Accessibility links

Қазақстан Әсел Әбдіғаппарованың тағдырына байланысты хабарлама жасады

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаев бейсенбі күні Астанда баспасөз өкілдерін арнайы жинап, өткен аптада АҚШ-та сотталған Қазақстан азаматшасы Әсел Әбдіғаппарова туралы баяндады.

Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, Әселдің достары - АҚШ азаматтары Рамон Ернандез мен Сантос Минарез 2001 жылы наурыздың 31 күні кешкісін бейтаныс бір әйелді күшпен алып кетіп, жолдағы қонақ үйге апарып, алдымен зорлап, соңынан оны өлтірген. Қылмысты оқиғаның басы-қасында болған Әсел қонақ үйден екі рет шығып, күрек және басқа да қажетті заттарды әкелген. Ол кезде Әсел жүкті болыпты.

Қаза болған 37 жастағы Роза Росадоның артында екі баласы қалған екен. Кейін Әсел полицияға өзі барып, болған қылмысты істі басынан аяғына дейін баяндап берген. Кісі өлтіргені үшін әлгі американдық екі азамат сот үкімімен өлім жазасына кесілді. Әсел Әбдіғаппарова АҚШ-тың Техас штатының Сан-Антонио қаласы сотының 2005 жылы наурыздың 2-і күні шығарған үкімі бойынша өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ, сот оны 40 жыл бойы мезгілінен бұрын босатылу құқынан айырған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігіндегі консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, Қазақстан азаматшасы Әсел Әбдіғаппарова АҚШ азаматшасы Роза Росадоны өлтіруге қатысты деген айыппен қамауға алуына байланысты Қазақстан жағы өз наразылығын жолдаған:

- Әсел қамауға алынғаннан кейін тамыздың 8-інде біздің АҚШ-тағы елшілік АҚШ мемлекеттік департаментіне нота жолдады. Онда "Әсел Әбдіғаппарованы шілденің 24-інде қамауға алып, консулдық жөніндегі Вена конвенциясын бұздыңыздар, бізге хабарламастан оны сонда туған баласынан айырып, сіздер оның құқығын бұздыңыздар" деп жазылды. Елшілік наразылығын білдіре отырып, баласын Әселге қайтарып беріңіздер деген нота жіберді.

Қоңырбаев мырза Қазақстан сыртқы істер министрлігінің жасаған әрекеттері Әселдің жазасын жеңілдетуге оң әсерін тигізді деп санайды.

- Әрине, біздің әрекеттеріміз әсер етті. Біз қолымыздан келгенше іс-әрекеттер жасадық. Өкінішіке қарай, Әсел Әбдіғаппароваға өте қатал шешім шығарылды. Американың сот билігі басқа ешбір билікке бағынбайды. Біз АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлге дейін хат жаздық сол кезде. Кешірім жасаңыздар, ол екі баланың анасы. Сот адамгершілік тұрғыдан шешім шығарады деп үміттендік. Бірақ, өкінішке орай өте қатал шешім шығарылды, - дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің директоры У.Қоңырбаев.

Қазақстандық заңгер, халықаралық құқық жөніндегі маман Марат Бәшімов Техас штаты сотының шешімімен өзінің келіспейтіндігін айтады:

- Америка заңдары адам құқығы жөніндегі халықаралық стандарттарға және адам құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияларға сәйкес келмейді. Ал, Әсел туралы сот алқасының шешімімен мен келіспеймін. Онда ол куә болған, сонымен қатар өзі келіп бәрін айтқан. Бұл жерде эмоциялық тұрғыдан көп көңіл бөлінген. Бұл сот үкімі адам құқықтарына сәйкес келмейді.

Әсел Әбдіғаппарова 1974 жылы туған. 1998 жылы АҚШ-қа магистр дәрежесін алуға оқуға аттанған ол ақыр соңында АҚШ-та жасалған ауыр қылмысқа қатысты сотталып отыр. Жалпы, Қазақстаннан шетелге оқуға кеткен жастарды бақылайтын, олардың қауіпсіздігін сақтайтын қандай да бір шарттар қарастырылмаған дейді «Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Ерғожа:

- Әрине, шетелге жастарымызды жіберіп білімін тереңдеткен дұрыс. Бірақ, оларды бақылау, қауіпсіздігін сақтау мәселесі жоқ. Ондай баптар ешбір бағдарламада да қарастырылмаған. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен Қазақстаннан шетелге жіберіліп жатқан жастар саны соңғы көрсеткіш бойынша 725 бала. Оның 225 –і Қазақстанға оралмаған. Ал мұны біздің білім министрлігі бақылап жатқан жоқ. Осындай бақылаудың жоқтығынан біздің қызымыз Техас штаты сотының қатаң шешіміне ілігіп отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігіндегі консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша өмір бойы бас бостандығынан айырылған Әсел Әбдіғаппарованың туыстары Техас штаты сотының үкіміне қарсы шағымданбақшы. Олардың кері шағымдануға 30 күн уақыты бар.

Әселдің 11 жастағы қызы мен 4 жастағы ұлы қазір Әселдің Қазақстанда тұратын анасы Сәуле Әбдіғаппарованың қолында тәрбиеленіп жатыр.
XS
SM
MD
LG