Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті баяндамасында Қазақстандағы сайлауды сынаған


Ақпанның 28-і күні АҚШ мемлекеттік департаменті 2004 жылы әлем елдеріндегі адам құқықтарының жай-жапсарына арналған дәстүрлі жылдық баяндамасын жария етті. Бұл құжатта бұрынғы совет одағының құрамында болған елдерден Грузия мен Украинадан басқаларында саяси даму процестерінің баяу жүріп жатқандығы айтылған.

Ресей бастаған ТМД елдерінің көпшілігі адам құқығының қорғалуы саласында АҚШ мемлекеттік департаментінің қатаң сынына ұшыраған. Осы елдерде көптеген бейресми ұйымдар мен оппозициялық партиялар билік тарапынан түрлі қыспақтарға ұшырап, оларға әдейі бюрократтық кедергілер жиі жасалатыны атап жазылған.

Әсіресе, Түркіменстан мен Өзбекстанда үкімет оппозициялық саяси партияларды тіркемейді. Ал осы Евразия аймағында орналасқан елдердің үкіметтері Украина мен Грузиядағы өзгерістерден дұрыс қорытынды шығарудың орнына, оны басқаша түрде сипаттауға көшкен, яғни, оларды батыс елдерінің ықпалымен болды деген жаңсақ пікір белең алған.

Ал Орталық Азиядағы үш мемлекет - Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан жаңа сайлау заңдарын енгізгеніне қарамастан, бұл заңдар халықаралық деңгейге сай келмей отыр деген баға берілген АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында.

Солардың ішінде Қазақстанда 2004 жылы өткен парламент сайлауында мұның алдындағы сайлаумен салыстырғанда аздап болсын ілгерлеушілік байқалғанымен, сайлауды бақылаған халықаралық және жергілікті бақылаушылар бұл жолғы сайлау барысында да көптеген заңсыздықтар орын алғанын атап көрсеткен деп жазады АҚШ мемлекеттік департаменті әлем елдеіндегі адам құқығының қорғалуы жайлы жылдық есеп баяндамасында.

- Қазақстан Республикасы АҚШ мемлекеттік департаментінің есеп баяндамасында Адам құқығы бұзылып отырған ел санатында аталып отырғаны бір бұл емес, Қазақстан бұдан бұрынғы жылдардағы есеп баяндамаларда да үнемі сыналып келе жатқан ел. Бірақ, осы жыл сайын айтылатын сынға қатысты Қазақстан өкіметі өзінің ресми көзқарасын білдірген емес, - дейді Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің мүшесі Әміржан Қосанов.

Ал Қазақстандағы парламент және Украинадағы президент сайлауларына тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан саясаткер Дос Көшім болса Украинадағы сайлаумен салыстырғанда, Қазақстанда өткен парламент сайлауында заң талаптарының өрескел, жиі бұзылғанын айтады. Бұл адам құқығы саласындағы үлкен кемшілік болды дейді ол.
XS
SM
MD
LG