Accessibility links

Ипотекалық несиені қалтасы көтеретін жастар қатары көп емес

  • Ғазиз МЕДЕТ

Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда тұратын 22 мен 28 жас аралығындағы жастардың 15 пайызында ғана меншік баспана бар. Оның өзінде 5 пайыздан астамы үйді аз-көп дәулет жинаған әке-шешесінің арқасында сатып алған.

Қазақстандағы нотариалдық кеңселердің тіркеген былтырғы дерегі бойынша, сатылған және сатып алынған үйлердің 2 пайызға жуығы ғана ипотека жүйесіне тікелей қатысты. Мұны мойындап отырған банк саласының қызметкерлері, несиеге үй сатып алуды қалайтындардың әлеуметтік тұрмысы әлі де нашар десе, баспанасыз жүрген жастар үкімет тарапынан «жастарға үй берудің» мемлекеттік бағдарламасын қабылдайтын кез келгендігін айтады.

Былтыр тұрмысқа шыққан 26 жастағы Эльмира Алмағамбет, осыдан екі ай бұрын несиеге үй сатып алған. Оның айтуынша, банктен қарыз алып, баспана сатып алуға мұрындық болған күйеуі Әзиз. Жұбайы Алматыдағы құрылыс компаниялардың бірінде қызмет істейді. Баспанасыз жүрген қызметкерлерге көмек есебінде, құрылыс компаниясы жас отбасына пәтердің шаршы метрінің бағасын 350 АҚШ долларына сатқан екен. Эльмираның ендігі уайымы банкке ай сайын төленетін үстеме ақының көптігі:

- Ай сайын банкке 300-400 АҚШ (қазіргі бағам бойынша 1 доллар=130 теңге) долларын үйге төлеп тұратын жастар бар. Мен үшін айына 600 АҚШ доллар төлеу қиын. Күйеуім екеуміздің жалақы табысымыздың жиынтығы 600-700 АҚШ доллары болады. Ал бізге күнделікті тірлігімізге де тиын-тебен қалуы қажет қой.

Баспананың зәрулігін тартып отырған «Қазақ радиосының» журналисі Алмас Қуанбай жолдасымен бірлесіп, Алматыда пәтер жалдап тұрады. Үйсіз жүрген жігіттің айтуынша, қазір тұрарға мекені жоқ жастардың көпшілігі отау құруға құлықсыз. Сондықтан, елдегі демографиялық ахуал нашарлап бара жатыр деп есептейді Алмас. Ол дәл қазір банкке барып, несиеге үй алуға өз мүмкіндігінің жоқ екенін айтады:

- Әнеукүндері теледидардан арзан бағамен үй аламыз деп ышқынып жүрген жастарды көрсетті. Бәрінің айтып отырғаны - жалақының аздығы. Несие алу үшін айлық табысың 60 мың теңгеден көп болуы тиіс. Ондай ақшасы жоқтарына баспана да жоқ.

Жуырда Алматы қаласының әкімі қолынан жаңа салынған көпқабатты үйден тегін пәтер алған ақын Маралтай Ыбырай өзінің бүгінгі тұрмыс жағдайы ақша шығарып, ипотекаға пәтер алуға мұрша бермейді дейді. Оған банк қойып отырған шарттың бірі – айлық табыстың 50-60 мың теңгеден көп болуы қолбайлау екендігін айтады. Ал, дарынды қазақ жастарына тегін үй беру мәселесін мемлекет өз мойнына толық көтеруі тиіс деп есептейді:

- Ел боламын деген елдің дарынды жастарына баспана ипотекасыз берілуі тиіс.

«Қазақ теледидарынан» берілетін «Атажұрт» хабарының жүргізушісі Бақыт Беделханұлы несиеге берілетін үй құнын арзандатудың мынандай жолын ұсынады:

- Мемлекет баспансыздарға арзан бағамен пәтер беру үшін үй саудалайтын делдалықты құртуы керек. Тұрғын үйді мемлекет өзі салып, халқына сатсын. Әйтпесе, құрылыс компаниялары үйді қалталыларға сатып құтылғысы келеді.

«Қазақстан ипотекалық компаниясының» бастығы Майко Сағындықова несиеге үй алушылардың көбі дәулетті отбасылардан шыққан немесе жалақыны көп алатын мұнай-газ компанияларында істейтін жастар екендігін айтып отыр. Ал, несиеге баспана аламын деген талапты жастар қосымша еңбек ету керек. Одан өзге амал жоқ дейді:

- Ипотекаға үй алу үшін бұрынғыдай банктен тамыр-таныс іздеудің қажеті жоқ. Айлық табысы көп, құжаттары заңды адамдар ешбір әуресіз үй сатып ала алады.

Ал, мұнай-газ саласында қызмет істейтін Ержан Мүсілімов жастарды үймен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу керек дегенді айтады:

- Кез-келген банк өз есебінен жаңылмайды. Бірақ, мемлекет банктермен келісіп, несие қайтару мерзімін ұзартуы керек сияқты. Ортақ бір шешімге келіп, халыққа қарай қадам жасайтын уақыт келді.

Қазақстандық ипотекалық компаниялар қауымдастығына кіретін 12-ден астам ірілі-ұсақ банк бар. Қауымдастық бастығы Майко Сағындықова несиеге үй аламын дейтін жастарға қосымша ақпарат беру үшін Алматыдағы (3272) 72-20-20 телефонына хабарласуға болатындығын ескертіп отыр.
XS
SM
MD
LG