Accessibility links

Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің әзірлеген «БАҚ туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу» туралы заң жобасын республиканың әділет министрлігі «бұл күйінде мәжіліске беруге жарамайды» деп қайтарып тастады.

Бұл жөнінде мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжан Азаттық радиосына сәрсенбі күні берген түсіндірмесінен мәлім болды. Алайда, сол күні бірқатар қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар министрлік әзірлеген заң жобасынан мүлдем бейхабар екендерін мәлімдеп, бұл орайда өздері әзірлеген «БАҚ туралы» заң жобаларын ұсынды.

«БАҚ туралы» заң биыл үкімет және үкіметтік емес ұйымдардың назарын қайта өзіне аударды. Алдымен бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылып, олармен екі мәрте отырыс өткізілді дейді Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжан:

- Саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, мысалы, Журналистер конгресін жұмысшы тобына шақырғанбыз. Екі отырыстан кейін Журналистер конгресінің заңгерлері үкіметтік емес ұйымдардың пікірлерін жинақтап, бізге берді. Сонан соң бұл ұсыныстар енгізілген заң жобасын әділет министрлігі мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жібердік. Бірақ, бүгінде құжат ол жақтан қайтып келді. Дәл қазір әділет министрлігі сол ұсыныстарды қарастырып «БАҚ туралы» заңға біз әзірлеген ұсыныстарды әзірше жіберудің қажеттігі жоқ деп пікір білдіріп жатыр.

- Олар жобадағы қандай тұстарға қарсы?

- Бұл жайында әзірге әділет министрлігімен әңгіме жүріп жатыр. Сондықтан, бұл орайда мән-жайды айтып, үкіметтік емес ұйымдарға арнайы хат жолдадым, - деді вице-министр Ардақ Досжан.

Ал әлгі хат мазмұнын министрдің орынбасары ашып айтпағанымен, ол туралы халықаралық «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калеева былай деді:

- Вице-министр Ардақ Досжанға олар дайындаған заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жобасы бойынша бір хат жолдадым, сұрақтар қойдым. Онан кейін екінші хат жолдадым. Бірақ, қойған сауалдарыма мардымды жауап ала алмадым.

Калееваның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар министрліктің әзірлеген заң жобасының мән-жайынан мүлдем бейхабар:

- «БАҚ туралы» қазіргі заңға кімдер және қалай өзгерістер әзірлегені бізге беймәлім. Ондағы өзгерістер жайын да ешкім білмейді!

Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжан болса, өздері әзірлеген жобаға қоғамдық ұйымдардың қатысқандығын айта отырып, заңға енгізілмек басты өзгерістерді былай көрсетті:

- Біріншіден, қазақ тілінде эфирге шығатын бағдарламалар қашан көрсетілуі керек? Осы туралы өз ұсыныстарымызды білдірдік. Екіншіден, өткен күзде біздің аймақтық басқармаларымыз таратылған болатын. Сондықтан, біздің министрлік тек республикалық деңгейде шығатын ақпарат құралдарымен жұмыс істесе, аудандық, қалалық, облыстық басылымдармен жергілікті атқарушы органдар жұмыс істесе деген ұсыныс айтып отырмыз.

Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы болса, баспасөз туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жағдайды одан сайын ушықтыратынын айтып, өзі министр болып тұрған кезде дайындалған заң жобасына назар салуға шақырды:

- Олар қазіргі заңға өзгерістер енгізу арқылы жағдайды түзеуге болады дейді. Меніңше, бұл жағдайды одан әрмен күрделендіретін, қайшылықтарды асқындыра түсетін жұмыс болмақ. Сондықтан, олар өткен жазда менің басшылығыммен даярланған заң жобасына көзқарастарын ашық айтқаны дұрыс болар еді: бұл заң жобасын қолдаймыз яки бұл заң жобасы қабылданбайды деп.

Бұл уақытта «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» тағы бір заң жобасы дүниеге келді. Оны дайындауға бірқатар үкіметтік емес журналистік ұйымдар - Қазақстанның Журналистер конгресі, сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоры, Қазақстан Журналистер одағы, американдық заңгерлер қауымдастығының БАҚ-тарды қолдау орталығы ат салысқан.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев өздері әзірлеген жоба жайында былай дейді:

- Мысалы, егер ақпарат құралын тіркеу үшін 1-2 ай күтуге тура келсе, біздің ұсынған заң жобамыз бойынша жаңа газет-жорнал ашып, тіркеу қағаздарын жіберсеңіз, сізге ақпарат министрлігі 1 айда жауап беруі тиіс. Егер ол мерзімде жауап келмесе, сіз басылымыңызды шығара бересіз. Бізге бұл заңды жүзеге асыру үшін қолдау керек! Ал ақпарат министрлігі бізге көмектеспейді. Ол заңға өзгерістер мен толықтыруларын берді. Оны да біз білмейміз!

Бірақ, мәдениет, спорт және ақпарат министрлігі де өз бастамасынан бас тартпақ емес. Вице-министр Ардақ Досжанның сөзіне қарағанда, әзірге аты-жөні нақты мәлім емес саяси партиялар мен «үкіметтік емес ұйымдар» кіретін жұмысшы тобы «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстарын қайта жандандырмақ.
XS
SM
MD
LG