Accessibility links

Наурыздың 1-і – есірткі және есірткі бизнесімен халықаралық күрес күні


Наурыздың 1-і – БҰҰ-ның шешімі бойынша есірткімен және есірткі бизнесімен халықаралық күрес күні. Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда былтыр 20 тоннадан астам есірткі тәркіленген, бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 тоннаға артық. Ал биылғы жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1 тонна есірткі алынған.

Қазақстанда былтыр есірткі бизнесіне байланысты 9 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, 4 мыңнан астам қылмыс әшкереленді дейді республиканың ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитетінің аға инспекторы Дүйсенәлі Жетібаев:

- Былтырғы жылы есірткінің заңсыз айналымынан 20 тонна 364 кг есірткі заттар алынды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 тоннаға артық. Жалпы тәркіленген героиннің салмағы – 170 кг. Есірткінің заңды айналымынан 822 қылмыстық факті анықталды. Оның ішінде 19-ы – контрабанда, 314-і – есірткі тасымалдайтындар бойынша тіркеліп отыр. Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында героин өткізетін 7 қылмыстық топ қолға түсті.

Дегенмен, құқық қорғаушылар сандық көрсеткіш қуалап, аса қауіпті героин мәселесіне көңіл бұрамыз деп жүріп, марихуананы естен шығарып алатын сияқты дейді Алматы қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы Арман Жусанбай:

- Себебі, талдау-сараптау анықтағандай, жастар бұл қылмыс түрімен күрес героин, морфий сынды ауыр түрлеріне ғана арналған деп ұғып, марихуана мен гашишті темекі есебінде шегуге әуестене бастаған.

Шынымен, қазіргі уақытта есірткі құмарлардың арасында жастардың көбейіп бара жатқандығын айтады Алматы қалалық нөмірі 1-ші наркологиялық диспансердің ординаторлық бөлім меңгерушісі Мейрамбек Мұхаметжанов: - Қазір түсіп жатқан науқастардың жас шамасы көбінесе 20-30 жас арасында, сондай-ақ 18-19 жастағылар көп.

Нашақорлардың арасында жыл сайын жасарып бара жатқандығы алаңдатады дейді №1 Алматы қалалық наркодиспансері бас дәрігерінің орынбасары Күлімшаш Мырзаддинова:

- 20 орындық стационарға жас балалар келеді. Жас дегенде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Оның арасында 14-ке жетпегендер де бар. Тіптен бір 9 жастағы бала да болды. Біз оған «психлогиялық және денелік тәуелділік» деген диагноз қойдық. Жалпы, соңғы кезде нашақорлар арасында жасөспірімдер көбейіп кетті.

Мұндай жағдайдың себебін ол Қазақстанда есірткі саудасының белең алғандығымен түсіндіреді:

- Біздегі нашақорлардың 80-85 пайызы героин пайдаланады. Қазір сол героин көбейіп кетті. Оны біздің еліміз арқылы алып өтеді. Қазақстан - есірткі тасымалдауда өткелдердің бірі. Сондықтан, оның көбі осында қалып қояды.

Қазақстанның есірткі саудасында орталыққа айналғандығын ішкі істер министрлігі нашақорлықпен күрес комитетінің аға инспекторы Дүйсенәлі Жетібаев та мойындайды. Оның айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін есірткі тасқыны негізінен Ресейге жеткізіледі:

- Қазақстан есірткі саудасында орталық болып есептелетіндіктен, есірткі тасымалдаушылар Жібек жолын бетке алады. Бұл бағытта барлығымыз жұмыс жүргізудеміз.

Кейбір деректерге қарағанда, героин негізінен Ауғанстаннан әкелінеді. Мәселен, ауған жерінде бір кг 1 мың доллар тұратын героин Шымкентте 3 мың доллар, Алматыда 4-5 мың доллар тұрады. Ал Ресейде «ақ өлім» атанған бұл кеселдің 1 кг нарқы 10-12 мың долларға дейін көтеріледі. Есірткінің Алматының «қара базарындағы» қазіргі құны жайында Алматы полиция басқармасының қызметкері Арман Жусанбай былай дейді:

- Есірткі құмарлар иненің бір дозасын 1 мың теңгеден сатады екен. Ал марихуананың қара базардағы бір келісі – 1 мың теңге деп айтады. Өткенде 100 келі марихуанамен қолға түскен бір азамат «Әр келісін 1 мың теңгеден сатып құтылмақшы болдым» дейді. Сонда ол 100 мың теңге пайда көрмекші болған.

Есірткіге қарсы күрес комитеті биылғы жыл басынан бері 1 тонна әр текті есірткі түрлерін тәркілеген. Оның 25 кг-нан астамы героин, ал 10 кг-нан астамы апиын болып отыр.
XS
SM
MD
LG