Accessibility links

Алматыда сөз бостандығына қатысты наразылық жиыны өтеді

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстандық бір топ журналистер мен саясаткерлер наурыздың 20-сы күні Алматыда елде сөз бостандығын қорғауды талап етуіп митингке шығуды жоспарлап отыр. Бұл шараны «Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау» қоғамдық комитеті ұйымдастырмақ.

Сөз бостандығын қорғау жөніндегі қоғамдық комитет өкілдері Қазақстанда президент сайлауы қарсаңында сөз бостандығы мен азаматтардың еркін ақпарат алу және тарату секілді конституциялық құқықтарын пайдалануға кедергі келтіретін сорақы жағдай қалыптасып отыр деп санайды. Олар бұны қазіргі биліктің жүргізіп отырған саясатынан көреді.

Наурыздың 10-күні Қазақстандағы екі бірдей апталық басылым - «Суббота+» және «Сөз» газеттері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасады. «Суббота+» газеті өз үндеуін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаса, «Сөз» газетінің үндеуі өз оқырмандарына арналған.

«Суббота+» апталығының бас редакторы Александр Новиковтың айтуынша, өткен жұма күні газет иелері басылымның жабылатынын айтқан.

- Газет иесі - «Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастықтың» президенті Александр Машкевич апталық басылымның жабылуын президент әкімшілігіндегілер талап етіп жатыр деп түсіндірді. Ол кісі маған «көкек айына дейін шыдай тұр, саған жұмыс тауып беремін» дегенді айтты. Бірақ, мен мұндай жағдаймен келіспейтінімді және өзімнің ар-ожданымның таза екенін білдіру үшін газет осындай арнайы мәлімдеме жасап, республика президентіне үндеу жариялауды жөн көрдім, - деді Александр Новиков.

«Суббота+» газетінің бас редакторының орынбасары Нұрлан Махмұдов газетті не себептен жауып жатқаны өзі үшін белгісіз екенін айтады:

- Біздің газетіміз осы жарты жылдың ішінде 2 рет жабылды. Бізге газет жабылады деп қана айтты, болды. Басқа ешқандай түсінік берген жоқ. Негізінен, біздің газетіміз қарапайым оқырманға арналған газет, қарапайым адам, өзіңіз білесіз, саясатпен шұғылданбайды.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, Қазақстан президентінің БАҚ жөніндегі кеңесшісі Сейтқазы Матаев бұл мәселеге қатысты президент әкімшілігінің жауапты қызметкері өзіне хабарласқанын айтып отыр:

- Баспасөз мәслихаты барысында маған президент әкімшілігінен, яғни, саяси-әлеуметтік бөлімінің бастығы Дархан Кәлетаев телефон шалып, президент әкімшілігінің «Суббота+» газетіне қатысы жоқ екенін, Машкевичке ешкім газетті жабу керек деп тапсырма бермегенін, ал президент әкімшілігі керісінше, «Суббота+» газетін қолдайды дегенді жеткізді.

Ал негізінен саясат тақырыбына көп жазатын «Сөз» газеті бейсенбі күні арнайы мәлімдеме жасап, өз оқырмандарынан көмек сұрады. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті өз абырой-беделіне бұл басылымда жарық көрген бір мақалада шындыққа жанаспайтын деректердің нұқсан келтіргенін айтып, газеттің үстінен ауданаралық экономикалық сотқа шағымданған еді.

Сот істі ҰҚК пайдасына шешіп, басылымға қауіпсіздік комитетіне моральдық шығын есебінде 5 млн теңге өтеуді міндеттеді. Сот шешіміне сәйкес, наурыздың 10-күні газеттің есеп-шотты тұтқындалды. «Сөз» газетінің редакторы Шәріп Құрақбай енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті алдындағы ақшасын өтемей, газет жарыққа шыға алмайды дейді:

- Ауданарлық соттың шығарған шешіміне біздің келіспейтінімізді айтып Берген шағым кеше қалалық сотта қаралды. Бірақ, қалалық сот көп ойланбай, ауданаралық соттың әлгі шешімін күшінде қалдырды.

«Сөз» газетінің ұжымы өздеріне айып ретінде сот кескен 5 млн теңге (қазіргі бағаммен 40 мың АҚШ доллары шамасында) қаржы жоқ екенін айтады. Енді олар газетті аман сақтап қалу үшін арнайы есеп шот ашып, газет оқырмандары мен жанашырлардан жәрдем сұрамақ болып отыр.

«Ақ жол» партиясының Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлы сиякты тең төрағалары оппозициялық басылымға көмек ретінде 1 млн теңге беруге шешімге келіпті.

- «Сөз» газеті төңірегінде қалыптасып отырған жағдай – өткен парламент сайлауы кезінде біздің қатысуымызбен болған оқиғаға байланысты. Былтыр сайлау кезінде Болат Әбілов, Ораз Жандосов, мен және Ғани Қасымов сияқты азаматтар Алматыдағы бір кафеде отырған кезде, арнаулы екі адамның бізді сыртымыздан бейнетаспаға түсіріп, автокөлікте отырғанын байқадық. Сосын біз ұстап алған олар, тек таң атып қалғанда басшылары келгенде ғана, өздерінің ішкі істер органының қызметкерлері екенін айтты. «Сөз» газеті сол кезде осы оқиға туралы жазған еді, таң атқанша бізді аңдыған азаматтар кім екенін айтпағаннан кейін, бұл азаматтарды ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері деп жазып жіберіпті. Осы сөз үшін ҰҚК адамдары «Сөз» газетін сотқа берді, - дейді бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы.

«Ақ жол» партиясының тең төрағалары Болат Әбілов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы «Сөз» газетін партия жетекшілері ретінде емес, сөз бостандығын қорғау комитетінің жетекшісі және бұрынғы ақпарат министрі ретінде қорғап отырғандарын айтады. Сонымен қатар, «Сөз бостандығын қорғау жөніндегі комитет» наурыздың 10-күні Алматыда арнайы митинг ұйымдастыруды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG