Accessibility links

Аслан Масхадовтың қазасына Қазақстан қоғамындағы ой-пікірлер


Аслан Масхадовтың қазасына қатысты қазақстандық саясаттанушылар мен саясаткерлер қарама-қайшы пікір білдіріп жатыр.

Қазақстандағы шешен және ингуш ұлттарының «Вайнах» мәдени орталығының өкілдері Масхадовтың қазасы туралы хабардың өздері үшін ауыр болғанын айтады.

- Аслан Масхадов өмірінің соңғы сәтіне дейін Ресей саясатына қарсы күресті. Оның өлімі бүгінгі Ресейдің Шешенстан мен Кавказ елдеріне жүргізіп отырған саясатымен тікелей байланысты. Шешен халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін бас көтерген Жохар Дудаев, Зелимхан Яндарбиев, Аслан Масхадов сынды азаматтардың барлығы лаңкес атанып, көздері жойылды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді. Болашақта да жалғаса бермек, - дейді Қазақстандағы «Вайнах» мәдени орталығының жетекшісі Ахмад Мурадов.

Ол қазір осы қазаға орай “Вайнах” мәдени орталығы қауымдастық өкілдерімен ақылдасып, болашақта түрлі жиындар өткізуді ойластырып отырғандарын айтты.

Осы мәселеге байланысты Азаттық радиосы пікірін сұраған қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов өз ойын былай деп жеткізді:

- Аслан Масхадовтың есімі 1999 жылдан осы уақытқа дейін тек терорлықпен ғана шықты. Өз елін саясаткер ретінде биіктерге көтерді, болмаса бір жақсылық әкелді деп айта алмаймыз. Өз халқы үшін түрлі арандатушылықтарға барды.

Алайда мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. Оппозициялық журналист Ермұрат Бапи: “Әр азамат Аслан сияқты өз елін, халқын сүю керек. Оның елі үшін істеп жүрген ісіне оң, теріс деген бағаны өзге елдер бермеу керек. Халқы оны қалай қабылдады солай болу керек” деп санайды.

Ал композитор Шәміл Әбілтай: “Масхадовтың өлімі біраз ой тудырды. Себебі, ол бір халықтың ұлттық бостандығы үшін күрескен тұлға. Ондай қаһарман адам ит өліммен өлмеу керек, бұл өлімнің арты сұраулы. Оған «бандит» деп қарауға болмайды. Ол - шешен халқының батыры” деген баға берді.

Сәрсенбі күні бірқатар ресейлік ақпарат көздері ресей үкіметі терроршы деп танитындықтан, Аслан Масхадовтың мәйіті туған-туыстарына берілмей, жасырын жерленеді деген хабар таратты.
XS
SM
MD
LG