Accessibility links

Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан 4 азамат өз денелерін жарақаттады


Қарағанды облысындағы Қараған елді-мекенінде орналасқан АК 159/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 4 адамның өздеріне қол жұмсап, тәндерін жарақаттағаны туралы ақпарат тарады.

Қарағанды облысының қылмыстық атқару жүйесі басқармасының Азаттық радиосына берген ақпаратына қарағанда, наурыздың 6-күні таңертеңгі сағат 10 жарым шамасында, қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан әлгі азаматтар өз денелерін шеге сынды үшкір затпен жарақаттаған.

Бірақ, бұл оқиғаның себебі әлі белгісіз болып отыр. Оқиға орнына арнайы келген прокуратура және адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкерлері жүргізіп отырған тексеру жұмыстарының нәтижесі алдағы бірнеше күнде жарияланбақшы.

Қараған елді-мекенінде орналасқан АК 159/5 түзеу мекемесіндегі оқыс оқиғаға байланысты дүйсенбі күні Азаттық радиосының сұрағына жауабында Қарағанды облысының қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы Қайырболат Есқалиев өзіне қол жұмсағандардың жағдайы қазір жаман емес деп хабарлады.

Ал осы оқиға орнына барған қазақстандық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының Қарағанды облысындағы филиалының директоры Юрий Гусаков болса, бұл істе бірнеше жағдайға баса назар аудару қажеттігін айтты.

- Біріншіден, түзеу мекемесіндегі тәртіп бұзушыларды жөнге келтіру мақсатында мекеме қызметкерлерінің күш қолдануы қаншалықты заңды дегенге баса назар аудару қажет. Себебі, күш қолдану белгіленген шектен асып кетсе, ол заңсыздық болып табылады. Дегенмен, шектен тыс күш қолдану фактілері әлі тексеріліп, дәлелденуі қажет. Екіншіден, зардап шеккендердің біреуінің сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше ай бойы бас прокуратураға, облыс прокуратурасы мен қазақстандық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының Қарағанды облысындағы бөліміне жолдаған өзінің бірнеше арыз-шағымдары түзеу мекемесінің ішінен сыртқа жіберілмей, сонда қалып қойған. Ал үшінші жағдай, өзіне-өзі қол жұмсаған төртеудің біреуі, бұдан бұрын, дәлірек айтқанда, ақпан айының 23-інде өзін-өзі өлтірмек те болған. Дәл сол күні мекеме қызметкерлері қатты ұрып-соққандықтан ол осындай іске барған көрінеді, - деді Юрий Гусаков.

Бүгінде Қарағанды облысы бойынша жазасын өтеп жатқан 7200-ге тарта адам бар, солардың 717-сі Қараған елді-мекеніндегі түзеу мекемесінде отыр. Қарағанды облысының Қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы Қайырболат Есқалиев Азаттық тілшісімен болған әңгімеде бұл оқиға - соңғы бір жарым жылда болып отырған бірінші жағдай дегенді алға тартты.

Алайда, қазақстандық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының Қарағанды облысындағы филиалының директоры Юрий Гусаков қамау орнынан өздеріне келіп түскен арыз-шағымдардың барлығында, түзеу мекемесі қызметкерлерінің тарапынан шамадан тыс күш қолдану мен ар-намысқа тиетін жағдайлардың көп екендігі баяндалғанын айтады.

- Егер бұл жағдай дәлелденсе, тиісті адамдар қылмыстық атқару кодексінің 10-шы бабы бойынша жауапқа тартылуы тиіс, - дейді адам құқығын қорғаушы.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG