Accessibility links

Премьер-министрдің кетуі Ливанды саяси дағдарысқа ұрындыруы мүмкін


Осы аптада Ливанда болған ең маңызды оқиға – күтпеген жерден дүйсенбі күні Омар Қарами премьер-министр лауазымнан бас тартты. Оның үкімет басынан нендей себептен кеткені беймәлім. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, Омар Қарамидің атқарушы билік басынан кетуі елді аса қауіпті саяси дағдарысқа соқтыруы мүмкін.

Дүйсенбі күні Омар Қарами осыдан екі апта бұрын қастандықтан опат болған экс-премьер-министр Рафик Әл-Хариридің өлімін талқылау үшін жиналған парламент отырысының басында үкімет басынан кететінін жариялады.

- Мен өздерінің үкіметке сенім білдіретіндеріне сендірген өкілдерге рахмет айтқым келеді. Менің іс-әрекетімнің салдарынан үкімет елге пайдалы жұмыс істемей отыр деген күдіктің шығуы себепті мен өзім басқарып келген үкіметтің тарайтынын жариялаймын, - деп мәлімдеді Омар Қарами.

Бейруттағы саяси қайраткерлер мен саяси сарапшылардың пікірінше, өзі бастаған үкіметке айтылған сын пікірлерді Омар Қарами өзіне бағытталған сын деп қабылдады. Бір саясаткердің айтуынша, оның көңілі содан бұзылып кетті. Саясаткерлер Омар Қарамиді үкімет басынан кетуге Сирия мәжбүр етті деп ойламайды.

Сейсенбінің таңында шыққан хабарға қарағанда, Ливан президенті Эмиль Лахуд премьер-министрлікке жаңа үміткерді ұсынғанша, Қарамиден үкімет басындағы міндетін тағы 1-2 күн атқара тұруды өтінген көрінеді. Бірақ, Қарами одан бас тартқан тәрізді. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында бұрынғы премьер-министр Сәлім Хостың атап көрсеткеніндей, Омар Қарамидің үкімет басынан кетуі елде аса қауіпті саяси дағдарыс туғызады

- Иә, бұл қауіпті. Бұл саяси дағдарыс – егер оппозиция біздің конституциямызға сәйкес кеңестер процесіне қатысқан жағдайда ғана жойылуы мүмкін. Бүгін мұндай мүмкіндік дереу туа қоймас деп сескенетіндердің бірі менмін. Оппозиция да осы күнге дейін президентпен уәжге келуге бармай отыр, - деді Сәлім Хос.

Валид Джумблат пен оппозиция қандай іс-әрекетке бару керектігін ақылдасу үшін сәрсенбі күні бас қосатынын хабарлады. Оппозиция президентті де Омар Қарами сияқты Сириямен ауыз жаласты деп есептеп, оған қарсы шығып отыр.

Президенттің ресми өкілі Рафик Шалаланың хабарлауынша, көкек айында өтетін сайлауға дейін премьер-министрдің міндетін атқаратын тұлғаны қарастыру мақсатында президент сәрсенбі күні парламент спикері Наби Берримен кеңеспекші. Бірақ, президенттің өзі Валид Джумблатпен бетпе-бет кездесуді қалай ма, жоқ па, ол жайында Шалала ауыз ашпады. Әйтсе де екі арадағы келіссөз сырттай басталып кетті деген сөз де бар.

Оппозициядан ұсынылатын үміткерлердің ішінен марқұм Әл-Хариридің қарындасы – бұрынғы әділет министрі мен қазіргі қаржы министрінің есімдері аталып жүр. Бұл екі министр де Әл-Хариридің одақтастары болатын. Жұрттың айтуынша, парламенттің дүйсенбідегі отырысында Омар Қарамиді бәрінен бұрын жермен-жексен етіп сынап, оны үкімет басынан кетуге мәжбүр еткен де Рафик Әл-Хариридің осы қарындасы – Бохия көрінеді.

Өз сөзінде ол қазіргі үкіметті таратып, бұрынғы премьер-министрдің өлімін тиянақты да жан-жақты тергеуге шақырды. Премьер-министрлікке президент ұсынған жаңа үміткерді парламент мақұлдағанша және Омар Қарами премьер-министр міндетін уақытша атқарып отырғанда, деп санайды Сәлім Хос, қазіргі үкіметтің өз міндеттерін ойдағыдай атқара беруі екіталай. Оның басты себебі, деп атап көрсетеді Сәлім Хос, түрлі-түрлі жағдайдың, тіпті зорлық-зомбылықтың бұрқ етіп шығуы да мүмкін.

- Іс жүзінде, қазіргі жағдайда қызмет кеңсесіне келіп өзінің лауазымдық міндеттерін күнделікті атқара беретін бірде-бір министрді көзіме елестете алмаймын. Сондықтан да мен елде қолынан іс келетін үкімет жоқ па деп қорқамын және мұндай жағдай кез-келген төтенше ахуалға душар етуі әбден мүмкін, - дейді Сәлім Хос.

Омар Қарамидің үкіметтен кетуінің ізінше оның өкілінің кеңсесінде тінту болған және кейбір хабарға қарағанда, үкіметке қарсы элементтер премьер-министрдің туған қаласы – Триполидегі Омар Қарамидің мүсініне бас салған.

Ал осы кезде, дүйсенбі күні, Сәлім Хос зиялылар мен технократтардан және бірнеше саяси партиядан “Үшінші майдан” қозғалысын құратынын мәлімдеді. Оның атап көрсетуінше, жаңа қозғалыс, бір жағынан Омар Қарами мен президент Эмиль Лахудты қолдайтындардың, екінші жағынан – Валид Джумблат пен оппозицияның екі арасына дәнекер болады деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG