Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11 наурыз 2005 жыл


Жұма күнгі жарық көрген басылымдарда “Суббота+” газетінің бас редакторы Александр Новиковтың өз әріптестерін ары таза емес қожайындардың басылымдарында жұмыс істемеуге шақырғаны хабарланыпты. “Сөз” газетінің төңірегінде қалыптасқан ахуал да тәуелсіз басылымдардың назарынан тыс қалмаған.

“Панорама” басылымында жарық көрген Ярослав Разумовтың мақаласында “Суббота+” басылымының бас редакторы Александр Новиковтың өз әріптестерін ары таза емес қожайындардың басылымдарында жұмыс істемеуге шақырғаны хабарланыпты.

Газет тілшісі мысалға келтірген оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, Еуразиялық өндіріс тобының жетекшісі Александр Машкевич Қазақстан президенті әкімшілігіндегілердің тағы бір “сары басылымының” дүниеге келгеніне разы еместігін айтып, “Суббота+” басылымының жабылатындығын мәлімдеген.

Осыған наразылық білдірген “Суббота+” басылымының ұжымы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазуға мәжбүр болған. Қазақстан Журналистер Одағының басшысы Сейтқазы Матаев “Суббота+” ұжымының бұл шарасын батыл қадам ретінде бағалапты. Сондай-ақ, С.Матаев осы мәселеге байланысты Қазақстан президенті әкімшілігімен хабарласқан кезде, аталмыш мекеменің қызметкері Дархан Қалетаев “Суббота+” газетінің жабылуына президент әкімшілігінің ешқандай да қатысы жоқ екендігін мәлімдепті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Время” газетінде «Александр Новиков Александр Машкевичке қарсы» деген тақырыппен “Суббота+” басылымының бас редакторымен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында “Суббота+” басылымының бас редакторы А.Новиков басылымның жабылуына түрлі себептердің ықпал етуі мүмкін екендігін тілге тиек етіпті.

Оның айтуынша, Еуразиялық өндіріс тобы Қазақстанда “Жаңа орыс сөзі” атты басылымды шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. А.Новиковтың пікірінше, Қазақстанда мұндай аты бар газетті шығаруға болмайды, өйткені, ол ұлтаралық қақтығысқа әкеліп соқтыруы ықтимал. Сонымен қатар, Александр Новиков “Еуразиялық өндіріс тобының” қазақ газетін сатып алып, “мегахолдинг” ашуды жоспарлап отырғандығынан да хабардар етіпті.

"Республика” басылымында жарық көрген мақалада Еуразиялық өндіріс тобының басшысы А.Машкевичтің “Суббота+” басылымының бас редакторы А.Новиковқа дау-дамай шығармауын, оның жоғарғы айлығын өз қалпында қалдыруға уәде бергені айтылыпты. Алайда, А.Новиков «өзінің Иуда емес екендігін және бірге жұмыс істеген әріптестерін сатып кете алмайтынын» мәлімдеген.

Ал, “Суббота+” басылымы бас редакторының орынбасары Нұрлан Махмұдов өз әріптестерін А.Машкевичтің қарамағында жұмыс істеуден бас тартуға шақырыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, осымен “Суббота+” басылымы екінші рет жабылып отырған көрінеді.

Сондай-ақ, “Время” басылымында “Суббота+” газеті ұжымының Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың атына жолдаған үндеуі жарияланыпты. Аталмыш үндеу арқылы “Суббота+” басылымының ұжымы Қазақстан президенті әкімшілігінің газетті жабуға қандай құқығы бар деген сауал қойыпты. “Начнем с понедельника” апталығы болса “Суббота+” басылымының бас редакторы А.Новиковтың Еуразиялық өндіріс тобының басшысы А.Машкевич сынды адамдардан журналистердің өздерін аулақ ұстауы керек екенін мәлімдегендігін хабарлапты.

Сондай-ақ, “Начнем с понедельника” басылымында Алматы қалалық сотының бірінші инстанцияның “Сөз” газетінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің пайдасына бес миллион теңге айып-пұл салу туралы шешімді өз күшінде қалдырғаны туралы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, осы орын алған оқиғаға орай “Сөз” газетінің ұжымы мәлімдеме жасап, оқырмандардан, саяси партиялардан көмек сұрапты.

“Республика” басылымында “Ақ жол” партиясының, “Журналистер қауіп-қатерде” қоғамдық ұйымының және сөз бостандығын қорғау жөніндегі “Әділ сөз” қоры өкілдерінің соттың “Сөз” газетіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талабымен салынған айыппұлды төлеу үшін қаржы жинап жатқаны хабарланыпты.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың айтуынша, арнайы қызмет орындарының газетпен соттасуы әлемдік тәжірибеде болмаған оқиға. Сол себептен де Б.Әбілов бұл - Қазақстан мемлекетінің полицейлік қоғамда өмір сүріп жатқандығын тағы бір дәлелдейді деп есептейді. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы болса партияның өз тарапынан 1 миллион теңге көмек көрсете алатындығын мәлімдепті.

“Central Asia Monitor” басылымы соңғы кездері Қазақстанда тәуелсіз басылымдарды қудалау оқиғаларының жиілеп кеткеніне баса назар аударыпты. Сондай-ақ, аталмыш басылым сөз бостандығын қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің наурыздың 20-күні Алматыда тәуелсіз басылымдарды қолдау мақсатымен шеру өткізуді ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын да хабарлапты.
XS
SM
MD
LG