Accessibility links

Наурыздың 10 күні Астанада НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонс Қазақстанның cыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кездескеннен кейін, НАТО-ның Қазақстанмен қарым-қатынасы 3 бағытта дамитынын айтты.

НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонс Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кездесуі барысында Қазақстан мен НАТО-ның қарым-қатынасына арналған бағдарлама қаралды.

Бағдарлама шеңберінде, 2005 жылы 140 біріккен шара өткізу жоспарланған. Олар НАТО-ның стандарттары мен рәсімдерін үйретуге, байланыс жүйелері және ақпараттарды оқытуға, бітімгершілік операцияларына қатысу тәжірибесін зерттеуге арналады.

Роберт Симмонстың айтуынша, енді НАТО-ның Қазақстанмен қарым-қатынасы 3 бағытта дамиды. Біріншісі - Қазбаттың дамуы, екіншісі, Қазақстан мен НАТО-ның біріккен әрекеттеріне арналмақ. Ал үшіншісі, Қазақстанға төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында көмек көрсету.

Ресейдің кейбір хабар-ошар құралдары ресми Астананың қорғаныс күштерін АҚШ-тың көмегімен жаңарту жоспары бар деп хабар таратқан еді. Бірнеше интернет парақшада “Ресей осыған қарсы шара қолдану үшін қосымша шығынға батуға мәжбүр болады» делінген. Оның сыртында, Ресей саясаттанушылары Ресей құрылымдары ірі әскери тапсырыстардан құралақан қалуы ықтимал деген жорамал жасап отыр. Ал, саясаткер Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, Қазақстанға Ресейден гөрі АҚШ-тан қару сатып алған тиімді:

- Мәселен, АҚШ-тың қаруы қымбат болғанымен сапалы.

Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында альянсқа кіретін келесі ел Қазақстан деп айтылған. Ал, бұл сұраққа қатысты Азаттық радиосына Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің жазбаша жауабында «Қазақстан Солтүстік Атлантикалық Альянс құрамына қосылам дейтін елдердің кезегінде тұрған жоқ» деп жазылған.

Дегенмен, кейбір сарапшылар бұл мәселеге қатысты өзгеше пікір білдірді. Саясаттанушы Сейфолла Сапановтың айтуынша, НАТО ықпалын ұлғайтса, Қазақстан альянсқа қосылуы да мүмкін:

- Кейбір сарапшылар Орта Азиядағы мемлекеттер НАТО-ға қосылуы мүмкін дейді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Қазақстан қазірдің өзінде әскери қауымдастықтың бағдарламалары бойынша тығыз қарым-қатынас жүргізіп келеді. Серіктестік мақсаттарында аэронавигациялық және коммуникациялық жүйелерді бірізділендіру және штабтық офицерлерді тіл дайындығынан өткізу белгіленген. НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонс айтып өткендей, НАТО Қазақстанға азаматтық қорғаныс және шекаралардың қауіпсіздігі салаларында көмек көрсетпекші.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан әзірге НАТО-ның бейбітшілік жолында әріптестік бағдарламасы аясында әріптестері болып табылады. Ал, саясаткер Б.Нұрмұхамедовтың айтуынша, Қазақстанға Ресеймен АҚШ-тың ықпалын бәсеңдету үшін, көп векторлы саясатты ұстанған абзал:

- Бізге АҚШ-пен де, Ресеймен де қарым-қатынаста болу керек. Кім біледі, ертең Ресей де НАТО-ға қосылуы мүмкін.

Саясаттанушы Сейфолла Сапановтың айтуынша, НАТО өкілінің Қазақстанға бұл сапарының маңызы зор:

- НАТО Орталық Азиядағы ықпалын өсіріп жатыр. Бірақ, бізге кеңес идеологиясы, яғни НАТО - жау деген көзқарастан құтылу керек.

НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонстың Қазақстанға осы сапарында бірнеше жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG