Accessibility links

Түлкібас ауданы әкімінің орынбасарын сынаған жергілікті екі депутат сотты болды

  • Досан БАЙМОЛДА

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы мәслихаттың екі депутаты осы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Меңдібаевқа сенімсіздік білдіретінін мәлімдеп отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық мәслихатының депутаттары Асқар Төлешов пен Амалбек Жақсылықов наурыздың 9-ы күні Алматыда баспасөз құралдарының өкілдерін жинап, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Меңдібаевтың жемқорлық іс-әрекетін ашамыз деп жүріп, ақыры өздеріне айып тағылып, істері аудандық сотта қаралып, сот бұларды бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кескенін жеткізді.

Алайда, өздерін әділет үшін күресіп жүрміз деп мәлімдеген қос депутат Қазақстанның Жоғарғы сотына дейін арызданып, өз құқықтарын қорғайтындарын айтты. Олардың айтуынша, бұлар мәслихат депутаты ретінде Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Меңдібаевқа қатысты сайлаушылардан 9 түрлі арыз-шағым алған соң ол істерді тексере бастаған.

- Ең әуелі, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Меңдібаев өз қызмет бабын теріс пайдаланып, аудандағы «Қарттар үйіне» берілген қайырымдылық көмекті, яғни 5000 теңге мен кілемді өзінің жеке басына пайдаланып кеткен деген шағымды тексеріп, оның негізсіз емес екеніне көзіміз жетті, - дейді мәслихат депутаты Асқар Төлешов.

Оның сөзін әріптесті Амалбек Жақсылықов толықтырады.

- Аудандағы еңбек ардагерлерінің әрқайсысына 1000 теңгеден бюджеттен бөлінген қаржыны Қайрат Меңдібаев өзі бөліп, әр еңбек ардагеріне 300 теңгеден ғана сыйлық жасап, қалған ақшаны, яғни жалпы сомасы 152600 теңгені жоқ қылды, - дейді аудан мәслихатының депутаты Амалбек Жақсылықов.

Ауданда осындай келеңсіз жайттардың бар екенін мәслихат депуттары «Қазақстан», КТК және «Евразия» телеарналарынан айтқан соң, аудан әкімінің орынбасары осы екі депутатты «ар-ұжданыма кір келтірді, жала жапты» деп айыптап аудандық сотқа берген. Аудандық сот істі әкім орынбасарының пайдасына шешіп, екі депутатты бір жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Ал мәслихат депутаттары бұнымен келіспей облыстық сотқа шағымданған. Облыстық сот бұл мәселені наурыздың 15-і күні қарамақшы. Алайда, мәслихат депутаттары болса бұнымен тынбай жоғарғы сотқа дейін арызданатындарын мәлімдеді.

Осынау дау-дамайға байланысты Азаттық радиосының қойған сауалына Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Меңдібаев бұл мәселеде өзіне тағылған кінәнің негізсіз екенін сот арқылы дәлелдегенін, түптеп келгенде, мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес мәслихат депутаттары көтеріп отырғандай өзіне сенімсіздік көрсету мәселесін тек аудан әкіміне ғана жасалатынын, ал әкім орынбасарына ондай жасалмайды дегенді айтты.

Аудан әкімі орынбасары мен мәслихат депутаттары арасындағы дау-дамай мен сот ісімен жақын танысқан, адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Аманкелді Шорманбаев аудандық сот біржақты шешім қабылдаған деп тауып отыр.
XS
SM
MD
LG