Accessibility links

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа көбінесе егде адамдар шағымданады


Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдерінің атуынша, онда келіп түскен шағымдарды жазғандардың арасында жас азаматтардың үлесі аз.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметіне қарағанда, өткен жылы адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолданған өтініштер саны өскен. Бір жыл ішінде 1514 жазбаша және ауызша шағым түскен, Қазақстанның және ТМД елдері мен алыс шет елдердің 2171 азаматы уәкілге жүгінген.

Уәкілдің сұрау салуы мен ұсыныстары бойынша мемлекеттік органдар бұрынғыдан жылдамырақ шара қабылдайтын болған. Ал, уәкілдің араласуымен оң шешім тапқан істердің саны екі еседей өскен. Дегенмен, шағымданушылардың көбі ересек адамдар.

- Жастардың шағымдануы өте кем. Жастар өз құқықтарын өте жақсы біледі, бірақ, көбіне өздерінің кәсіби және материалдық мәселелері жағына көбірек мән берсе керек, - дейді аталған ұлттық орталықтың азаматтар шағымдары жөніндегі бөлімінің сарапшысы Талғат Берекетов.

Ал, 22 жастағы Айнұр жастардың өз құқықтарын білуінде кемшіндік бар деп есептейді. Оның пікірінше, әсіресе, студент жастар арасында «Жастар саясаты туралы» заңның барын білмейтіндер бар. Жастардың тағы бір өкілі Қуандықтың пікірінше, жастардың құқықтық сауаттылық жағдайы әркелкі. Заң тетіктерін мемлекеттік тілде насихатталуы кемшін дейді ол. Сондай-ақ Қуандық ауыл жастары заңдарды біле бермейді, өйткені, олардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктен теледидар қарап, газет, жорнал оқуға уақыттары бола бермейді дейді.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуына қарағанда, орта мектептерде құқықтану пәндері өтеді. Ал, өткен жылдан бері бұл пән 9-шы сыныптан бастап оқытылады. Бейсен есімді жас болса соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау саласында үлкен алға ілгерілеу бар, алайда, омбудсмен жұмысының насихатталуында кемшілік бар деген пікірде.

Астана тұрғыны Жарас есімді жас адам құқықтары жөніндегі уәкіл жұмысына өзінің көңілі толмайтынын айтады. Оның пікрінше, омбудсмен жұмысы алыстағы ауылдық елді-мекендерде де кеңінен таралуы керек.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметіне қарағанда саны жағынан ең көбі сот шешімдеріне келіспеушіліктен, құқық қорғау органдарының әрекеті немесе әрекетсіздігінен, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу проблемаларынан, тұрғын үй құқықтарының бұзылуынан және түзеу мекемелерінде ұстау жағдайларына шағымданудан туындаған.

Ал, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов адам құқықтарын бұзған лауазым иелерінің аты-жөндерін атау жөнінде мемлекет басшысы тарапынан ескерту айтылғанын және ендігі жерде солай болатынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG