Accessibility links

Парламент мүшесі Серік Әбдірахманов қоғамдық комитет құруға шақырды


Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, «Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов қазақстандық заңгерлер, адам құқығын қорғаушылар, адвокаттар мен жекелеген азаматтарды құқықтық реформаны қолдау жөніндегі қоғамдық комитет құруға және аталған комитеттің аясына бірігуге шақырды.

Парламент депутаты Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстандағы заңгерлердің арасында ақша үшін адам құқығын өрескел бұзатындар жиі кездеседі. Сонымен қатар ол, 1937 жылдардағыдай қуғын-сүргін Қазақстанда әлі де бар екендігін мәлімдеп отыр.

Құсмұрындағы түзеу мекемесінде екі жарым жылдай отырып, қазір Шідертідегі жалпы қоныстану мекемесінде жазасын өтеп жүрген, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі, оппозиция мен кейбір халықаралық ұйымдар саяси тұтқын деп таныған Ғалымжан Жақиянов түрмеде жазасын өтеп жүргендердің құқықтары өрескел бұзылып отырғанын айтады. Оның сөзінше, абақтыда отырғандардың дені жастар және олардың ішінде қамауда жазықсыз отырғандар да жетерлік.

- Түрмеде жас азаматтар көп, кеше болымсыз бір қылмыс үшін түрмеге жабылғандар бар. Олар қылмыскер де емес. Өкінішке қарай, осының барлығы да айтылған түрме реформасының орындалмауынан. Бүгінгі түрменің жағдайы кешегі кеңес заманынан да төмендеп кеткен, – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Жақияновтың пікірнше, түрмеде отырған азаматтардың жақын отбасылары, жақын-туысқандарын алатын болса, Қазақстанда түрмеге қатысы жоқ, байланысы жоқ адамдар жоқ сияқты.

Алайда, «Қазақстанда саяси қудалау, заңсыз сотталғандар көп» деп, қазақстандықтарды құқықтық реформаны қолдау жөніндегі қоғамдық комитет құруға шақырып отырған мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов халықаралық ұйымдар саяси тұтқын деп таныған Ғ.Жақияновты заңсыз түрмеде отырғандардың қатарына жатқызбайтынын айтады.

- Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты мен бұл қатарға қоспаймын. Сот қабырғасында бұл мәселе қаралды. Өте нақты мәселелер келтіріліп, нақты айыптары тағылды. Менің Ғ.Жақиянов пен М.Әблязовқа байланысты айтарым, басқа әкімдер бар. Мысалы, В.Храпунов қызметінен босатады дегенін естіп, таңертеңнен кешке дейін 2 мыңға жуық сауда-саттық шешімдерге қол қойыпты деген ел арасында аңыз жүр, - дейді С.Әбдірахманов.

Бірақ, депутат С.Әбдірахманов әкімдер тарапынан қысым көріп, заңсыз сотталғандарды саяси тұтқындар деп есептейді. «Көп балалы аналарды қорғаушы Ұлмекен Саидова Астанадан барып, жергілікті мықтыларды сынға алған. Ол - саяси тұтқын. Себебі, кішігірім басшылардың саяси ойындарының құрбаны болып отыр, - деген ой айтады С.Әбдірахманов.

С.Әбдірахманов мырзаның айтуынша, Қазақстандағы қылмыстардың 100 пайызға жуық ашылуының өзі күмән келтіреді. Ол АҚШ-тың Федералдық Тергеу Бюросының өзі қылмысты ашуда 40 пайызға жете алмайды деп есептейді.

Ал адам құқықтарын қорғау жөніндегі қазақстандық халықаралық ұйымның директоры Евгений Жовтис қандай болмасын құқықтық реформаны қолдау аясындағы ұйымдардың құрылуын қуана қарсы алатынын айтады. Алайда, осы салада пікірталас кезінде ол депутат С.Әбдірахмановтың кейбір ойларына қарсы екендігін де жасырмайды.

- Қазақстанда қазір бұрынғы үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан, Мұхтар Әблязовтан басқа саяси тұтқын жоқ, - дейді Е.Жовтис.

Ал «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстанға Конституциялық реформа қажет деген оппозицияның дабыл қағуымен С.Әбдірахмановтың құқықтық реформаны қолдау жөніндегі қоғамдық комитет құру туралы бастамасын мүлдем салыстыруға болмайды деп санайды. Оның айтуынша, алдымен бастамашыл топтың өткен ісіне баға беру керек.
XS
SM
MD
LG