Accessibility links

Лондонда Палестинадағы реформаларға арналған халықаралық жиын өтті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сейсенбі күні Ұлыбритания астанасы Лондонда Палестина еліндегі жаңа реформаларға арналған халықаралық конференция өтті. Бұл жиын Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісін дұрыс жолға салу үшін Палестинадағы жаңа реформаларға халықаралық деңгейде қолдау жасау мақсатын көздейді.

Халықаралық конференцияны өткізу туралы бастаманы Ұлыбританияның бас министрі Тони Блэр жасаған болатын. Оған Палестина президенті Махмұд Аббас, БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан, АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, ЕуроОдақтан Хавиер Солана және одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысуда.

Сондай-ақ, бұл жиынға Халықаралық валюта қоры, Әлемдік банк, Араб лигасы секілді, жалпы саны 30 шақты ресми халықаралық ұйымдардан өкілдер келген. Бірақ, Лондондағы конференцияға Израильден ешкім келмеді, оған жұма күні Тель-Авивте 5 израильдық азамтың өмірін қиған бомба шабуылы да себеп болған секілді.

Халықаралық жиынның күн тәртібіне белгіленген мәселелер қатарында, Палестина еліндегі реформалық өзгерістер, бейбітшілік үдеріске қолдау таныту, қауіпсіздік күштерін нығайту, экономикалық саладағы жағдайды реттеу мәселелері бар. Жиында кірісе сөзбен бастаған британ үкімет басшысы Тони Блэр жиын барысында қаралуы тиіс негізгі мәселенің бірі - Израиль мен Палестина арасындағы жанжалдарды шешудің кілтін табу деп айтты.

- Біз бүгін үкіметтік басқару, қауіпсіздік пен экономиканы реттеу жолындағы Палестина әкімшілігінің жаңа жоспарлары жөнінде анық ақпаратқа ие болармыз деген үміттеміз. Сондай-ақ, бұл басқосуда белгіленген мәселелерді шешуде Палестинаға халықаралық қауымдастық болып қандай қолдау көрсете аламыз - соны да шешуіміз ләзім, - деді Тони Блэр.

Тони Блэрдің 20 шақты мемлекеттен және халықаралық донорлық топтардан, сондай-ақ, өзге ұйымдардан келген өкілдер алдында айтқанындай, қазіргі кезде Израиль мен Палестина елі арасындағы жанжалды тезірек шешіп, бейбітшілік, тұрақтылық орнатудан артық мәселе аз десе болады.

Өз сөзінде президент Махмұд Аббас алдымен, палестиналық қауіпсіздік күштерінің басын қосу арқылы Таяу Шығыста қауіпсіздік шараларын жақсарту қажет болады дегенді айтты.

Ал, БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан Палестина мен Израиль елдерінің арасындағы жанжалдың келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілетіндігіне сенім білдірді.

- Міне, біз берілген уәде, мүмкіндік, сенім алдында тұрмыз. Ұзаққа жалғасқан азапты, қиын кезеңнен кейін, енді алдымыздан жақсы баянды күндер де туатындығы анық бола бастады, - деді Кофи Аннан.

Ал бұл халықаралық жиынды ұйымдастырған Ұлыбританияның бас министрі Т.Блэр Палестина-Израиль мәселесін шешудің әлемдік мәні бар екенін атап айтты. Әзірге Таяу Шығыстағы бейбітшілік мәселесін шешуден өзекті мәселе жоқ деді британ премьері.

Сейсенбі күні Лондонда басталған бұл халықаралық жиын сол күні өз ісін тәмамдады.
XS
SM
MD
LG