Accessibility links

Әлихан Бәйменов «Ақ жол» партиясының төрағасы болып сайланды


Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов енді партияның дара төрағасына айналды. Бәйменов бастаған топтың Астанада өткізген съезі осындай шешім қабылдады.

Сондай-ақ, съезд қорытындысы бойынша, құрылтай делегаттары партияның газеті болып саналатын «Ақ жол – Қазақстан» газетінің бас редакторы етіп, осы газеттің бұрынғы жауапты хатшысы Айдын Қабаны сайлады. Ал «Ақ жол» партиясының басқа тең төрағалары Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов және Ораз Жандосовтар бастаған топ ақпан айының 18-де партия төралқасының мәжілісінде аталған газеттің бас редакторы етіп Жасарал Қуанышәліні бекіткен болатын.

Әлихан Бәйменов бастаған топ газетті шығаруды өз қолдарына алатындарын айтса, екінші топ оған келіспей отыр. Бәйменовтің ұйымдастыруымен Астанада өткен «Ақ жол» партиясы V съезінің қорытындысы бойынша, құрылтай делегаттары Әлихан Бәйменовтің отставкасын қабылдамай, оны бірауыздан «Ақ жол» партиясының төрағасы етіп сайлады. Оның орынбасары болып, тең төрағаның бірі Людмила Жуланова сайланды. Ал съезге қатыспаған тең төрағалар Ораз Жандосов пен Болат Әбіловке төралқаға мүше болып кіруіне мүмкіндік берді. Ал бесінші тең төраға Алтынбек Сәрсенбайұлын партиядан шеттету жөнінде сөз қозғалғанымен, оның мәселесін кейінге қалдырды.

Бірақ Астанада өткен бұл съезді заңсыз деп есептейтін тең төраға Алтынбек Сәрсенбайұлы бұған қатысты өздерінің де жауаптары дайын екенін айтады.

- Алдымен материалдарын алып танысайық, не шешім қабылдады?! Содан кейін біз де баспасөз мәслихатын өткізіп, жұртты хабардар етеміз, – дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

«Ақ жол – Қазақстан» газетінің қазіргі бас редакторы Жасарал Қуанышәлі өзін ақпанның 18-де өткен төралқа отырысында бас редактор етіп бекіткенін алға тартып, Астанада өткен съездің қорытындысын заңсыз деп есептеп отыр.

- Астанада өткен съезд шын мәнінде съезд емес, өйткені оның делегаттары дұрыс сайланған жоқ. Жарғы бұзылды. Заңсыз съездің шешімдері де заңсыз болатыны белгілі. Өзінің отырған орнынан безіп, басқа жаққа кетіп жатқандары қалай болады?! – дейді Жасарал Қуанышәлі.

«Ақ жол – Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұртөре Жүсіп газеттің қазіргі жағдайы жөнінде Азаттық радиосына төмендегідей пікір білдірді:

- Газет құрылтайшысы «Ақ жол» партиясы болып табылады. Партияның ең жоғарғы органы съезд болып табылады. Съездің шешімі түпкілікті шешім болып есептеледі.

Нұртөре Жүсіп өзінің бұл газеттен не себептен кеткені жөнінде Азаттық радиосына былайша түсініктеме берді:

- Газетті басқарып отырған бас редактор ретінде біз бейтарап позиция ұстанайық деген мақсатпенен бүкіл «Ақ жол – Қазақстан» газетінің ұжымы бір күнде отставкаға кетті. Бұл – Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары тарихында бірінші рет болып отырған оқиға. Газет ортада біреу. Ол айтысушы, таласушы, тартысушы екі тарапқа төреші болып отыра алмайды.

«Ақ жол» саяси партиясының ішкі жағдайына жастар қанаты нақты ұстанымдарын білдірген жоқ. Олар Азаттық радиосына әзірге сұхбат беруден бас тартып отыр. Дегенмен "Отаншы жастар ұйымының" мүшесі Жанбота Қарашолақовтың пікірінше, «Ақ жол» партиясының жастар қанаты демократиялық күштер жағында болады.

- «Ақ жол» партиясының жастары, партия ішіндегі айтыс-тартысқа қатысты қоғамдық пікірге әлі нақты пікірлерін білдірген жоқ. Бірақ мен олар демократиялық күштерді қолдайды деп ойлаймын, – дейді Жанбота Қарашолақов.

Ал болашақ саясаттанушы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 5-курс студенті Аралбек Жұбатқанұлы «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының екіге бөлінуі халықтың сеніміне селкеу түсірген іс болды деп баға береді.

- Мен «Ақ жол» партиясының құрамына кірген мүшелерімен сөйлесіп жүрмін. Олар бұл партияға мүшелікке кіргенде, ұлттық буржуазиялық партия деп кірген болатын. Негізінде бұл партия бөлінбей сақталғанда, Қазақстанның дамуына үлкен пайдасын тигізетін партия болатын еді. Өйткені бұл партияны қазақтан шыққан бизнесмендер, зиялық қауым өкілдері қолдап отыр, – дейді Аралбек Жұбатқанұлы.

2002 жылдың басында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов және Болат Әбіловтер «Ақ жол» саяси партиясын құратындықтарын мәлімдеген еді. Бүгінде бұл партияның құрамында 180 мыңға жуық мүше бар.
XS
SM
MD
LG