Accessibility links

«Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалысы құрылды


Наурыздың 9-ы күні Алматыда бірқатар оппозициялық партиялардың өкілдерінен құралған Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің 11 мүшесі елде жалпыхалықтық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының құрылғанын жариялады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қозғалыстың құрылуы алдағы президент сайлауымен тікелей байланысты. Жаңа қозғалыстың бағдарламасы мен президент сайлауына түсетін ортақ үміткердің есімі құрылтай жиынында белгілі болмақ.

- Бұл қозғалысты «Әділетті Қазақстан үшін!» деп атауымыздың өзі осы елде болып жатқан әділетсіздіктер мен елде болып жатқан қиянаттарға қарсы күресіп, солардың түп-тамырын жойып, елде әділетті билік пен әділетті билік жүйесін орнатуды мақсат тұтады. Сонда ғана біздің еліміз, мемлекетіміз басқа да өркениетті елдер сияқты үлкен табыстарға, халқымыздың тұрмыстық жағдайының жөнделуіне, елдегі биліктің нағыз халықтың билігі болуына қол жеткізеді деп ойлаймыз, - деп мәлімдеді Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай сәрсенбі күні.

Ол қазір қозғалысты ресми түрде тіркеу үшін тиісті құжаттары әзірленіп жатқанын хабарлады. Ал қозғалыстың бағдарламасы наурыздың 20-сында болатын қозғалыстың құрылтайында қабылданбақ. Ол жиында, сондай-ақ, Қазақстан оппозициясынан президент сайлауына түсетін ортақ үміткердің есімі белгілі болады.

- Алдағы демократиялық күштердің жиналысында бірегей үміткердің кім болатындығы туралы да шешімге келеміз деп ойлаймын, - деді Жармахан Тұяқбай.

Әзірге демократтар оның аты-жөнін ашық айтпағанымен, «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов ол азаматтың «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысы құрылтайшыларының арасында дегенге меңзеді:

- Ортақ үміткер наурыздың 20-сында белгілі болады. Бірақ, ол адам қазір біздің арамызда отыр.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев болса, оппозицияның ортақ үміткері бір ғана адам болуы мүмкін дегенді айтады:

- Ол адам - үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай екендігі белгілі. Барлық нышандар бойынша ол үміткер тек Тұяқбай мырза болуы керек.

Жаңа қозғалыс құрылтайшылары арасында қазірдің өзінде «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік партиясы, сот шешімімен қызметі тоқтатылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы, бұрынғы Қазақстанның республикалық халық партиясының өкілдері бар.

Бірақ, жаңа қозғалыс тек оппозициялық партияларды ғана емес, оған басқа да қоғамдық ұйымдарды топтастырады дейді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы жетекшілерінің бірі Асылбек Қожахметов:

- Мәселен, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Серікбай Әлібаев біздің мәлімдемемізге қол қойды. Сондықтан, біздің тізім кеңейгеннің үстіне кеңейе береді.

Алайда, Асылбек Қожахметов тілге тиек еткен «Ауыл» партиясы өкілдерінің жаңа қозғалыс қатарынан табылуы неғайбыл екендігін бұған дейін «Ауыл» партиясы төрағасы орынбасары Серікбай Әлібаевтың өзі Азаттық радиосына берген сұхбатында айтқан болатын:

- Бұл партия қозғалысты қолдайды деп айту маған өте қиын. «Ауыл» партиясының мүшелері қозғалысқа кеңінен барып кіре қояды деп есептемеймін.

«Ауыл» партиясына қоса жаңа қозғалысқа қатысты Патриоттар партиясының, «Ақ жол» партиясының екінші бір бөлігінің ұстанымы әлі беймәлім дегенді алға тартады саясаттанушы Андрей Чеботарев:

- Сондықтан, жалпы оппозицияны біріктіру мүмкін емес. Мәселен, олар уақыт өте "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы мен «Ақ жолдың» басындағы дерттің алдын алмаса, олардың арасында да алауыздық пайда болуы мүмкін.

Алайда, «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалысының құрылтайшылары көпшілікті елде президент сайлауы алдында республиканың саяси сахнасында жаңадан дүниеге келген осы қозғалысты қолдап, оның аясында бірігуге шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG