Accessibility links

Баспасөзге шолу. 1 наурыз 2005 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда ақпанның 28-і күні Оңтүстік Қазақстанда Отырар ауданының 525 шаршы шақырымын су алып кеткендігі хабарланыпты. Сондай-ақ, Алматының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің тұрғындар алдында жасаған есебін талқылау да мерзімді басылымдардың негізгі назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты.

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда ақпанның 28 күні Отырар ауданының 525 шаршы шақырымын су алып кеткендігі хабарланыпты. “Айқын” газетінің деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде Шәуілдір – Балтакөл автожолының 500 метрін су шайып отыр. 23 ақпаннан бері Қызылсу, Ешкіқора, Аққұм елді мекендерін жайлай бастаған, олардан яғни Ешкіқорадан 205 адам, Аққұмнан 155 адам көшірілген. Түркістан ауданында дамбыны мықтау үшін жергілікті 70 адам, 3 бульдозер жұмылдырылып отыр.

“Экспресс К” басылымының айтуынша бұл елді мекенді су баспай тұрып, екі мыңнан астам адам басқа жерге көшірілген. Су тасқынының кесірінен Маяқұм ауылында жүздеген ірі қара малы қырылған. Газет тілшісінің айтуынша, су тасқынының болатындығы ауылдағы адамдар үшін үлкен жаңалық бола қоймаған.

Қаңтар айының соңында Сырдарияның су көтеріліп, ауылдарда су тасқынына қарсы түрлі шаралар жасала бастаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, су тасқынына мұздың шоғырланып қалуы себеп болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша, Сырдариядағы барлық жағдай бақылауға алынған.

“Жас Алаш” басылымының хабарлауынша, қазір Шардара су қоймасындағы су қоры 5 миллиард текшеметрден асып кеткен. Су қоймасынан Арнасайға секундына 570 текшеметр су құйылып жатыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Отырардағы Маяқұм, Шеңгелді ауылдарында, Түркістандағы Қожанов және Үсенов атындағы ауылдардың тұсындағы су бөгендері бекітілуде.

“Литер” басылымында өткен ғасырдың 50-ші – 60-шы жылдарында да Сырдарияның осындай мінез танытқандығы баяндалыпты. Сондай-ақ, аталмыш басылымда тұрғындардың облыс және аудан басшылығын су тасқыны болатындығы жайлы алдын-ала ескерткендерімен, олардың ешқандай шара қолданбағандығы баяндалған. Олардың айтуынша, облыс пен ауданның басшылары қажетті техниканы тек соңғы аптада ғана жеткізген.

Міне, сондықтан да ауыл тұрғандары дамбаны нығайтуға, арықты тазартуға өз күштерімен кірісіп кеткен. Мақала авторының айтуынша, ауылдың кейбір адамдары эвакуациядан бас тартып, малдарын аман алып қалу үшін құмға көшуді көздеп отыр. Кейбір ауыл адамдарының бар малы қырылып қалған. Бүгінгі уақытта табиғат апатымен күресуге 2081 адам және 127 техника жұмылдырылыпты. Дегенмен, осыған қарамастан, су тасқынының азаятын сыңайы байқалмайды екен.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер орын алмас үшін Көксарай су қоймасын салу қажет. Ал, Көксарай су қоймасын салу үшін 190-200 миллион доллардай қаражат керек. Газет тілшісінің айтуынша жыл сайын осы аймақта орын алып тұратын табиғат апатының салдарын жоюға миллиондаған доллар қаражат шығындағаннан гөрі, бір рет мол қаржы жұмсап Көксарай су қоймасын салып алған анағұрлым тиімді болмақ.

“Мегаполис” апталығында Сырдариядағы су мөлшерінің көтерілуіне шоғырланып қалған мұз түйіршіктерінің ықпал еткендігі айтылып, оны жою үшін Арыс станциясынан 500 киллограм тротиллдың жеткізілгендігі баяндалыпты. Сарапшылардың айтуынша, шоғырланып қалған мұздарды жоюға үш күн уақыт кетеді. “Мегаполис” апталығында сонымен қатар өткен аптада Сырдариядағы қалыптасқан ахуалға қатысты үкімет отырысының өткендігі және осы отырыста Көксарай су қоймасын салу қажеттілігі туралы әңгіменің айтылғандығы тілге тиек етіліпті.

Сондай-ақ, кейбір басылымдарда Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің есеп бергендігі хабарланыпты. “Егемен Қазақстан” басылымы Тасмағамбетовтің қаланы жарақтандыру және көгалдандыру, аула аумақтарын, арық жүйелерін тәртіпке келтіру, су бұрқақтарын қайта жасақтауды жақсарту жөнінде бес бағдарламаның жүзеге асатындығын баяндағандығын хабарлапты. Әкім Тасмағамбетовтың айтуынша, ағымдағы жылы 443 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, оның ішінде 120 мың шаршы метрі ипотекалық несиелендіру арқылы жүзеге аспақ.

“Город” басылымы болса әкім Тасмағамбетовтің Алматы қаласын жақсарту үшін істелетін жұмыстардың көп екендігін атап өткендігін жазыпты. Ендігі уақытта әкімшілік қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға күш салуды көздеп отыр. Газет тілшісінің хабарлауынша, И.Тасмағамбетов Алматы қаласының архитектуралық нышанын жаңартуды да қолға алмақшы.

Ал “Жас Алаш” басылымы болса Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің көшедегі жарнамалар мен өзге де жазулардағы мемлекеттік тілдегі мәтіндерді ретке келтіруге уәде бергендігін атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG