Accessibility links

Есеп комитеті мемлекет кірісіне 58,5 миллиард теңгенің түспегенін айтады

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қазақстанның есеп комитеті былтыр республикалық бюджеттің кірісіне тиесілі 58 миллиард 502 миллион теңге түспеген деп хабарлады. Ал игерілмей қалған қаржы 44 миллиард теңгені құраған.

Қазақстан есеп комитетінің деректері бойынша салықтан, қосымша салықтан түсетін 58,5 миллиард теңге мемлекет кірісіне түспеген. Сондай-ақ, 44 миллиард теңге игерілмей қалған қаржы анықталды.

- Қаржы индустрия және сауда министрлігінде 2 миллиард 240 миллион теңге игерілмей қалған. Байланыс және ақпараттандыру агенттігі 4 миллиард 300 миллион теңгені, ал төтенше жағдайлар министрлігі 3 миллиард 700 миллион теңге қаржыны игермегендігі анықталды, - деді Қазақстанның есеп комитетінің мүшесі Шәріпбек Шардарбек.

Есеп комитетінің мұндай мәлімдеме жасауы қазіргі премьер-министр Даниал Ахметовтың орнынан кетуіне әсер етуі мүмкін, сондай-ақ бұл президенттік сайлауға дайындық деген ой айтады Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин.

- Есеп комитетінің мұндай мәлімдемесі мемлекет басшысының келісімімен жасалып отыр. Осымен үкіметке үлкен сын, кінә тағылып отыр. Даниал Ахметов өз орнында көп отырып қалды. Оны ауыстыратын уақыт келді. Сондай-ақ, президенттік сайлау алдында үкімет басында саясатқа жақын адамның отырғаны дұрыс мемлекет басшысына. Сол себепті бұл жайт қазіргі үкімет басшысының орнынан кетуіне әкеп соғады, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев те бұны мемлекет басшысының президент сайлауы алдында үкіметті жаңарту үшін жасап отырған қадамы деп санайды.

- Үкіметті ауыстыру - заңды нәрсе. Сайлауда президент жаңа құраммен, жаңа үкіметпен жұмыс істейді. Ал президенттің жолдауынан кейін үкіметтің осыншама қаржыны кіріске түсірмеуі туралы мәлімдеме осының белгісі, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Осының алдында ғана президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Қазақстан есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев әлгіндей мәлімдеме жасауға оның ризашылығын алған болуы керек деген болжам айтады парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталова.

- Осыдан бір-екі бұрын президентпен кездескенде Өксікбаев мырза осындай мәлімдеме жасауға рұқсат алған деп ойлаймын. Жалпы, біздің мемлекет құзырындағылар жоғарғы жақтың рұқсатынсыз мұндай мәлімдеме жасамайды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы алдағы президент сайлауында жеңіске жету үшін өз командасындағы кез-келген адамды жауапкершілікке шақыруы мүмкін, - дейді сенат депутаты Зәуреш Батталова.

Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын тексеру барысында 1,2 миллиард теңгенің мақсатсыз, ал 3,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталған. "Бұл есеп комитетінің әзірге мемлекет қаржысының тек он пайызын ғана тексергендегі мәлім болғаны" дейді комитет мүшесі.
XS
SM
MD
LG