Accessibility links

Баспасөзге шолу. 24 ақпан 2005 жыл.


Бейсенбі күні шыққан оппозициялық басылымдарда Нью-Йорктың оңтүстік федералдық сотындағы “Қазақгейт” сот ісі туралы, сондай-ақ Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин жайлы мақалалар жарияланған.

Бейсенбі күні жарық көрген оппозициялық газеттерде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының оңтүстік федералдық сотындағы “Қазақгейт” сот ісінде айыпталушы Джеймс Гиффеннің адвокатының өтініші бойынша сот төрешісі Паулидің Америка Құрама Штатының Орталық барлау басқармасынан айыпталушыға қатысты құжаттарды алуға қол жеткізгендігі жазылыпты. Бұл істің мән-жайымен жақсы таныс заңгерлердің сараптамасына сүйенсек, алдағы уақытта "айыпталушының адвокаттары АҚШ орталық барлау басқармасынан Джеймс Гиффеннің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан мәліметтер алып тұрғандығын растауды талап етуі" ықтимал.

Бейресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, Джеймс Гиффеннің қорғаушылары сот процесі барысында Билл Клинтон мен Джордж Буштың президент әкімшілігіндегі лауазымы жоғары шенеуніктердің сотқа шақырылуын талап еткен. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Ресейдің арнайы қызмет өкілдері бұрын-соңды да Қазақстандағы Джеймс Гиффеннің іс-әрекеттерінен хабардар болған.

Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы 1997 және 1998 жылдары алматылық “Караван” және тағы да басқа бірнеше ресейлік басылымдардың Джеймс Гиффеннің Америка Құрама Штаты барлау ұйымының адамы болғандығын жазғандығын мысалға келтіріпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Джеймс Гиффеннің адвокаттары "америкалық мұнай компанияларынан алынған параны АҚШ-тың орталық барлау басқармасының тапырысымен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның ғана емес, Ресей мен Өзбекстанның мемлекеттік құпияларын ашуға қолқабыс тигізгені үшін бергенін дәлелдеуге" күш салып жатыр.

“Жұма-таймс/Дата недели” апталығында ресейлік басылымнан көшіріліп басылған тағы бір мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылғы дәстүрлі жолдауында “Орталық Азия мемлекеттері одағын құру” туралы айтқан сөзіне қатысты талдау жасалыныпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай мағынадағы мәлімдемесін түсіну қиын емес.

Газет тілшісінің айтуынша, келесі жылы Қазақстанда президент сайлауы өтетіндіктен Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия елдерінің ішіндегі ең ықпалы күшті басшы ретінде көрінуге күш салып отыр. Екінші жағынан осындай мағынадағы мәлімдеме жасауы арқылы Нұрсұлтан Назарбаев батыста өтіп жатқан “Қазақгейт” сот процесіне қыр көрсетіп отыр.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Азат” басылымындағы Бейсенбай Нұрлыбаевтың “Қазақ Назарбаевқа орыс идеясының керегі не?” атты мақаласында соңғы жылдары “Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің ықпалында кетіп бара жатыр” деген пікір айтылыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде автор орыстың Горбачев деген жазушысының “Келешек Ресей державасының президентіне лайықты адам Нұрсұлтан Назарбаев” және Ресейдің “Независимая газета” басылымының “Назарбаев құдайдың Кремльге бере салған саяси сыйлығы, сондықтан Ресей Қазақстанға екі қолымен жармасып, одан айырылмауы қажет” деген сөздерін мысалға келтіріпті.

Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин де бейсенбі күні жарық көрген кейбір тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты.

“Жас Алаш” басылымында “Ақ жол” партиясының ішінде болып жатқан оқиғалардың экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді де бей-жай қалдырмағандығы баяндалыпты. Атап айтқанда Әкежан Қажыгелдин “Ақ жолдың” төңірегіндегі дау-дамайға байланысты тең төрағаларға қолдау білдіріп хат жазыпты. Өз хатында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин “өз жақтастарыңмен ат құйрығын үзісу, әсіресе кеше ғана пікірлес болған адамдармен ашық айқасқа түсу қаншалықты ауыр екенін білемін. Бірақ, саясаттың өзі өмір, бір нәрсені жоғалтқаннан кейін, екіншісін табасың, бір жеңілістен соң алдыңда жеңіс күтіп тұрады” дей келе, жағдайды одан әрі шиеленістірмеуге шақырыпты. Экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің пікірінше, "саяси темпераменті бар, елі үшін жаны күйетін адам негізгі бағытынан ұзап кетпек емес".

“Жұма-таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген “Алыс та жақын Әкежан Қажыгелдин” атты мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше кісі салып, экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді райынан қайтаруға әрекет жасағандығы айтылыпты.

“Казахская правда” газетінде жарық көрген “Үлкен саяси ойын” атты талдау мақалада Батыста Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты биліктің басынан кетіргісі келетін күштердің бар екендігі тілге тиек етіліпті. Мақала авторы Батыстағы кейбір саяси тұлғалардың “Қазақгейт” мәселесін қайта-қайта көтере беретіндігін де осы себеппен байланыстырыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, "егер де Батыстағы күштердің ықпалымен Қазақстанның қазіргі басшысы билік басынан кетсе, бұл ахуал олар үшін де аса тиімді болып саналмайды". Мақала авторының айтуынша, егер де кейбір сарапшылар жазып жүргендей президент Назарбаев билік тізгінін Қасымжомарт Тоқаевтың қолына табыс етсе, Қазақстан мен Ресейдің жақындасуы онан сайын күшейе түспек.
XS
SM
MD
LG