Accessibility links

Молдовадағы сайлауда коммунистер жеңіске жетті

  • Ескендір ЕРТАЙ

Жексенбі күні Молдовада өткен парламент сайлауында коммунистердің жеңіске жетуі - қазақстандық саясаттанушылар арасында әрқилы пікір қалыптастырып отыр.

Молдованың Орталық сайлау комиссиясының деректеріне қарағанда, парламент сайлауында елдегі коммунистік партия жеңіске жеткен. Молдовадағы сайлау қортындысына қатысты Азаттық радиосының қойған сауалдарына жауабында қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушылардың білдірген пікірі әрқилы болды.

- Молдова халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мәз емес, онда демократия бар деп ойламаймын. Дегенмен, осы сайлаудан кейін коммунистер партиясы жаңаша саясат жүргізе бастауы мүмкін. Президент Владимир Ворониннің «коммунистік партия келешекте батыстық үлгідегі партия болады» деп мәлімдеуі тегін болмаса керек, - дейді саясаткер Серікбай Әлібаев.

Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин болса, Молдова президенті Воронинді соңынан халықты ерте алатын салиқалы саясаткер тұлға ретінде сипаттайды

- Молдовадағы парламент сайлауында коммунистердің көп дауыс алуы оның (В.Ворониннің - Азаттық) осы елдің президенті болып қайта сайлана алатынын көрсетіп отыр, - деген болжам жасайды Серікболсын Әбділдин.

Ал Қазақстан компартиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов Молдова президенті Ворониннің парламент сайлауынан кейін коммунистік партияны еуропалық үлгіге сай етіп қайта құратыны туралы мәлімдемесі оның Ресейден біржола қол үзіп, Батысқа бет бұрғандығын көрсетеді деп бағалайды.

- Украина президенті Виктор Ющенконың ГУААМ бірлестігін қайта құру бастамасы да Молдованың мүддесіне сай келетін тәрізді, - деді Төлен Тоқтасынов.

Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин бұл жерде Ресей өз сыртқы саясатында үлкен қателік жіберді деп отыр:

- Өйткені, Борис Ельциннің кезінде де, Владимир Путиннің уақытында да Ресей ТМД елдеріне астамшыл саясат жүргізді. Мұның өзі ТМД кеңістігінде батысшыл көңіл-күйдің күшейе түсуіне әсер етіп отыр.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, Молдова енді Еуропалық одаққа жақындай түсеуді мұрат тұтатын болады, ал Ресейдің ТМД кеңістігіндегі ықпалы уақыт озған сайын әлсірей бермек.

Орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала мәліметтерге қарағанда бұл жолғы сайлауда Молдованың коммунистік партиясы сайлаушылардың 46,9 пайыздық дауысын алып, парламенттегі 57 орынға ие болуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG