Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12 наурыз 2005 жыл


Апта соңында жарық көрген басылымдарда Қазақстан президентінің кеңесшісі болған америкалық азамат Джеймс Гиффеннің Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына 78 миллион доллар аударғандығы, сол сияқты “Ақ жол” партиясының төңірегінде туындап жатқан дау-дамай туралы айтылыпты.

“Эпоха” басылымында жарық көрген шет елдің “Нью-Иорк пост” газетінен көшіріліп басылған мақалада Қазақстан президентінің кеңесшісі болған американдық азамат Джеймс Гиффеннің мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына 78 миллион доллар аударғандығы туралы айтылыпты. Мақалада Қазақстандағы “Теңіз” кен орнының 25 процентін “Мобиль” компаниясы сатып алатын кезде Джеймс Гиффеннің делдалдық қызмет атқарғандығы баяндалыпты.

Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда Джеймс Гиффеннің адвокаттары швейцариялық және офшорлық банкілердегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына миллиондаған доллар аударғандығынан және оның заңсыз әрекет болып табылатындығы туралы айыптаулардан бас тартып отырған жоқ. Дегенмен Гиффеннің адвокаттары бұл қаржының бәрі де Америка Құрама Штаты барлау ұйымдарының келісімі негізінде жасалды дегенді айтуда.

Олардың айтуынша, Джеймс Гиффеннің мойнына осындай миссия жүктелгеннен кейін, ол Америка Құрама Штатының барлау орындарына құпия мәліметтерді жеткізіп тұрған. Алайда Америка Құрама Штатының орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Роберт Бэрдің айтуынша, Гиффен - Америка Құрама Штатының үкіметін алдаумен келген, әккі алаяқ. Робер Бэрдің айтуынша, Джеймс Гиффен Америка Құрама Штатының Орталық барлау басқармасының тапсырмасын орындаған емес.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген мақалада 1992 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Вашингтонға барғанда оның сапарға дайындалу мәселесімен Қазақстан елшілігі емес, Джеймс Гиффеннің айналысқандығы хабарланыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Джеймс Гиффен Қазақстан президентінің әйелі Сара Назарбаева мен оның қызы Әлияға қымбат бұйымдар силаған, тіпті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызының Джордж Вашингтон университетіндегі оқуының ақшасын да Джеймс Гиффен төлеген. Газет тілшісінің айтуынша “Шеврон” компаниясымен жасалынған келісімнің өзі Джеймс Гиффенге жылына 3 миллин доллар пайда келтіріп тұрған.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген тағы бір мақалада соңғы кездері “Қазақгейт” оқиғасынан кейін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты шет ел басшыларының аса көп шақырмайтындығы хабарланыпты. Сондай-ақ мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркиядағы Ататүрк аэропортына жеке самолетімен ұшып барғандығы және бұл сапардың аса құпия жағдайда өткендігі де айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Стамбулға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақгейт” процесіне байланысты өзінің адвокаты Вайнгертенмен, сондай-ақ Джеймс Гиффеннің адвокаттары Шварц және Коэнмен кездесуге барған.

“Ақ жол” партиясының төңірегінде туындап жатқан дау-дамай да апта соңында жарық көрген басылымдардың негізгі назар аударған тақырыптарының біріне айналды. Бұл туралы «Жас Алаш”, “Республика”, “Жас қазақ үні” және жаңадан жарық көрген “Азамат” газетінде түрлі мағынадағы сараптамалық мақалалар жарық көріпті.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың партияның өз карьерасынан жоғары екендігін мәлімдеген Время” газетіне берілген қысқа сұхбаты көшіріліп басылыпты. Ал, осы сұхбаттың соңында “Ақ жол” партиясының тең төрағалары Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлының Әлихан Бәйменовке арнаған ашық хаты жарияланыпты.

Өз хаттары арқылы олар партияны демократиялық күштердің лидері ретінде сақтап қалу үшін барлық тең төрағалар өз еркімен отставкаға кетіп және партияның басқарушы органдарының мүшелігінен босатылуы және партияның құрылтайы өткенге шейін партия төрағасының міндетін атқарушы етіп Дәулет Хамитұлы Сембаевты сайлау туралы ұсыныс жасапты.

“Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында енді аз уақыттан кейін “Ақ жол” партиясының екіге бөлінетіндігі туралы болжам жасалыныпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, алдағы уақытта билік “Ақ жол” партиясын Әлихан Бәйменовтың ыңғайына салып беру үшін барлық күшті салады.

Газет тілшісінің айтуынша осылайша Қазақстан президенті бір жағынан “Отан” немесе “Аграрлық” секілді партиялардың, екінші жағынан Әлихан Бәйменовтың партиясының көмегіне ие болады. Сол себептен де мақала авторы енді Қазақстандағы “Ақ жол” секілді ірі демократиялық саяси партияға - бірінші президенттің қолындағы оппозициялық партияға айналуына тура келеді деп пайымдайды.

“Жас қазақ үні” газетіне берген сұхбатында “Ақ жол” партиясы орталық кеңесінің мүшесі Бөріхан Нұрмахамедов Әбілов-Жандосов-Сәрсенбаевтарға аз ғана топтың бүйрек бұрып отырғандығын тілге тиек етіпті. Жаңадан жарық көре басатаған “Азамат” газетіндегі Есімхан Мүсілімнің мақаласында “Ақ жол” партиясының демократиялық жолда күресуге дайын емес екендігі туралы қорытынды жасалыныпты.
XS
SM
MD
LG