Accessibility links

Қазақстандық әскери қызметкерге адам саудасымен айналысқан деген айып тағылды


Қазақстан қорғаныс министрлігінің офицері жұмыссыз жас әйелдерді шетелге алдап шығарып, сатып жіберген деген айып бойынша қылмыстық жауапқа тартылды.

Қазақстан қарулы күштерінде қызмет атқарып келген азаматты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 4 ай бойы бақылап, ақыры қолға түсірген.

- Қазақстанның қорғаныс министрлігінде жұмыс істейтін аға лейтенант әскери дәрежесі бар бұл азамат өткен жылдың қазан айынан бастап республикадан шетелге жас қыздарды апарып сатумен айналысып келген, - дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Ернұр Зейнешұлы.

Шетелде түнгі клуб қожайындарының біріне сатылған қазақстандық төрт азаматшаның бірі өзінің пысықтығымен сол жерден қашып шығып, полицияға шағымданады. Бұдан кейін Қазақстанның заң орындарының араласуымен қалған үш қыз да табылып, қазіргі таңда олар Қазақстанға қайтып оралған. Алайда тергеу орындары әзірге әлгі офицердің аты-жөні мен оның қандай қызмет атқарғаны туралы ақпаратты ашып айтпай отыр.

Қазақстанда орыс тілінде шығатын «Время» апталығының ақпанның 24-і күні жарық көрген санында заң орындары қылмыс үстінде қолға түсірген адам – Қазақстан республикасы қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының аға лейтенанты Жанат Оразалиев деген ақпарат жарияланды.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қызметкері Айна Шорманбаева адам саудасы қазірде Қазақстанда өте күрделі мәселердің бірі болып отырғанын айтады.

- Себебі, республикада осы күнге дейін адам саудасына тиым салған немесе оған тосқауыл қойған дұрыс заң. Соны пайдаланғандар әлгіндей қыз-келіншектерді шетелге апарып сату ісін заңсыз табыс көзіне айналдырып алған. Сондықтан да парламент тез арада өзгертулер мен толықтырулар енгізілген дұрыс заң қабылдауы керек, - дейді Айна Шорманбаева.

Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелге жезөкшелікпен айналысуға шығарылатын қазақстандық қыз-келіншектердің көбі Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі және Еуропа елдеріне апарылады екен. Ал халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері Кәрима Жанболатова 2003 жылғы қыркүйек айынан 2004 жылдың желтоқсан айы аралығында әйелдерді Қазақстаннан шетелге апарып, сол жақта тәнін саудаға салудың 75 оқиғасы тіркелгенін, алайда, олардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG