Accessibility links

Қазақстанда 3,5 миллионға жуық жас азамат баспанаға зәру


Наурыздың 11 күні Астана қаласының тұрғын үй департаментінің мамандары қалада бір шаршы метрінің құны 350 доллардан аспайтын арзан пәтер алуға рұқсат алғандардың саны 8 мыңға жеткенін хабарлады. Мұндай жандар тіркелген тізімінде бірінші кезекте 30 жасқа дейінгі жастарға көңіл бөлінеді. Осы уақытқа дейін, кезекте тұрған адамдардың 70-іне пәтер алуға несие берілген, олардың үштен бір бөлігі - жастар.

14 пен 29 жас аралығындағы жастардың 85 пайызының өз шаңырақтары жоқ дейді статистика мекемесінің мамандары. Олардың айтуынша, Қазақстан тұрғындарының 30 пайызы жастар. Демек, 4 млн жастың 3,5 млн-ы пәтерден құр алақан қалған. Мамандығы экономист, парламент сенатының депутаты Уәлихан Қайсар, жастарға арзан пәтер алуға мұрша бермей тұрған бірнеше кедергі барын айтады:

- Құрылыс материалдарының көбі шет елден жеткізіледі, сосын, мұнай бағасы қымбат және құрылысшылар жер алу үшін пара беру керек.

Үкімет құрылысшыларды табыс аз әлеуметтік топтағы жандар үшін салынатын пәтердегі бір шаршы метрдің құнын 350 доллардан асырмауды тапсырды. «Азаттық» радиосына осы мәселеге байланысты пікір білдірген саясаттанушы Берік Әбдіғалиев, бұл міндетті жүзеге асыруға Қазақстанның мүмкіншілігі бар деп санайды:

- Мемлекет құрылысшыларға жер берген кезде келісіп алу керек: біз сендерге жер береміз, сендер бізге, мысалы, 100 пәтер тегін саласыңдар деп.

Қазақстан үкіметінің жоспары бойынша, арзан пәтерлерді салуға болады. Мысалы, Қостанай облысында бірталай уақыттан бері аяқталмай келе жатқан құрылыс нысандары көп. Жамбыл облысында 70 млн теңгеге сұйық бетоннан құйып салынатын монолит құрылысына қажет жабдық алынған.

Оңтүстік Қазақстан облысында құрылысқа тартылған инвестицияның 51 пайызы шоғырланған. Ал, әрі жас отбасының мүшесі, әрі мемлекеттік қызметкер ретінде Астанадан пәтер алуға құжаттарын тапсырып жатқан 21 жастағы Ерлан Имашев болса пәтер алудан үмітін үзбейтінін айтады:

- Президент жарлығы ғой, пәтер болады деп ойлаймын. Биыл болмаса, келесі жылы.

Арзан құрылыс жобасының сыншылары «Қазақстандағы орташа еңбекақы мөлшері 18 мың теңгеден аспайды, банк несиелерінің пайыздық мөлшері басқа елдермен салыстырғанда керісінше үлкен. Ал, қаржыны қайтару мерзімі тым қысқа» дейді. Салыстыратын болсақ, АҚШ-та ипотекалық несиенің пайыздық мөлшері 6-8 пайыз. Ал, қаржыны қайтаруға 40 жыл уақыт беріледі. Сенатор Уәлихан Қайсар жастарға арзан пәтер алудың бір-ақ жолы бар деп біледі:

- Студенттер өздері жиналып үй салса - еңбекақыға кететін қаражат үнемделеді, ал пәтер арзанға түседі.

Астандан арзан пәтер алуға құжаттарын өткізуге келгендердің бірі - 21 жастағы Нұрлыбек Күзембаев Азаттық радиосына білдірген пікірінде кезекке тұру ісінің көп машақаты барын айтады:

- Майда-шүйде құжаттар көп, еңбекақы жетпейді, оған ата-аналар, іні-қарындастардың еңбекақысын қосу керек.

Астана қаласының тұрғын үй департаментінің маманы Гүлжан Асанова болса, мұның бәрі тез шешілмесе де, бірте-бірте пәтерлер көбейеді деп сендіреді:

- Үй салынып жатыр. Жазда пәтерлер беріле бастайды.

Г.Асанова қаладағы арзан пәтер алғысы келетіндер тізімінде бірінші кезекте 30 жасқа дейінгі жастарға көңіл бөлінеді деп отыр:

- Жас отбасыларының нәрестесі болуы керек.

Бірақ, бір шаршы метрдің құны 350 доллардан аспайтын пәтерде қол жуғыш пен санфаянс, сондай-ақ, бөлмелерде есіктері мен едені болмайды дейді арзан пәтер енгізу жобасының ұйымдастырушылар.
XS
SM
MD
LG