Accessibility links

Атырауда қазақстандық және түрік жұмысшылары төбелескен

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Атырау мұнай өңдеу зауытының ауласында орналасқан «ГАТЕ» түрік фирмасында ақпанның 22-і, дүйсенбіде қазақстандық және түрік жұмысшылары арасында жаппай төбелес болған.

Фирма жұмысшысы, түрік азаматы қазақстандық азаматтың басын жарақаттаған. Ал бұл төбелес аталған фирмада жұмыс істейтін жергілікті азаматтар мен түрік жұмысшылары арасында дүрдараздыққа әкелген.

- Осы зауытты қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Джей- Джи-Си» жапон компаниясының мердігері болып табылатын «ГАТЕ» түрік фирмасының жұмысшылары арасында болған төбелестің себебін заң органдары анықтап жатыр. Төбелескендердің үшеуі түрік, біреуі Қазақстан азаматы, - деді осы оқиға жайлы Азаттық радиосы хабарласқан Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметкері Гүлнар Достанова.

Сонымен бірге ол төтенше оқиға кезінде жапа шеккен азаматтың облыстық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған басынан жеңіл дәрежедегі жарақат алған деген диагноз қойып, амбулаториялық ем тағайындағанын және бұл төбелестің қай жерде, қалай басталғаны туралы айтып берді.

- Ақпанның 22-күні шамаммен таңертеңгілік сағат 9-да жергілікті жұмысшылардан 150-дей адам жұмыс орындарын тастап, қолдарына түскен заттармен түрік жұмысшылары тұратын «ГАТЕ» тұрғын кентіне шабуыл жасаған. Ол жерде «ГАТЕ» басшылығы шығып, олардың тарауларын сұрап, төбелестен туған дау-дамайды өздері шешуге тырысқан, бірақ наразы топты тәртіпке шақыру үшін полицияны шақыртқан. Осы төбелес кезінде түріктің үш жұмысшысы жапа шегіп, жеңіл жарақат алған, - дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілі Гүлнар Достанова.

Ол Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «ГАТЕ» фирмасы арасында ешқандай келісім, міндет жоқ деп отыр:

- Бұл компания біз жұмыс істейтін «Джей-Джи-Си» корпорациясының қосалқы мердігері. Бірақ, төтенше жағдай біздің аумақта болғандықтан, зауыт басшылығы журналистерді жинап, осы мәселені түсіндіруді жөн санады.

Ал, Атырау облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүлназира Мұхтарова «ГАТЕ» жұмысшылары арасында өзара түсініспестіктен қақтығыс болып жатқаны жайында ақпанның 22-і күні таңертеңгісін облыстық ішкі істер басқармасына хабар түскенін айтты.

- Оқиға болған жерге облыстық ішкі істер басқармасының басшылары, тергеу жедел тобы, басқа да заң өкілдері барып, дер кезінде қақтығыстың алдын алды, - деді Азаттық радиосына телефон арқылы берген жауабында Атырау облыстық ІІБ баспасөз қызметкері Гүлназира Мұхтарова.

Осы оқиғаға байланысты «Джей-Джи-Си» жапон компаниясының мердігері «ГАТЕ» түрік фирмасының құрылыс жөніндегі менеджері Ешиацу Акита мырзадан әлгі оқиғаның мән-жайын білу мүмкін болмады.

Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «ГАТЕ» фирмасында жұмыс істейтін 1132 адамның 432-сі Түркиядан келіп тұрақты жұмыс істейтіндер, 271 адам - іссапармен жүрген мамандар, ал 422-сі қазақстандық жұмысшылар екен.
XS
SM
MD
LG