Accessibility links

АҚШ пен Ресей президенттері Братиславадағы кездесуде тоқетер келісімге қол жеткізбеді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

АҚШ президенті Джордж Буш пен Ресей басшысы Владимир Путин Словакия астанасындағы кездесуде негізінен Иран мен Солтүстік Кореядағы ядролық қарулар дағдарысын шешу жайын талқылады.

Екі жарым сағатқа жоспарланған бұл келіссөз 3 сағатқа жалғасып, онда негізінен жойқын қаруларды таратпаудың алдын алу, Иран мен Солтүстік Кореядағы ядролық қарулар дағдарысы бойынша мәселені шешу жағдайына арналды. Аталған мәселелер бойынша түбегейлі келісімге қол жеткізілмегенімен, қос президент те екі мемлекет арасындағы байланыстың маңызды екендігін арнайы атап өтті.

Кездесуден кейінгі баспасөз маслихаты кезінде журналистерге Иран, Солтүстік Кореядан бастап экономикалық ынтымақтастық, баспасөз еркіндігіне дейін түбегейлі әңгіме болды, әйткенмен, қандай да бір белгілі мәселе шешілгендігі жөнінде айтылмады.

- Ресей соңғы 15 жылда үлкен табысқа жетті. Ондай өзгерістерде президент Путиннің еңбегі зор. Бірақ, мен негізгі әлемдік принциптердің іске асуында жіберілген қателіктер жөнінде президент Путинмен өзара пікір бөлістім, - деген жалпы сөздерді айтқан президент Джордж Буш өзара келіспеушіліктердің бар екендігін де жасырмады. - Бірақ, 2001 жылы маусымда айтқанымдай, Путин - бізге сенімді әріптес.

АҚШ президентінің айтуынша, өткен 4 жылда АҚШ пен Ресей арасында конструктивті, түбегейлі нәтижелі байланысқа қол жеткізілген. Алдағы 4 жыл да осындай табысты болса деген тілек айтқан президент Буш.

- Қол зымыранын шетке экспортқа шығаруға бақылау жасау жөнінде, сондай-ақ, Иран мен Солтүстік Кореяда ядролық қарулар болмауы керек деген мәселеде өзара келісімге келдік. Бұл мәселеде әріптесім Владимирдің өзара түсіністік танытқанына риза болдым, - дейді президент Буш.

Ал Ресей мен Иран арасында азаматтық саладағы байланыс, атап айтқанда ядролық электр станциясын салу мәселесі бойынша келісім бары белгілі. Жалпы, бұл мәселеге байланысты АҚШ Ресейге көптен бері сын айтып келгенімен, әйтсе де Братислава саммиті кезінде АҚШ президенті ол мәселені назардан тыс қалдырды.

Екі президенттің бірлескен баспасөз мәслихатында журналистерді толғандырған сұрақтар демократия тақырыбына арналды. Ресейдегі демократияға төнген қауіп жөніндегі сұраққа президент Путин:

- Осыдан 14 жыл бұрын Ресей шет елдің қысымынсыз, өз қалауымен, халық мүддесі үшін, демократия жолына түсті. Бұл - біздің түбегейлі таңдауымыз. Біз үшін кері шегінуге жол жоқ, - деп жауап қайтарды.

Сондай-ақ Ресей президентіне елдегі губернаторларды сайлау жайына қатысты сұрақ қойылды.

- Облыстық, аймақтық басшыларды президент тағайындамайды, бірақ, олардың кандидатурасын аймақтық кеңес - парламентке ұсынады. Сөйтіп сол аймақта сайлау өтеді. Бұл - АҚШ-тағы алқалық жүйеге жақын, - деді Ресей президенті Путин.

Бейсенбі күні Братиславада АҚШ пен Ресей президенттері жариялаған біріккен мәлімдемеде, Ресейдің 2005 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануы жөніндегі келіссөздер өзара келісе нәтижелі аяқталады делінген.
XS
SM
MD
LG