Accessibility links

Сарандағы қарттар үйінде заң талаптары бұзылғаны анықталған

  • Айнагүл САҒДИ

Қарағанды облыстық прокуратурасы Саран қаласындағы «Намыс» жекеменшік пансионатында 82 қарт пен мүгедек жандар адам төзгісіз лас жағдайда өмір сүріп жатқаны анықталғанын хабарлады.

Қарағанды облысында еңбек және халықты жұмыспен қамту жүйесінің 8 интернат-үйлері мен қарттарға арналған стационарлық әлеуметтік жеке меншік нысанды 10 мекеме жұмыс істейді. Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметкері Жәнина Қошанова, Саран қаласындағы «Намыс» жекеменшік пансионатында 82 қарт пен мүгедек жандар тұрады, олар адам төзгісіз лас жағдайда өмір сүріп жатыр дегенді айтады:

- Қартайған науқас тұрғындар тамақты өз бөлмелерінде тоқ пештерге пісіріп ішіп отыр. Төсек-орындары да лас, кір, жыртылған, қажетті тұрмыстық жағдайлар жетіспейді. Директордың қызметі үшін бірталай қаржы төленіп отырса да, тұрғындар жөнді тамақ ішпеген, негізінен ботқа ғана беріліп отырған.

Пансионат тұрғындарына Саран қалалық орталық ауруханасы мекемесінің мамандары дәрігерлік көмек көрсеткен. Аурухананың бас дәрігері Қалима Сатова пансионатта санитарлық талаптардың сақталмауы салдарынан тері ауруларымен ауыратындар да кездесетіндігін айтады:

- Тексеріс барысында 5 педикулез, 6 қышыма ауруы анықталып отыр. Оларға біздің тері ауруларын емдейтін дәрігерлер керекті дәрілерін жазып беріп, қазір бақылауға алды. Мұның барлығы - дұрыс жағдайдың жоқтығынан, уақытында жуынып-шайынбағандықтан болған.

«Намыс» пансионатының директоры тұрғындардың зейнетақыларының 80 пайызын төлеп тұратындығы жөнінде 2003 жылға дейін келісім-шарт бекітіп, 2004 жылдан бері ондай келісім-шарт жүзеге асырылмаған дейді Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметкері Жәнина Қошанова:

- 2004 жылдан бері директор зейнетақы алуға тұрғындардан сенімхаттар жазғызып алып, жеке куәліктерін алып қойған. Негізі пансионаттың штат құрамында 3-ақ адам бар. Ол - директор, хатшы және есепші. Ал іс жүзінде онда 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр және олардың барлығы сол пансионаттан тегін тамақтанып келген. Ал зейнетақы үшін төлемдер тек директор мен хатшы үшін ғана аударылған.

Прокуратура тексерісі кезінде мұндай заң бұзу фактісі «Жезқазған қарттар мен мүгедектер интернаты» мемлекеттік мекемесінде де анықталған. Бұл 250 орындық мүгедектер мен қарттар үйінде бүгінде жүйке ауруына шалдыққан 60-тан астам адам бірге өмір сүріп жатыр екен. Бұл жерде заң өрескел бұзылып отыр дейді прокуратура қызметкерлері.

Ал интернат үйінің директоры Болат Рақымов Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында мұның өзі облыстық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бұйрығымен болған жайт дегенді айтты:

- Облыстық прокуратурадан тексеруге келгендер ол бұйрықты көріп, көшірмесін алды. Бастық ретінде мен не істей аламын, мен тек бұйрықты орындаймын.

Аталған интернат үйінде 1999 жылдан бері мүгедектігіне байланысты тұрып жатқан Сейілхан Әбдірахманов бертінге дейін жүйкесі ауыратындармен аралас-құралас өмір сүріп келгенін айтады.

- Бұрын кедергі көп болды. Асханаға барғанда да у-шу, азан-қазан, кинотеатрға барғанда да отырмайтын. Далада да, үйде де солай.Қазір оларды бөліп қойды. Жүйкесі ауыратындармен бір шаңырақтың астында тұру қарт адамдар мен мүгедектерге айтарлықтай қиыншылық келтіреді, - дейді Сейілхан Әбдірахманов.
XS
SM
MD
LG