Accessibility links

Қазақстанда ВИЧ жұқтырған 259 жүкті әйел тіркеуде тұр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сейсенбі күні Алматыда басталған Орталық Азияда адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы (ВИЧ) індетінің анадан балаға жұғуының алдын алу тақырыбына арналған үш күндік жиынға осы мәселені зерттеп, дерттің алдын алумен шұғылданатын бірқатар халықаралық ұйымдар және Орталық Азия елдерінен мамандар қатысып отыр.

ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының Орталық Азия елдеріндегі Денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламасы бойынша өкілі Санджив Кумар әлемде ВИЧ/СПИД дертін жұқтырғандар санының өсуі үлкен қауіп төндіріп отыр.

ВИЧ/СПИД дерті Орталық Азия елдерінде кең таралып отыр” дейді. Сондықтан ол Орталық Азия елдерінде адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы індетінің анадан балаға жұғуының алдын алу, ВИЧ/СПИД инфекциясын жұқтырып туған сәбилерді күту мен емдеу жұмыстарын тереңдетуде тәжірибе алмасу аса қажет деді.

Бұған дейін адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы індеті негізінен нашақорлар мен есірткі тұтынушылар арасында көп кездеседі деген пікір үстем болып келген-ді. Бірақ, қазір мамандар ондай пікірдің біржақты екенін айтып, өкінішке орай, бүгінде салауатты өмір салтын ұстанатын ерлер мен әйелдер арасында бұл дерттің жыныстық қатынас жолымен таралу оқиғасының көптеп ұшырай бастағандығын алға тартты.

- Сол себепті екіқабат әйелдердің көпшілігі өз жағдайын жүктілігі бойынша тіркелуге келгенде бір-ақ біледі. Ондай жандардың өзі де, іштегі бала да арнайы дәрігерлік бақылауға алынады. Өйткені, біз - дәрігерлер әр ананың бала сүю құқына шек қоюға хақымыз жоқ. Біздің міндетіміз – ана мен баланың саулығына жауап беру, - деді америкалық Халықаралық денсаулық одағының (АХДО) атқарушы директоры Джеймс Смит.

Ал АХДО-ның Орталық Азия елдері бойынша кеңесшісі Наталья Низова “қазіргі күні Украинада халықаралық ұйымдардың қолдауымен ауруды күту және емдеу, ВИЧ/СПИД инфекциясының жұғуының алдын алу туралы бағдарламалар жүргізіліп жатыр, соның нәтижесінде адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы індетінің анадан балаға жұғу оқиғаларының 75 пайызға қысқаруға мүмкіндік бергендігін нақты тәжірибелер көрсетіп отыр” дейді.

- Қазақстанда ВИЧ/СПИД инфекциясын жұқтырған 4696 адам ресми тіркелген, 259 жүкті әйел есепте тұрады. Бүгінде ВИЧ/СПИД инфекциясынан республика бойынша, 180 адам қайтыс болып, осы дертті жұқтырған әйелдерден туған 139 сәби дәрігерлердің бақылауында. Олардың 12-сі анасының құрсағынан ВИЧ инфекциясын жұқтырып туғаны анықталып отыр, - дейді Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бастығы Бекбай Хайруллин.

Қырғызстандық дәрігер Гүлжамал Суванова өз еліндегі бір ғана Ош облысында 27 әйел ВИЧ инфекциясымен есепте тұрғанын айтады:

- Қырғызстанда осыдан 5-6 жыл бұрын ВИЧ/СПИД ауруымен тіркелген адам болмаған. Қазір осы аурумен ауырған әйелдерден туған 10 бала бар. Олардың 6-ының ВИЧ/СПИД індетін жұқтырғаны анықталды. Ал халқы тығыз орналасқан Ош облысында 55 ер, 27 әйел адам ресми тіркеуде тұр.

Қазақстан бойынша таралу жағынан үшінші орында келе жатқан Павлодар облысында өткен жылдармен салыстырғанда аталған аурудың төмендегені байқалады дейді осы облыстың ВИЧ/СПИД дертіне қарсы күрес орталығының директоры Сағит Иманғазинов:

- Облыстағы жағдайды 2001 жылмен салыстырсақ 5 пайызға төмендегені байқалады. 20-29 жас аралығындағы жастардың тіркелуі жалпы республика көлемінде жоғары деп айтуға болады. Өйткені олар көбірек есірткімен әуестенеді.

Мамандардың айтуынша, дертке шалдыққан 1 баланы емдеуге кететін шығын 10 мың АҚШ долларын құрайды екен. Сондықтан аурудың алдын алудың ең тиімді жолы - қоғамда ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңірек жүргізу қажет дейді олар.
XS
SM
MD
LG