Accessibility links

Қазақ ауылында швейцар ірімшігі мен йогурт жасалады


«Орталық Азия тау бағдарламасы» халықаралық ұйымы Қазақстандағы Нидерланды елшілігінің қолдауымен Алматы облысында ауыл әйелдерін тұрмыстық жағдайда ірімшік пен йогурт және сүттен дайындалатын тағамдардың өзге де түрін өндіруге баулуды ұйымдастырып жатыр. Олар ауылды жердегі қыз-келіншектерге ірімшіктің түрлері мен қала дүкендерінде сатылып жатқан йогуртты үйден дайындаудың қыр-сырын үйретпек.

Ауылды жердің таңы малды түгендеумен басталатыны белгілі. Ер адамдар өз жұмысымен, ал әйел адамдар, сиыр сауып, одан алынған сүттен қаймақ-май, құрт-ірімшік сынды ұлттық тағамдар жасауды әдетке айналдырған. Ұзақ уақыт сақтауға келмейтін сүт бүлініп кетсе, ол тұтынуға жарамсыз болып, тастауға тура келеді.

Осы ретте «Орталық Азия тау бағдарламасы» (САМР) халықаралық ұйымы Алматы облысындағы ауыл әйелдерін үй жағдайында ірімшік пен йогурттың алуан түрін өндіруге баулу тәжірибесіне қатысқандардың бірі 26 жастағы Жанар Мамаева сүттен тағамның жаңа түрлерін дайындаумен танысқанын айтып отыр:

- Біз, әрине, бұған дейін де үйде ірімшік жасайтынбыз, ал енді мынау мүлдем ерекше түрі екен. Менің ойымша, базарда бұған сұраныс жақсы болады.

Осыдан екі жыл бұрын Алматыға Швейцария елінен ірімшік жасайтын мамандар келіп, сол елдің дүние жүзіне танымал ірімшіктерінің жасалу тәсілімен таныстырып кеткен еді. Бүгінде Қазақстанда нағыз швейцар ірімшігін жасай алатын үш-ақ адам бар екен. Осы жолы сол мамандар өз білімін ауылды жерде тұратын басқа да тұрғындарға үйретіп, тәжірибесімен бөлісуге келіпті.

Солардың бірі «Нұрлан» жеке шаруа қожалығының басшысы Нұрақын Бекқожаев жаңа технологияны меңгере отырып, сүт өнімінің түрін көбейту ауыл тұрғындары үшін табыстың көзі екенін айтады.

- Мені шетелден келген жаңа технология қызықтырды. Соны игере отырып, сүт тағамдарын ысырап етпей, өнімнің жаңа түрлерін дайындап, халыққа ұсынуды мақсат еттім. Бұған дейін біз сүттен айран, құрт-май, қаймақ жасап базарға сататынбыз. Бірақ, ол тағамдардың бағасы арзан болатын. Енді қазір мына өзім жасап отырған ірімшіктен алдағы уақытта отбасымның табысы өседі деп ойлаймын, - дейді Нұрақын Бекқожаев.

Бұған дейін ауыл мектебінде неміс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Жанар Мамаева енді сыр жасау ісін қолға алудға ниеттеніп отыр.

- САМР бағдарламасы бойынша осы іспен айнлаысуға тілек білдірген бізге грант бөлінді. Біз оған ірімшік жасайтын ыдыс-аяқ алдық. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" дейді ғой қазақ. Сол сияқты, қолымызда бар сүтті дұрыс өңдеп, өндіріп шығара алсақ, бұл болашағы өте үлкен жұмыс деп ойлаймын, - дейді ЖанарМамаева.

Ал осы жобаның Қазақстандағы өкілі Айгүл Жансерікова, таулы аймақ көп болғандықтан бұл жоба негізінен Алматы облысында жұмыс жасап жатыр дейді:

- Бүгінгі таңға дейін біз өткізген мақсатты жиындарға 30 шақты адам қатысып, осы істі меңгеріп үлгерді. Жалпы, бұл жобаның басты мақсаты – экологиялық таза өнімді шығара отырып, әр адамға өзінің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту мүмкіндігіне жол ашу.

Жоба барысында жаңа кәсіпті үйренем деушілерге шағын гранттар табыс етіледі. Оларға үй ішінде ірімшік және йогурт жасауға керекті ыдыс-аяқ алынады. Ал одан арғысы - әр адамның өзіне байланысты. Жасалынған сүт өнімін сатады ма, жоқ әлде тек отбасында пайдаланады ма - ол өз еркі дейді жобаны ұйымдастырушылар. «Орталық Азия тау бағдарламасының» аймақтағы елдер бойынша өкілі Регула Имхоф жергілікті халық бұл істі ары қарай қалай алып кетеді - оған ешқандай бақылау жүргізбейтіндерін айтады.

- Біз тек ара-тұра ірімшік өндірісіне қызығушылық танытып отырамыз, - дейді Регула Имхоф.

Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша 4 ауылда тұрмыстық жағдайда ірімшік пен йогурт жасайтын кішігірім цехтар жұмыс жасап жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, болашақта мұндай цехтардың саны көбейе бермек.
XS
SM
MD
LG