Accessibility links

Астанадағы қазақ театрының ұжымы басшыларына наразылық танытты


Астанадағы қазақ музыкалық-драма театрында еңбек ететін жас актерлар әлеуметтік жағдайының нашарлығын, жалақыларының аздығын, жатақханада адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқандарын айтып, театр басшылығының жұмысына наразылық білдірді.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қала мемлекет астанасына айналғалы бері бұл театрға жан-жақтан жас актерлар тартыла бастаған еді. Театрдың труппасында қазір 40-тан астам адам еңбек етеді.

Бірақ, сол жастардың дені бүгінде актерлардың әлеуметтік жағдайының нашарлығын, жалақыларының аздығын, жатақханада адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқандарын айтып отыр.

Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша арзан пәтер алу тізіміне тұрған-тұрмағаны, тізімге тұрған күннің өзінде онда кімдердің бары өздері үшін құпия екендігін, ал қосымша демалыс күндерінің ақысы, актерлік шеберлік үшін төленуі тиіс ақша осы уақытқа шейін төленбей келе жатқандығына шағым білдірді.

- Бізге кешіктірмей үй беруге тиіс еді. Бірақ, он жылдан бері үй де жоқ, күй де жоқ. Біреуіміз 12, біреуіміз 18 шаршы метрлік жатақхананың аядай бөлмелерінде тұрып жатырмыз. Тіпті, айтуға да ұят. Таңертең орнымыздан тұрмай қаламыз ба деп, ұйқыға жатқанда «кәлимамызды» айтып жатамыз. Бөлмелердегі тарақандар ештеңе емес-ау, еденнің астынан егеуқұйрықтың тықырлатып қазып жатқанынан қорқамыз. Ол бір тістесе адамның жаны кетіп қалып, ұйықтап жата береді екен ғой. Барлығымызда екі-үштен баламыз бар, өсіп-өркендеуіміз керек. Сол себептен аздап болса да көмек болса, - дейді өзін Жан Қалдыбек деп таныстырған театр актері.

Ал аты-жөнін атағысы келмеген театр актрисасы үкіметтің шаршы метрі 350 доллар тұратын болады деп жариялаған пәтерге кезекке тұру үшін тізімнің жасалмағанын және оны алған күннің өзінде актердың алатын жалақысы ипотекалық несиені өтеуге жетпейтінін айтып, наразылық білдірді.

- Біздің жалақымыз өте төмен, орташа есеппен алғанда 10 мың. Жақын күндері шаршы метрі 350 доллар тұратын пәтерге кезекке тұру басталды. Бірақ, ол кезекке тұру жөнінде ешкім ештеңе айтқан жоқ, сендердің тізімдеріңді бердік деген де басшылардан ешкім болған жоқ. Болған күннің өзінде айлық жалақысы 11 мың теңге ғана актерға шаршы метрі 350 доллар тұратын үйді бере ме? Міне, мәселе қайда жатыр. Берілген күннің өзінде әр ай сайын 11 мың теңгемен ол несиені қалай төлейміз?

Әріптесінің бұл сөзіне өз есімін атамауды сұраған театрдың тағы бір актеры қосылады:

- Бүгінде өнерге ешқандай қолдау болмай отыр. Театрда жалғыз директордың бөлмесіне ғана жөндеу жұмыстары жасалды, актерларға жағдай қарастырылмаған, киімдерінің бәрі жұтаң, жағдайы нашар. Мемлекет егер театр, жалпы өнер қажет дейтін болса, өнер адамдарына көңіл бөлгендері жөн бе деп ойлаймын. Қайыршыға ақша тастағандай бірдеңе береді, қалған ақша қайда кетіп жатқанынан бейхабармыз» дегенді айтады.

Осы сауалдар бойынша Азаттық радиосына берген жауабында театр директорының міндетін атқарушы Бейбіт Бақтыгереев әкім жалақыны көтергелі жатқанын айтып, қазір соның құжаттарын жинаумен айналысып жатқандарын хабарлады.

- Астанадағы қазақ драма театры актерлерінің о бастағы талабы театр директоры Сұлтан Мәсірбаевты орнынан алу болатын. Мәсірбаев көп кешікпей өз еркімен қызметтен кетті. Ал, арызданушылар қойып отырған басқа талаптар бұл күндері қаралып жатыр, - деді Астана қалалық мәдениет департаменті бастығының міндетін атқарушы Татьяна Позднякова Азаттық радиосына.

Театр артистері ұжым басшылығына наразылық айтып, шағымданып жүргелі екі айдан асты. Олар былтыр желтоқсанның 14-і күні Астана қалалық мәдениет департаментінің сол кездегі басшысы Бекболат Байсағатовқа ашық хат жолдаған. Бірақ одан еш нәтиже шықпағаннан кейін 38 адамның қолы қойылған хатты қала әкімі Өмірзақ Шүкеевке жолдауға мәжбүр болған.

Актерлер бүгінде театр директорының міндетін атқарушы Бейбіт Бақтыгереев және бас есепші Әлпеш Ибрагимова жұмыстан кетсін деген талап қойып отыр.
XS
SM
MD
LG