Accessibility links

Қазақстанда 2,5 миллион қол телефоны нөмірлерінің денін жастар ұстайды


Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда қол телефонын ұстайтындардың саны 2,5 миллионнан асқан. Сауалнама жүргізген «ТСН Гэллап Медиа Азия» мекемесінің берген мәліметі бойынша, ұялы байланыс жүйесін қолданатындардың пайыз үлесі 24-ке жетіпті. Қалта телефоны барлардың көбі 22 мен 44 жас аралағындағы азаматтар екен. Қазақстанда тұратын халықтың 30 пайызы жастар екенін ескерсек, байланыс жүйесінің белсенділері де солар болып отыр.

Ел ішінде жиі қолданатын қол телефондардың Қазақстанда пайда болу тарихы 10 жылдан бері басталған. Сымсыз байланыс түрін күнделікті тұрмыста пайдаланатын тұтынушылар саны қазір жастар арасында көбейіп келеді.

Әу баста 5 мың АҚШ долларына сатылған мобиль телефондарын сатып алуға қазір жұрттық басым бөлігінің шамасы жетеді. Елде осы байланыс қызметін ұсынатын ірілі-ұсақ компаниялардың ұзын саны 7-ге жетті. Солардың ішінде миллионнан астам абоненті барлары да ықшамдалып келеді.

Сонымен қатар, GSM, CDMA сияқты тың сандық байланыс жүйелері қалыптасты. Бұдан жыл бұрын жаңадан құрылған ұялы байланыс компаниясының қызметкері Тілеу Тұрсынжанұлының айтуынша, бұл кәсіпорын көбіне-көп жастарға иек артады:

- Біздің компанияның ішкі саясаты – жастарды көбірек жұмылдыру. Оның үстіне жұртшылықтың назарын бағасы арзан байланысқа аударған акциялар өтті. Соның арқасында жастар арасында абоненттеріміз өте көп.

Қол телефонының есебіне ақшаны үнемдеп салатын жастар арасында телефон шалып, хабарласудың карточкалық төлем түрі де дамып келеді. Сауданың осы түрін кәсіп еткен Шыңғыс Садықов бұл іспен 2 жылдан бері айналысып жүр. Оның айтуынша, карточка саудасы көбіне-көп қарақұрым кеште және демалыс күндері қызады екен:

- Түнде есеп-шотына ақша салып үлгермеген жастар менің дүкеніме көп келеді. Күніне әрқилы карточканың 20 данасын сатамын. Демалыс күндері 30-ға жетеді. Оның сыртында сатылатын карточканың бірлігіне байланысты. Неғұрлым бірлігі көп болса, түсетін табысым да молырақ болады.

Қол телефонына үйірсек тағы бір әлеуметтік топ - мектеп оқушылары. Ұялы телефонды сәнге айналдыру 1 сыныптан бастап, ересек сынып оқушылары арасында кең тарап барады дейді Алматыдағы №159 қазақ мектебінің директоры Аягүл Миразова.

Техникалық құралдың бұл түрі балаларының аман-саулығын біліп отыруға құштар ата-аналар үшін ыңғайлы болғанымен, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар арасында әлеуметтік теңсіздік тудыратын кесел екендігін айтады директор. Оның үстіне, ересек балалар кіші сынып оқушыларына әлімжеттік жасап, телефонын тартып алатын келеңсіз жағдайлардың болып тұратынын айтады:

- Оқушылардың телефон ұстауына қарсы ата-аналар көп. Мектепке қол телефонын әкелмеуге біз тыйым сала алмаймыз. Ол үшін бізді сөгеді, бізде қауқар жоқ, қайтеміз енді?..

Алматыдағы Медеу аудандық қылмыстық іздестіру бөлімі бастығының орынбасары Ғали Масалімовтың айтуынша, қол телефонын ұрлау, тонау қылмыстары жатақханада тұратын студент жастар арасында өте көп кездеседі екен. Ал, қол телефонын ермек үшін ұстайтындардың көптігін «Hit-TV» деп аталатын қазақстандық музыкалық телеарнаның қызметкері Эльмира Оралбекова растап отыр. Көрермендердің санын «SMS» қызметі арқылы хат жазу жолымен көбейтуге тырысқан бұл телекомпания басшылығы ұялы байланыс кәсіпорындарымен жасаған жобамыз сәтті болды дейді:

- «SMS» хат-хабарды тікелей эфирге жолдау арқылы көрермендердің белсенділігін арттырдық. Бізді жастар көп көреді. Хабарларға келіп түсетін күнделікті хаттар саны 150- ге жетті.

15 млн тұрғыны бар Қазақстанда қазіргі күні 2 миллионан астам адам қол телефонын ұстайды. Бұндай қызмет түрін ұсынатын компаниялардың табатын табысы да қомақты. Олардың барлығына қосылған қол телефонын ұстайтын жас кәсіпкер Ғалымжан Жұмабайұлы әлгіндей компаниялардың неғұрлым көп болғанын қалайды. Себебі, бәсекелестік бар жерде телефонмен сөйлесу құны мүлдем арзандауы тиіс деп түсіндіреді жас іскер.
XS
SM
MD
LG