Accessibility links

Баспасөзге шолу. 4 наурыз 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жұма күнгі оппозициялық басылымдарда халықаралық ұйымдардың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы сот шешіміне алаңдаушылық білдіргені, ал партияның кеңсесіне келген тарату комиссиясының өкілдері барлық құжаттарды алып кеткендігі жазылыпты.

“Республика” басылымында Еуропа парламентінің депутаты, халықаралық істер жөніндегі комитеттің мүшесі Ари Ватаненнің Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан президенті әкімшілігінің атына жолдаған ашық хаты жарияланыпты.

Ари Ватанен өз хатында Алматы қалалық сотының Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын жабу туралы шешімді күшінде қалдырғанына орай алаңдаушылық танытыпты. Оның айтуынша, Адам құқықтарын қорғайтын “Хьюман Райтс Вотч” халықаралық ұйымы соттың бұл шешімін Қазақстан үкіметі өзі қабылдаған демократиялық реформаларға қайшы келеді және бұл қадам Қазақстандағы саяси плюрализмнің дамуына кедергісін келтіреді деп мәлімдегендігін еске салыпты.

Еуропа парламентінің депутаты Ари Ватанен ҚДТ халықтық партиясының мәлімдемесінің дүрлігіс пен қоғамдық тәртіпсіздік туғызуы мүмкін екендігіне қатысты ешқандай да дәлелдер жоқ деп есептейді. Сондай-ақ, ол ақпанның 17-күнгі Еуроодақтың жасаған мәлімдемесін қолдайтынын білдіріп, соттың шешімін қайта қарауға қатысты барлық мүмкіндіктер сарқылмай тұрғанда партияны таратып жіберуге асықпауға шақырыпты.

Сонымен қатар Ари Ватанен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтан Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақияновтың әлі күнге дейін түрмеде отырғанына қатысты өз алаңдаушылығын айтыпты. Оның айтуынша, Еуропа парламенті бұдан бұрын да Қазақстан үкіметінен Ғ.Жақияновтың түрмеден тез арада босатылуын сұраған.

Жұма күні жарыққа шыға бастаған “Сөз” қосымшасындағы Сергей Керннің мақаласында наурыздың 3-күні таңертең ҚДТ халықтық партиясының кеңсесіне тарату комиссиясының мүшелерінің келгендігі хабарланыпты. Газет тілшісінің айтуынша комиссияның құрамында жеті сот атқарушысы, Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полицейлері, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің өкілдері болған.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, тарату комиссиясының мүшелері партияның барлық құжаттарын беруді талап еткен. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының саяси кеңесі президиумының төрағасы Асылбек Қожахметовтің сөзін тыңдағысы келмеген комиссия мүшелері, егер де өз еріктерімен құжаттарды бермесе, олардың кеңсесін шабуылдауға кірісетіндігін ескерткен.

Газет тілшісінің айтуынша, тарату комиссиясы ҚДТ халықтық партиясындағы заңгерлердің тапсыруға тиіс барлық құжаттарды дайындау үрдісінің наурыз айының 4-күні аяқталатынына да назар аудармай қойған. Күш қолдану әрекетіне жол бермеу үшін ҚДТ халықтық партиясының басшылары барлық құжаттарды беруге мәжбүр болған.

Саясаткер Дос Көшім «Жұма-таймс/Дата недели» апталығына берген сұхбатында ҚДТ халықтық партиясы мен «Ақ жол» партиясының өз ішінде ымыраға келіспеушіліктің бар екенін айта келіп, республикадағы оппозицияның тек бұлармен ғана шектелмейтініне тоқталыпты. Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстанда өздерінің айтарын ішке бүгіп, шабуылды күтіп отырған күштер бар.

“Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында экономика ғылымының докторы Атамұрат Шәмен оппозицияның кез-келген жүйеде болуы керектігін айта келіп, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жабылуына оның басшыларының өздері кінәлі деген қорытынды жасапты.

А.Шәменнің айтуынша, ҚДТ халықтық партиясы қандай жағдай болған күнде де Қазақстан Республикасының Конституциясын сақтауы тиіс еді. Оның айтуынша, бұл партияның басшылары халықты бағынбауға шақыру секілді әрекеттерге әдейі барды. Сондықтан да А.Шәмен бұл жағдайда әділдік билік жағында деп есептейді.

«Начнем с понедельника» апталығының кезекті санында ҚДТ халықтық партиясы туралы мақалалар жиі басылатын «Республика» басылымы сынға алыныпты. Газет тілшісінің айтуынша «Республика» басылымы арзан бедел жинау мақсатында негізі жоқ деректерді газет бетінде жариялауды үрдіс қылып алған. Әсіресе, мақала авторы осы газеттің бетінде жарық көрген Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруге қатысты жарық көрген материалдар шындыққа үйлеспейді деп есептейді.

Ал «Республика» басылымы болса «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы орын алған оқиғаға қатысты қаржы полициясына қылмыстық іс қозғауға Бас прокурордың рұқсат етпей қойғандығын хабарлапты.
XS
SM
MD
LG