Accessibility links

Одесса-Броды құбырына қатысты Юлия Тимошенконың тың ұсынысы


Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко Польша үкіметінің басшысы Марек Белькеге Одесса-Броды құбыр желісі бойымен Ресей мұнайының реверстік қозғаласын тоқтатып, мұнай құбырына Қазақстан мұнайын Еуропа бағытына жіберуге уәде еткен.

Украинаның мемлекеттік хатшысы Александр Зинченко Қазақстан үкіметінің құбыр желісін Одессадан Польшаның Полоцк қаласына дейін жеткізуге ресми Киевтің мүдделі екендігін мәлімдеген. Александр Зинченко жақында Қазақстанға келген сапарында энерготранспорттық дәлізді өзекті тақырып деп атаған болатын. Ал, қазақстандық саясаткерлер Одесса-Броды құбыр желісіне қатысты айтылған мәлімдемеге байланысты әрқилы пікір айтады.

Ұлттық инженерлік академияның бірінші вице-перзиденті, мұнай ғылыми-техникалық орталығының бас директоры Нәдір Нәдіровтың айтуынша, аталған құбыр желісі туралы бұған дейін сөз болып келген. Саясаткер Құрылыс Сүлейменов Украина премьер-министрі мәлімдемесінің төңірегінде саясат та, экономикалық жағдайда да болуы ықтимал деп есептейді.

- Одесса-Броды құбыр желісі арқылы Қазақстан мұнайын шығаратын болса, онда Қазақстан мен Ресей арасында қарама-қайшылық, келіспеушілік туындауы мүмкін. Себебі, бұл құбыр Ресей аумағынан өтеді. Сондықтан да Ресейдің бұл құбыр арқылы өтетін мұнайға саяси ықпалы өтуі әбден мүмкін. Бұл мәселені тиімді-тиімсіз деп айту қиын. Бәрібір бұл Қазақстан, Ресей, Украинаның өзара ықтимал экономикалық саяси шеңбері арқылы шешілуі керек, - дейді Құрылыс Сүлейменов.

Ал, парламент сенатының депутаты Жандарбек Кәкішев мұнайдың айналасының бәрі саясат, аталған мәселенің шешімін нарық көрсетеді деп отыр.

Украинаның мемлекеттік хатшысы Александр Зинченко жақында Қазақстанға келген сапарында энерготранспорттық дәліздер өзекті тақырып дей келе, Теңіз мұнай кенішін игеру, өңдеу және пайдалану жайын атап өткен болатын.

- Әр мемлекеттің жеме-жемге келгенде өз мүддесін қорғайтыны байқалады. Сондықтан бұл кездейсоқ жағдай емес. Қазақстан Алтынсарин-Хромтау секілді ішкі темір жолдарын салып жатыр. Өзінің мемлекеттік қауіпсіздік, экономикалық мүддесін қорғамақ, - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Кейбір ақпарат көздерінің хабарына қарағанда, сөз болып отырған Одесса-Броды мұнай құбырының ұзындығы 667 шақырым. Құбыр желісі 2001 жылы салынған. Оның жылына 9 миллион тонна мұнай өткізуге мүмкіндігі бар.
XS
SM
MD
LG