 адам жұмыс істейді екен, олардың 700-і түрік азаматтары. Сондай-ақ, мақалада бұл төбелестің басылуына Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры Талғат Байтазиевтің өжеттік танытуының мұрындық болғандығы да айтылыпты.

Ал, Талғат Байтазиевтің өзі болса, қақтығыстан этникааралық себеп іздеудің қажеті жоқ деп есептейді екен. Оның айтуынша, "бұдан тіпті түрік пен қазақстандық жұмысшылардың жалақысынан айырмашылық іздеудің де қажеті жоқ, өйткені дәл қазіргі уақытта екі елдің азаматтарының айлығы бірдей" көрінеді.
XS
SM
MD
LG