Accessibility links

Студент жастарға берілетін өсімсіз білім несиесі

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің өкілі қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындарында елдегі екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге несие бөлудің осы заманғы жүйесін жасау жұмыстары атқарылып жатқандығын хабарлады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика халқына биылғы жолдауында таяудағы 5 жылда коммерциялық банктердің студенттерге бөлетін несиелеріне мемлекеттік кепілдік беру жүйесін іске асыру үшін қосымша 2 миллиард теңге, оның ішінде биылдың өзінде 600 миллион теңге бөлу қажет деген болатын. Бұл орайда елдің білім және ғылым министрлігі студенттерге жеңілдік беруде жаңа модель дайындалып жатқанын хабарлап отыр.

Министрліктің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, пайызсыз несие тұрмысы төмен отбасындағы балаларға, ата-анасы жоқ студенттерге беріледі. Ал, Қостанай мемлекеттік университеті студенттерге өсімсіз несие беріп, жеңілдік беруді жолға қойыпты. Өйткені, жекелеген банктер несие беруге ұсыныс жасағанымен ол студенттерге тиімсіз дейді университет проректоры Дүйсембай Сейтқазинов.

Білім және ғылым министрлігінің өкілі Жанар Үсіпбекованың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындарында елдегі екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге несие бөлудің осы заманғы жүйесін жасау жұмыстары атқарылып жатыр екен.

- Егер студент несиеге оқитын болса, он жылдың ішінде қайтаруы керек. Ол қаржыны қайтару үшін айына 3-5 мың теңге көлемінде ақша төлеуі қажет болады, - дейді Ж анар Үсіпбекова.

Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры Дүйсембай Сейтқазинов болса әдетте оқу жылының алғашқы кезінде студенттердің оқу ақысын төлеуге мұршасы жетпей жатады, сондықтан оларға мүмкіндік беру жолы қарастырылды дейді.

Осы университеттің 4 курс студенті Әлия Сапарова оқу ақысын жеңілдікпен төлеп жүргенін, себебі бірден 60 мың теңге төлеу өзіне қиынға соққаннын айтады. Ал, университет проректоры Д.Сейтқазиновтың айтуынша, кейбір банктер студенттерге несие беруге ниет білдіргенімен, ол ұсыныстар студенттер үшін тиімсіз болыпты.

- Президент Жолдауында айтылған бағдарламаның орындалу тетігі меніңше, сәл кейінірек болатын шығар, банктер мемлекеттен кепілдік қабылдауға дайын болады деп ойлаймын, - дейді Қостанай мемлекеттік универстетінің ғимаратында орналасқан «ЦентрКредитбанк» бөлімшесі директорының орынбасары Анатолий Пономарев.

Пономарев мырзаның сөзіне сүйенсек, университет студенттеріне оқуға несие бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Олардың ата-аналарының, туыстарының кірістері бойынша екі жылға дейін жеңілдікпен несие беріледі. Ал, мемлекеттік несие жүйесі бойынша оқып жүрген Әйгерім есімді студент несиеге оқыған күнде де кейін жұмыс табу екіталай деп отыр.
XS
SM
MD
LG