Accessibility links

Солтүстік Қазақстанда заңсыз жүрген Пәкістан және Ауғанстан азаматтары ұсталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Өткен аптаның соңында Пәкістанның бес азаматы және Ауғанстандық бір азамат Петропавлда заңсыз жүрген жерінен полиция қызметкерлерінің тексеруі кезінде қолға түскен.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Спартак Қабденовтың айтуынша, Қазақстанға кіруге рұхсат беретін құжатсыз жүрген бұл азаматтар әуелі Қырғызстанға келіп, сол жақтан Қазақстанға өткен. Мұнда келгенде солтүстіктің қатты аязына тап болған ұсталғандардың арасында пәкістандық екі азаматтың аяқ-қолын қатты үсік шалып, қазір олар облыстық ауруханада емделуге жатқызылыпты.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті қазір бұл шетел азаматтары Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне қалай келгенін, оларды кімдер әкелгенін тексеріп жатыр. Ал облыстық көші-қон полициясы Қазақстан заңын бұзғаны үшін ұсталған шетел азаматтарын әкімшілік жауапқа тартып, оларды келген еліне кері қайтару жөнінде облыстық сотқа тиісті құжаттар жолдаған. Бұл істі қараған сот шетел азаматтарын әкімшілік жазаға тарту және оларды Қазақстаннан тыс аумаққа депортациялау туралы шешім шығарыпты.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері Кәрима Жанболатова қазіргі кезде оңтүстік Азия елдерінен Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға өтуді мақсат еткен заңсыз мигранттар саны азаймай отырғанын айтады.

- Олардың кейбірі ешкімге білінбей, у-шусыз өтіп кетіп те жатса, бір бөлігі жергілікті заң орындарының назарына ілігіп, осылайша ұсталып жатыр. Мысалы, жуырда ғана Тараз қаласына заңсыз келген Бангладештің 15 азаматы әлі күнге дейін облыстық тергеу абақтысында жатыр. Оларды елдеріне кері қайтаруға құжат қағаздары әзір болмай жатыр, ал осындағы Бангладеш елшілігі бұл істе өте баяу қимылдауда, - дейді көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілі.

Қазақстандық адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның қызметкері Айна Шорманбаева бұл мәселеде алаяқтарға алданған, заңсыз шекара өтуге келіскен шетел азаматтарының өздері де кінәлі екенін айтады.

- Сондықтан, Қазақстан жағы тиісті заң шеңберінде қимылдап, яғни шекара бұзып, ел аумағына заңсыз енген шетелдіктерге әкімшілік жаза қолданып, оларды өз елдеріне қайтаруы - ең дұрыс шешім, - дейді адам құқығын қорғаушы ұйымның өкілі Айна Шорманбаева.
XS
SM
MD
LG