Accessibility links

Қазақстан енді жыл сайын 3 мыңдай студентті шетелге оқуға жібермек

  • Ғазиз МЕДЕТ

Білім және ғылым министрлігінің ресми деректері бойынша, 1994 жылдан бері мемлекет есебінен тегін оқып қайтқан студенттер саны небәрі 800. Биылдан бастап Қазақстанда тұратын 3 мыңға жуық студент жыл сайын үзбей әлем универститеттерінде үкімет қаржысынан тегін білім алмақшы.

Қазақ ұлттық университетінің аспиранты Зейнұр Иманқұлованың арманы шетелге барып, білімін шыңдау. Қаныш Сатпаев атындағы техникалық университеттің компьютерге қажетті есеп-қисап бағдарламасын әзірлеу бөлімінде оқып, машықтанған Зейнұр қазір білім министрінің Алматыдағы кеңсесінде хатшы қыз.

Оның айтуынша, оқуға жіберетін түрлі арнайы білім мекемелерінің көптігін білгенімен, олардың шарттары жайлы мағлұматынан бейхабар. Оған күнделікті сабақ пен оқудан тыс жұмысы қолбайлау. Ал, шетелде білім алу барысы жайлы құрбы-құрдастарының естіп-түйгені мынау:

- Үкіметтің беретін ақшасы жатақханадан артылмайтын көрінеді. Оқуға барған таныстарым сабақтан тыс мезгілде жалданып мейрамханаларда бармен болып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал, алаңсыз сабағын оқитындар көбіне-көп тұрмысы тәуір үйдің ұл-қыздары.

Бертінге шейін, шетелдің білім мекемелеріне оқуға бару қиямет-қайым еді. Мәртебесі зор Батыс Европа мен Америка мемлекеттерінде кәсіби білікті маман даярлау Қазақстан үкіметінің қойған басты талабы болды. Қазір шетелдік ұйымдармен бірігіп құрылған, бірлескен жоғарғы оқу орындары ашылып жатыр.

Мұнай мен газ саласының мамандарын әзірлеуге көп мән беретін университетте істейтін Лейла Ықсан ағылшын тілін жетік меңгерген маман. Ол Ұлыбританияда өткізген студенттік шағын қазір ықыласпен еске алады:

- Шетелде білім алудың пайдасы көп. Бірақ, ол жақққа барып, өмір сүру қиынға соқты. Лондон өте қымба қала. Ол елге барған құрбы-құрдастарымның ішінде байы да, кедейі де болды.

Жастардың көп бөлігі ағылшын тілін меңгеріп, Европа мен АҚШ-та білім алса, шығыс тілдеріне икемі барлары Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінде де біліктілігін жетілдіру мүмкіндігін алып отыр.

Солардың бірі, Ерқанат Түменбаев жапон тілін үйреніп, Жапонияның Тоттори префектурасында (өлкесінде) дәріс алған. Құжаттарын елшілік арқылы толтырған ол сабақ оқып, қосымша жұмыс істеу мүмкінідігін беретін бағдарлама бойынша 3 жыл оқып қайттым дейді.

- Жапон үкіметі ұсынған «Jet» бағдарламасы арқылы оқыдым. Бұл бағдарлама сол елдің білім және сыртқы істер министрлігі бірлесіп ашқан оқу жүйесі. Шетел студенті болғандықтан, маған біраз жеңілдіктер жасалды. Мәртебеме орай, күнделікті оқуыма және жұмысыма бақылау жүргізетін арнайы өкіл бекітілді. Қазір сол сапарымының көмегі тиіп жатыр.

Алматыдағы қазақ мектептерінің бірінде 9 сыныпта оқитын Тоғжан Зейнел сырт елде тегін оқудың мектептік бағдарламалары да жетілсе деп тілейді. Әйтпесе, оқу демалысы кезінде шетелге барып оқитындардың көбі дәулетті үйдің балалары деп нәумез.

- Ай-Си-Эс компаниясы оқу демалыстары кезінде шетел отбасыларында тұрып, оқитын әдістемелік бағдарлама ұсынады. Жол қаражаты сияқты шығынды өзің көтеруге тиіссің. Қарапайым үйдің баласы үшін бұл қиял ғой...

Қазір Қазақстанда небір халықаралық білім беру орталықтары шетелде тегін оқыту бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр. Сондайлардың бірі «IREX» деп аталатын халықаралық кеңес ұйымы. Осы мекеменің үйлестірушісі Сәуле Құсаева шетелде оқудың небір шарттарын ұсынатын компаниялар наурыздың 18-19 күндері Алматы қаласындағы «Достық үйінде» бас қосатындықтарын және мәлімет алуға келгісі келетін жастарды да жиынға шақырып отыр.

Қазір білім министрлігі «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға тегін жіберілетін студенттердің тізімін жасақтау шарттарын қарастырып жатыр. Құзырлы министрліктің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, бұдан былай, жоғары білімі бар азаматтармен қоса, мектеп тәмәмдаушы оқушыларда өзге елдің университеттеріне тегін оқуға түсу мүмкіндігіне ие болмақ.

Ол үшін біртұтас ұлттық тесттің қортындысы бойынша сұрақтың 90 пайызына мүдірмей дұрыс жауап бергендері және шетел тіліне қабілеті барлары ғана қабылданады.
XS
SM
MD
LG