Accessibility links

Мәжіліс Қазақстан мен Словак үкіметтері арасындағы келісімді мақұлдады


Ақпанның 23-і күні парламент мәжілісі Қазақстан және Словак үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісімді бекіту жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Бұл келісімге өткен жылдың мамырында Братислава қаласында қол қойылған. Осы құжат Қазақстан мен Словак республикалары арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жолаушылар мен жүктердің тасымалын, сондай-ақ, транзитпен өту мәселелерін реттеуге бағытталған.

Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Ерлан Қощановтың айтуынша, бұл келісім қазақстандық тасымалдаушыларға Словакия аумағы арқылы Германия, Австрия, Италия, Франция және басқа да Еуропа елдеріне транзиттік жүріп өту үшін пайдалы. Вице-министр Ерлан Қощанов аталған келісімнің мақсаты халықаралық автомобиль қатынасы саласында Қазақстан мен Словак республикалары арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту және екі ел арасындағы көлік тасымалын жеңілдетуге құқықтық негіз жасау екенін айтады.

Аталған келісімде Қазақстан республикасының аумағы арқылы жүру рұқсатсыз негізде жүзеге асырылатын кейбір жағдайларға мүмкіндік туғызылыпты. Ерлан Қощановтың айтуынша, Қазақстанда жылына халықаралық жүк тасмалын жасайтын 2200-ге жуық автокөлік, шетелден және шетелге 18 мыңға тарта рейс қатынасы бар.

- Олар құрылыс материалдары, жиһаз және басқалар, - дейді көлік және коммуникация вице-министрі Ерлан Қощанов.

Алайда, мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов Қазақстанға тасымалданып жатқан құрылыс материалдары алыс шетелдерден емес, Қытайдан әкелінеді деген қарсы уәж білдіреді.

- Қазақстанның бір шағын кәсіпорыны басқа елдер арқылы өтетін болса оны жүзеге асыруды заңдық жағынан қамтамасыз етуіміз керек, - деді депутат Владимир Бобров.

Тағы бір депутат Нұрлан Жылқышиев Оңтүстік Қазақстан облысы өңіріндегі жол сапасының нашарлауына себеп болып отырған мәселені көтерді. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың пікірінше, Қазақстан жолдарының сапасы нашар. Ал депутат Амангелді Айталы болса депутаттарға заң жобаларымен бірге тиісті ақпаратты бермеген үкімет тарапына сын айтты.

Қазақстан және Словак үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісімді бекіту жөніндегі заң жобасы енді парламент сенатында қаралмақ.
XS
SM
MD
LG