Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15 наурыз 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан “Ақ жол” басшыларының арасындағы теке-тірестің ақыры партияның екіге бөлінуіне әкеп соқтырғанын хабарлапты.

Жаңа форматпен жарық көре бастаған, “Ақ жол Қазақстан” басылымының жаңадан тағайындалған бас редакторы Жасарал Қуанышәлиннің мақаласында саяси алаңда орын алып жатқан соңғы оқиғалардың бәрі де алдағы президент сайлауының алдындағы іс-әрекет ретінде бағаланыпты.

Мақала авторының айтуынша, билік әуелі Компартияны, одан соң Қазақстанның демократиялық таңдауын оп-оңай ысырып тастаған. Ал, кезек ең соңғы және ең мықты кедергі “Ақ жол” партиясына жеткен кезде билік оларды ыдыратуыдың басқаша жолдарын іздестіре бастаған. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, жоспар бойынша “Ақ жолды” залалсыздандыру операциясы 29 ақпан күні Алматыда өткен төртінші сьездің қорытынды отырысында жүзеге асуға тиіс болған.

Драматург Болат Атабаев болса “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының да Әлихан Бәйменовтың кесіренен екіге бөлінгендігін айта келіп, оның “Ақ жолдың” арасына жік түсіруге себепші болғандығын атап өтіпті.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Шадияр Естемірұлының мақаласында “Ақ жол” биліктің түртпегімен және билікпен ымы-жымы бір жалған демократтардың арқасында екіге жарылып, оның шағын бір бөлігі Астанадан пана тапты деген қорытынды жасалыныпты. Мақалада жексенбі күні Әлихан Бәйменов бастаған топтың құрылтай өткізгендігі айтылыпты.

Газет тілшісінің хабарлауынша, жиынға қатысушылар партия жарғысына өзгеріс енгізіп, төралқаны, Орталық кеңесті түгелдей өзгертіп Дәулет Сембаев, Жаннат Ертілісованы басқарушы органдардан шығарып тастаған. Сондай-ақ мақалада сенбі күні Алматы қаласында Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлының жақтастары партияның жалпы республикалық конференциясын өткізетін кезде, оларға билік тарапынан күшті кедергілердің жасалғандығы, ал Бәйменов бастаған топтың құрылтайының Астананың қақ ортасында үлкен ғимаратта өткізілгендігі де тілге тиек етіліпті.

Осыған орай “Жас Алаш” басылымында “Ақ жол” партиясының Демократиялық мәселелер жөніндегі ұлттық комиссия жұмысына қатысудан бас тартқанымен, Бәйменовтың жақтастарының Ақтөбедегі ұлттық комиссия отырысына қатысып, Президенттің бағытын қолдау туралы үндеуге қол қойғаны баяндалып, бұл әрекеттердің бәрі де Бәйменовтің билікпен ымыраға келіп, оның биліктің жағына өткендігін анық көрсетеді деген тұжырым жасалыныпты.

“Айқын” басылымы болса Астанада “Ақ жол” партиясының кезекті сьезінің үш тең төрағасыз өткендігін хабарлапты. Мақала авторының болжамына сүйенсек, үш аптадан бері “бір-бірімен” жұмыста тілдесе алмаған теңтөрағалардың бір-бірімен хат жазысып, тығырықтан шығудың жолын іздестірген қадамынан әзірше ештеңе шықпай отыр.

Мақалада сондай –ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбілов пен президиумның бірқатар мүшелерінің бұл форумды мойындамай, оған қатыспағандығы да баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Астанада өткен сьезден кейін Әлихан Бәйменов партияның тең төрағасы болып сайланған.

Сьезд өз қаулысы бойынша “Әділ Қазақстан үшін” қозғалысын қолдаған. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысы мен Алматы және Семей қалаларының өкілдігі мен партия филиалдарының төрағаларының қызметін тоқтату туралы, сонымен қатар Орталық кеңес пен партияның Орталық кеңесінің президиумының құрамын қайтадан жаңалау жайлы шешім қабылдаған.

Президенттік сайлауға ортақ кандидат ұсыну туралы Әлихан Бәйменов “біз басқа кандидатты қолдауымыз мүмкін немесе біздің үміткерді басқа партиялар қолдауы ықтимал” дегенді айтқан. Мақалада сондай-ақ “Ақ жол” партиясының басқа бір тобының, яғни Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлының республика аумағындағы мүшелеріне арнау жолдағандығы да хабарланыпты.

Олардың айтуынша, Бәйменов жағының 2005 жылдың 13 наурызында өткізген сьезді барысында бірқатар заңбұзушылықтар орын алған. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан делегаттарды тағайындау туралы бірде-бір кеңес мәжілісі немесе конференция өтпеген.

6 наурызда өткен партияның Маңғыстау облыстық конференциясы басым дауыспен сьезге делегаттар жібермеу туралы шешім қабылдаған. Жамбылдағы ұйым кеңесі конференция өткізбеу туралы ұйғарым жасаған. Партияның Батыс Қазақстан облысындағы филиалы партия ішінде саяси тартыс аяқталғанша конференция өткізбеу туралы шешім шығарған.

“Мегаполис” апталығында жарық көрген Сырым Ержановтың талдау мақаласында “Ақ жол” партиясының Парламент сайлауында жеңіліске ұшырауы олардың арасындағы түрлі теке-тірестің орын алуына себепші болды деген қорытынды жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, “Ақ жол” партиясы басшыларының арасындағылардың ішінде эволюциялық және революциялық жолды таңдап алушылардың болуы, олардың арасындағы теке-тірестің ұшығуына әкеліп соқтырған.
XS
SM
MD
LG