Accessibility links

Қазақстанның БҰҰ-на мүше болғанына 13 жыл толды


1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық мәжілісінде, Қазақстан Республикасы аталмыш ұйымға мүшелікке кірді. Бұл шешім дауысқа салынбай, бірауыздан мақұлдау негізінде қабылданды.

Қазақстан Республикасы БҰҰ-на мүшелікке қабылданғаннан кейін, бірден Тынық мұхиты және Азия аймақтары үшін құрылған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның мүшелігіне өтті. Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі барлық 12 келісім-шартына қосылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматыдағы өкілдігінің қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы Владимир Поляков осы өткен кезеңде халықаралық ұйым тарапынан Қазақстанның түрлі салаларына көмек көрсетілгенін айтады:

- Ондай көмектер әлеуметтік, экология және өзге салаларды қамтыды. Дегенмен, біз үкіметтің орнына жұмыс жасамаймыз. Біздің басты мақсатымыз - кез-келген саланың дамуы үшін тиімді жол тауып, соны көрсету болып табылады.

БҰҰ-ның арнайы салалар бойынша жұмыс жасайтын 30-дан аса агенттіктері бар болса, соның 12-і бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыс жасап жатыр. Ол экология, жастар, нашақорлық, адам құқы сынды түрлі салаларды қамтиды.

Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі барлық 12 келісім-шартына қосылып, бүгінде елде терроризмге қарсы Ұлттық орталық жұмыс істеп отыр. Бұл туралы БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің арнайы отырысында сөз алған, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен болатын.

Халықаралық полиция ұйымы - “Интерполдың“ Қазақстандағы ұлттық орталығының бюро бастығы, полиция полковнигі Әміржан Тоқсынбаев, бүгінгі күні Қазақстанға терроризм қаупі төніп тұрған жоқ, дегенмен "сақтықта қорлық жоқ" демекші, әр істің алдын-алу қажет деген пікір білдірді:

- Біздің Қазақстанда ондай қауіп жоқ қой, дегенмен, мына шекаралас мемлекеттерде болып жатқан жағдайлар бізді де алаңдатады.

Осы ретте Қазақстандық заң сақшысы Ә.Тоқсынбаев БҰҰ-ның ақпан айында өткізген халықаралық отырысы өте маңызды екендігін айтады:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан өткізілген саммитке барлық халықаралық ұйымдардың өкілдері, солармен бірге Интерпол да қатысып отыр. Осы жерде нақты біз қандай шаралар, қандай жұмыстар жасауымыз керек деген тұрғыда келісімдер жасалынып жатыр.

Сонымен қатар, БҰҰ жоғарыда аталған 12 арнайы сала бойынша жоспарланған жұмыстарға жыл сайын қаржы бөледі. БҰҰ Алматыдағы өкілдігінің департамент басшысы В.Поляков жекеленген сала бойынша бөлінген гранттардың өзі бүгінгі күнде бірнеше миллион долларды құрап отыр дейді:

- Мәселен, осыдан 7 жыл бұрын ғаламдық экологиялық қордың жұмысына 200 мың доллар бөлінген болатын. Ал, бүгінде бұл қаржының көлемі миллиондап есептеледі. Себебі, ол қордың жасап жатқан жұмысы бөлінген ақшаны ақтап отыр.

БҰҰ мен Қазақстанның қарым-қатынасы республиканың халықаралық деңгейде танылуына да себеп болды дейді көп жылдар сыртқы саясат саласында қызмет атқарған қазақстандық кәсіби дипломат Болатхан Тайжан:

- Ең бірінші, Қазақстан Азия тарапында қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Соған орай қазір Алматы Азияның қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын ордасы болып отыр. Екіншіден, Қазақстан үшінші дүниедегі мәселелерге өте белсенді қатысты. Оның үстінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елдердің ішінде, жас елдердің ішіндегі ең беделді, саясаты салмақты, ішкі жағдайы тұрақты мемлекет болып есептелінеді.

Қазіргі кезде құрамында 191 мемлекет мүше болып отырған БҰҰ-на Қазақстан мүше ретінде жыл сайын жарна төлейді. Биыл оның мөлшері 444 мың долларды құрап отыр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG