Accessibility links

Қырғыз парламенті мүшелігіне кандидаттар жариялылық үшін күресіп жатыр


Қай сайлауда болмасын кандидаттарға өзін қалың көпшілікке жақсы танымал етудің оңай еместігі белгілі. Бұл әсіресе жексенбіде Қырғызстанда өтетін парламент сайлауы алдында анық байқалып отыр.

Салыстырып қарағанда кейбір сайлау округтерінде 12 үміткерге дейін тіркелген. Бұның өзі бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тар Қырғызстан үшін жарнама мен басқа да үгіт-насихат шараларын тым қымбаттатып жібереді. Қырғызстандағы сайлау алды науқаны дауыс беруден екі күн бұрын - жұма күні аяқталуы тиіс. Сайлаушылардың көңілін өздеріне аударып, олардан неғұрлым көбірек дауыс жинау үшін қарбаласқан 420 кандидаттың әрқайсысы мәреге жетер тұста барлық мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді.

Үміткерлердің көпшілігі өздерін жарнамалауға берілген шектеулі уақытты мемлекеттік теледидар арқылы пайдаланған. Ереже бойынша әр кандидат 15 минуттық эфир уақытын алады. Оның 10 минутын кандидаттар өз сөздері мен бағдарламаларын айтуға пайдаланып, қалған 5 минутын бәсекелесімен пікірталастыруға жұмсауы керек. Сөйтіп сайлау алды науқанын өткізудің ең басты орталығы - коммерциялық телеарналар болып қалды. Соның нәтижесінде, дейді коммерциялық телеарналар қызметкерлері, сайлау алды науқаны - коммерциялық телеөндіріс үшін күтпеген табыс көзіне айналып, жыл бойына шығында отырғандарға кейбір қиыншылық туғызады.

- Егер сіз доллардың бағамымен алып қарайтын болсаңыз біздің бағаларымыз тым арзан, күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ, біздің облыс үшін бұл өте жақсы баға. Бір секунд үшін әдетте біз 6,5 сом аламыз, енді біз бұл бағаны 10 сомға дейін көтердік. Шүкір, сонда да болса, біздің тапсырыс берушілеріміз өте көп, - дейді Ош облысындағы «Мезон-ТВ» телеарнасының басшысы Жавлон Мирзаходжаев.

Іс жүзінде кандидаттардың кейбірінің ғана коммерциялық телеарналарға шыға алатындай мүмкіндігі бар, енді біреулерінің қалталары жарнама бағасын көтермейді. Қырғызстанның сайлау заңына сәйкес, парламент сайлауына тіркелген әр кандидатқа сайлау алды науқанын өткізуге 500 мың сом, яғни долларға шаққанда 12500 доллар жұмсауға рұқсат етіледі. Қырғыз елінде мұғалімдер мен дәрігерлер 25 доллар ғана айлық жалақы алатынын ескерсек, бұл соманы кез-келген адам таба алмайтыны айқын. Десек те, кандидаттардың кейбірі сайлаушыларды көбірек тарту үшін жұмсалатын қаржының мұндай көлемі тым аз дегенді де айтады.

Қазіргі парламент спикерінің орынбасары және Бішкектің Жал сайлау округінен кандидат болып тіркелген Құбатбек Байғұлов осы мақсатта жұмсалған шығынның шегі қандай дегенді былайша суреттейді:

- Бұл сома науқанды европалық деңгейде өткізу үшін жеткілікті емес. Бұрын 2 миллион сом болатын, бірақ, кейбір депутаттардың шешімімен бұл 500 мыңға дейін азайтылды, әрине, науқанды жақсы деңгейде өткізгіңіз келсе, бұл ақша аздық етеді, бірақ, соны жеткізуге тура келеді.

Ал келесі бір кандидат болса, тек сайлаушылармен кездесуге барудың өзіне ғана 125 мың сом жұмсағанын айтып, сайлау науқанына бөлінетін қаржының көлемі кемінде екі есеге ұлғайтылуы тиіс дейді. Парламент үміткерлері тек телеарналарда ғана пікірталастырып қоймайды, олар газеттерде де жарнамалар беру арқылы бәсекелеседі.

- Менің ойымша, олар буклеттер шығаруға, плакаттар мен үгіт қағаздарына көп қаржы жұмсайды. Мен өзім кейбір кандидаттарға көмектескен болатынмын, сондықтан өз тәжірибемнен айтарым, ең тиімдісі газеттер дер едім, бірақ, газет өте қымбат тұрады, - дейді "Республика" атты тәуелсіз газеттің бас редакторы Замира Сыдықова.

Қырғызстан пост-советтік ел болғандықтан да, мұнда сайлау өткізудің өзі жаңалықтың бірі, сол себепті кандидаттарды қоса алғанда, әркімнің-ақ жариялылықты қаржыға қалай сатып алуға болатыны жөнінде пікір-көзқарастары әртүрлі.

Мәселен, кандиат Байғұлов газеттік басылымдарға жарнама беру онша тиімді емес деген ойда. Бақылаушылардың бірқатары жарнама төңірегіндегі осындай түрлі жайттар кейбір кандидаттардың тікелей қадамдарға, демек заң бұзушылық әрекеттерге баруына апарады дейді. Яғни, сайлаушылардың даусын, қолдауын сатып алуға тырысу. Мұндай дауысты сатып алу немесе парақорлық мысалдары сайлау өтетін күн жақындаған сайын көбейе түскен сияқты. Енді мұндай әдіс-тәсілдерді сотта қарап, оларды дұрыс деп ақтау немесе заң бұзушылық деп қаралаудың өзі бір күрделі мәселе.

Осы аптаның басында - дүйсенбі күні Кочкор ауданында басталған алғашқы шерулердің себебі де - жергілікті сайлау комиссиясының оппозицияның екі кандидаты Бейшенбек Болотбеков пен Ақылбек Жапаровты тіркеуден алып тастағаны болған еді. Онда, комиссияның айтуынша, Ақылбек Жапаровқа қарсы бір әйел, Бейшенбек Болотбековке қарсы екі әйел сотқа арыз беріп, олардың өз дауыстарын "пара беріп сатып алмақшы болғанына" шағымданған. Ал кандидаттардың екеуі де бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Қалай болғанда да, жақында Қырғызстандағы стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Валентина Богатырева "Бішкек шолуы" апталығына берген сұхбатында "сайлау науқаны сайлаушылар үшін ең бақытты уақыт" деп атап өткен. Ол Қырғызстанның оңтүстігінде әр сайлаушыға дауыс үшін 200 сом береді, кандидаттардың бәрі де ақша төлейді деп айтқан.
XS
SM
MD
LG