Accessibility links

Ауған және Ирақ әйелдері біраз ілгерілушіліктерге қол жеткізді


Сейсенбі күні АҚШ президенті Джордж Буштың әкімшілігі халықаралық әйелдер күнінде Ауған және Ирақ әйелдерінің өкілдерін қонақ етті.

Ол басқосуда АҚШ президентінің өзі және зайыбы Лаура Буш, сондай-ақ, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс ханым болды. Баспасөз мәслихаты барысында айтқан сөздерінде, Ауғанстан мен Ирақтан келген әйелдер және қос елдегі әйелдер мәселесі жөніндегі министрлер, санаулы ғана жылдар ішінде бұл елдердегі әйелдердің елеулі табыстарға қол жеткізгендігін, алайда, алда әлі талай міндеттер тұрғанын атап көрсетті.

АҚШ мемлекеттік хатшысының сыртқы істер жөніндегі орынбасары Паула Добрянскийдің айтуынша, демократиялық жаңа үдерісте әйелдер хұқығы үшін күресудің тамаша үлгісін Ауған және Ирақ елдері көрсетіп отыр. Өз еліндегі әйелдердің саяси хұқы тиісті дәрежесіне көтерілмеген жағдайда ол мемлекетте шын мәніндегі бостандық пен демократия үстемдік құрған деп айта қою қиын екеніне назар аударады Паула ханым:

- Араб әлемінде оң өзгерістердің жарқын мысалдары бар. Онда министр - сайланып қойылған ресми тұлға, саяси және әлеуметтік салаларда басшылыққа қолы жетіп жатқан әйелдер саны да өсе түсуде. Өткен айларда Ирақ, Морокко, Йордан және Палестина жеріндегі әйелдер парламентке сайланды. Сол елдерде және Ауғанстан, Йемен, Тунис, Бахрейн, Оман мен Қатар мемлекеттерінде, сондай-ақ, алғаш рет Араб Әмірлігінде министрлік қызметтерге әйелдер тағайындалған, - деп атап өтті Паула Добрянский.

Ауған министрі Масуда Жалалдың айтуынша, бұл елде осымен үшінші жыл қатарынан халықаралық әйелдер күні мерекеленіп, атап өтіліп жатыр екен. Былтырғы жылдың қазан айында өткен президент сайлауына үміткер ретінде қатысқан Жалал ханымның сөзіне қарағанда, ауған айелдері азаматтық қоғамдағы барлық салаларға белсенді түрде араласа бастапты.

Тіпті, көпшілік жиналған жерлерге, көп жағдайда олар ер азаматтардың соңына еріп жүрмей, өз бетінше бара алады екен. Алайда, министр ханым Ауғанстандағы әлі күнге әйел атаулының бәрі бірдей еркін еместігін айтады.

- Ауған әйелдерінің проблемалары үйреншікті болып кеткен. Мұның өзі олардың күнделікті өмір қалыбына айналғандай. Ол әйелдердің көпшілігі бұл проблемаларға қиын түйін ретінде қарамайды да. Демек, елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінде шын мәніндегі теңдікке қол жеткізу үшін оларға ұзақ жолды жүріп өту қажет болмақ. Ауған Ата заңы бойынша әйелдерге ерлермен тең хұқық берілген. Алайда, ол заң баптары күнделікті өмірде жүзеге аспай жатыр, - дейді Жалал ханым.

Вашингтонда болған баспасөз мәслихатында сөз алған Ирақтың Әйелдер ісі жөніндегі министрі Нармин Осман өз елінде алдағы уақытта жазылатын Ата заңда әйелдер хұқы тиісінше қорғалмауы мүмкін деген ойын білдірді.

- Себебі, қаңтардың 30-да өткен сайлауда шийттер партиясы көпшілік дауысқа ие болды. Және көптеген шийт саясаткерлері әйелдердің қоғамдағы рөлі жөнінде консервативтік діни бағытты ұстанады, - деді Осман ханым.

Сондықтан да Ирақтың жаңа Ата заңында әйелдер хұқының жаңаша тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ету үшін бұл елге шет елдердегі үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан көп жәрдем-көмек қажет болады дейді ирақ министрі.

Сонымен бірге, Осман ханым, осыдан бірнеше апта бұрын өткен сайлау барысында дауыс беруге елдегі әйелдердің белсенділік танытқанын және парламенттегі негізгі орындарды иеленіп отырғанын да атап өтті.
XS
SM
MD
LG