Accessibility links

Қызылордаға төнген қызылсу қаупінің беті қайта бастады


Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, дүйсенбі күні бес мәрте мұз құрсауларын жару жұмыстары жүргізілген соң облыстағы Сыр өзенінен төнген қауіп біршама сейіле бастаған.

Бүгінгі күні Қызылорда облысын су апатынан аман сақтап қалу үшін барлығы 1500-дей адам және 136 техника жұмылдырылған.

- Шардара су қоймасынан Сырдарияға құйылып жатқан су мөлшері секундына 800 текше метрді құрайды, бұл Шардара үшін қалыпты жағдай, - деді Шардара су электр станциясының бас директоры Құдайберген Төлепұлы.

Ал, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі бас басқарманың өкілі, майор Шағдат Омаровтың айтуынша дүйсенбіден бастап Қызылорда облысындағы жағдай біршама тұрақтана бастаған. Дүйсенбі күні бес мәрте мұз құрсауларын жару жұмыстары жүргізілген, бұл шаралар сейсенбі күні де жалғасқан.

- Оған барлығы 39 адам қатысты, - деді Шағдат Омаров.

Оның айтуынша, мұз құрсауларын жару жұмыстары Қызылорда қаласынан 50 шақырымдай жерде жүргізіліп жатыр. Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің өкілдері, облыс басшылары, құтқарушылар барлығы қазір осында жұмыс жағдайын бақылауда ұстап отырғандарын айтады.

Жағдай біршама тұрақтанғанымен, күтпеген су тасқыны апатының алдын-алу дайындық жұмыстары жалғасып жатыр дейді олар. Алайда соңғы бір-екі күнгі жағдайдың тұрақтануы Шиелі ауданынан басқа жақтарға көшіп барған адамдарға сенім ұялатып олардың көбі өздерінің ауылдарына қайтып көшіп келе бастаған.

Қызылорда облыстық тасқын суға қарсы күрес штабының мүшесі, облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Мұрат Әбеновтің айтуынша, Қызылорда қаласына қауіп біржола тоқтады деп айтуға әлі ерте, сондықтан, қауіп-қатердің алдын-алу жұмыстары жүрігізіле бермекші.

Шардара су электр станциясының бас директоры Құдайберген Төлепұлы Азаттық радиосына берген сұқбатында Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына төнген су тасқыны қаупіне байланысты Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігінің су комитетінің басшылары Өзбекстан жағымен келіссөз өткізу мақсатында наурыздың 8-і күні Ташкентке жол тартқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG