Accessibility links

Баспасөзге шолу. 26 ақпан 2005 жыл.


Мерзімді басылымдарда Қазақстанға жаңа конституция керек пе деген мәселе төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылыпты. Кейбір газеттер “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Әлихан Бәйменовтің партия аппаратын Астанаға көшіруге күш салып жатқандығын хабарлапты.

“Central Asia Monitor” басылымында “Қазақстанға Конституциялық реформа керек пе?” деген тақырыпқа қатысты саясаткерлер өз ойын ортаға салыпты. Саясаткер Петр Своиктің пікірінше, Қазақстан конституциясында биліктің қайнар көзі халық болып саналғанымен, іс жүзінде ол сөздер шындыққа сәйкеспейді. Осы сөздеріне дәлел ретінде Своик дамушы елдердегідей Қазақстан конституциясында да демократия, адам құқығына қатысты жақсы баптардың бар болғанымен, олардың жұмыс істемейтіндігін тілге тиек етіпті. Своиктің айтуынша, конституцияның ішкі сырына үңілу арқылы Қазақстандағы биліктің қайнар көзі президент болып табылатындығы аңғарылады.

“Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан конституциясы бірінің ішіне бірі орналастырылған қуыршақтарды еске түсіреді. Сол себептен де бұл конституция өзінің бар мүмкіндіктерін сарқып бітірді. Міне, сондықтан да конституцияны өзгерту қажет” дейді саясаттанушы Петр Своик. Оның пікірінше, Қазақстандағы демократиялық күштердің үйлестіру кеңесі ұсынып отырған жаңа конституция жобасы авторитарлық президенттік биліктен президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшуді ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың конституциялық құқын қорғауға кепілдік бере алады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, әр елдің конституциясы саяси өзгерістерге сәйкес жасалуы керектігінен, Қазақстан конституциясын өзгертуге болады. Сенатор Уәлихан Қайсаров та “Сөз” газетіне берген сұхбатында осы тақырыпқа айрықша назар аударып, Қазақстанға жаңа конституцияның қажеттілігін тілге тиек етіпті. Сенатордың айтуынша, "барлық билік президенттің қолында ғана шоғырлануы Қазақстанды экономикалық дағдарысқа әкеле жатыр". Уәлихан Қайсаров "елдегі жақсылықтар ғана президенттің арқасында жасалған жоқ, сонымен қатар биліктің авторитарлығы мен коррупцияға белшесінен батқанына да, экономиканың біржақты ғана, ешқандай жүйесіз дамуына да кінәлі мемлекет басшысы" деп есептейді. Сенатор Қайсаров кейбір сарапшылардың жаңа конституцияны қолданыстағының негізінде жасау туралы әңгімелерді қозғауын "халықты алдау" деп санайды екен. Ал профессор Тұрсынбек Кәкішев “Айқын” газетіне берген сұхбатында "конституцияның қатып қалған зат еместігін, ол да өмірдің өзі тәрізді жетіліп, дамып отыруы қажет екендігін" сөз қылыпты.

“Ақ жол” партиясы төрағаларының арасында өзара келіспеушілік басталғаннан кейін бұл оқиға да тәуелсіз басылымдардың қайта-қайта назар аударып отырған тақырыптың біріне айналды. “Республика” басылымының бірінші санында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов партияның аппаратын Астанаға көшіруге күш салып жатқандығы хабарланыпты.

Мақала авторының айтуынша, "Бәйменовтің алғашқы кезден-ақ билікке жақындығы сезілген". Газетте келтірілген деректерге жүгінсек, 1999 жылы президент әкімшілігін басқарып, "оппозициядан президент сайлауына түскен үміткер экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді шеттетуге де өз үлесін қосқандардың бірі осы Әлихан Бәйменов". Сол себептен де мақала авторы 2001 жылы Әлихан Бәйменов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрғандардың сапынан табылғанда, өзінің бұл оқиғаға қатты таң қалғандығын да тілге тиек етіпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, "Әлихан Бәйменовтің партиясы Қазақстан коммунистік партиясын ыдырату үшін биліктің тапсырысымен жасалған Владислав Косарев басқаратын Қазақстан халықтық коммунистік партиясының көшірмесіне айналғалы тұр".

“Алма-Ата инфо” басылымы да “Ақ жол” партиясының кезекті құрылтайының Астанада өтетіндігін хабарлапты. Мақала авторы онда "Әлихан Бәйменов “Ақ жол” партиясының құрылтайын Астанада өткізуді құрылтайға басқа саяси партиялардың өкілдерін қатыстырмау үшін ұйымдастырып отыр" деген қорытынды жасапты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, "апараттық интригалық ойындардың шебері Әлихан Бәйменов, алдағы уақытта тек “Ақ жолдың” ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы демократиялық күштердің арасына сына қағуға күш салады".

“Начнем с понедельника” апталығы болса Алматы қаласындағы ең үлкен “Заңғар” сауда үйінің негізгі құрылтайшысы “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов екендігін, кейіннен оның бұл сауда үйін кімге сатып жібергені белгісіз болып қалғандығы туралы терминологиялық комитеттің құжаттарын жариялапты. “Экспресс К” басылымында жарық көрген мақалада өткен аптада “Ақ жол” партиясының тең төрағалары қайта-қайта баспасөз мәслихаттарын өткізу арқылы "партияның ыдырай бастағандығын анық аңғартты" деген қорытынды жасалыныпты.

“Эпоха” басылымында кезінде билікті қатты сынға алған Заманбек Нұрқаділовтың енді оппозиция өкілдерін әшкерелей бастағандығы баяндалыпты. Өз сөзінде Заманбек Нұрқаділов “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бірі "Алтынбек Сәрсенбайұлы ешқашан да президенттің командасынан кеткен емес, әлі күнге дейін соның тапсырмасын орындаумен келеді" деп мәлімдепті. Ал сенбі күні жарық көрген “Жас Алаш” басылымында газеттің алдағы санында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының Заманбек Нұрқаділовке хатының жарық көретіндігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG