Accessibility links

Сырдың тасуынан Отырар ауданына бір миллиард теңгенің зардабы тиді


Тасқын судың жайылуы салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына келген шығынның жалпы есебі бір миллиард теңгеге жетті.

Өзбекстанның Арнасай ойпатына жіберілетін су көлемін уақытша шектеуі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде төтенше жағдай туғызды. Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы төтенше оқиға Қызылорда, Жалағаш, Қармақшы аудандарына қарай ойысып келеді.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына келген шығынның жалпы есебі бір миллиард теңгеге жетті. Отырар ауданында 94 үй, 500-дей уақ мал, 27 сиыр, бірнеше үйір жылқы суға кеткен. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімовтың айтуынша, мәселе әзірге күрделі күйінде қалып отыр.

Парламент мәжілісіне Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутат Төлебек Қосмамбетов елдің төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпеймен бірге су астында қалған 550 шақырым жерді тікұшақпен аралап, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бекмырза Еламановтың айтуынша тасқын су Жаңақорғаннан өтіп Шиелі ауданына жақындаған:

- Жаңақорғанның Төменарық, Авангард ауылдарынан тұрғындар көшірілді. Бір тәулікте екі мың адам көшірілді. Шиелі ауданы аумағында генерал Болат Жанасаев басқаратын төтенше жағдайлар министрлігінің әскери құрамасы тұр.

Парламент мәжілісінің депутаты Төлебек Қосмамбетов бұл жағдай көршілес Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі мемлекетаралық келісімдерді орындамауынан туындап отырғанын айтады. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бекмырза Еламановтың айтуынша тасқын су екі ауданнан өткенімен, Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаш аудандарына қауіп төндіре бастаған.

Мәжіліс депутаты Төлебек Қосмамбетов Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына жалтақтамай, Шардара жанынан Көксарай су қоймасын салуды үкімет деңгейінде қолға алған жөн деген пікір білдірді. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінде өткізілген басқосуда Сырдарияның биылғы тасқыны халық шаруашылығына шамамен 17 миллиард теңге көлемінде шығын әкелуі мүмкін екендігі айтылған.

Наурыздың 3-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен телефон арқылы осы жайды талқылағаны жайлы ресми ақпарат айтылды. Жұртшылық апаттың алды алынар деп үміттеніп отыр. Бірақ, әр көктемде осы жағдайдың жылма-жыл қайталануы оңтүстіктегі тұрғын халықты қажытып барады деп отыр мамандар.
XS
SM
MD
LG